Бикелді Бауыржанұлы: Әдеби кітаптар мен қазақтың салт-дәстүрлері туралы кітаптар жиі оқимыз

Біз жанұямызда төрт бауырмыз. Үлкені әпкем және біз, үшембіз. Әкемнің аты-жөні — Бауыржан Рахмедияұлы Қасымов. Ол — Қазақ қатынас жолдары университетінің проректоры қызметін атқарады. Анам — Райхан Шаяхметқызы Бөлекбаева. Әпкем Нұршат жақында тұрмыс құрған. Үшемнің үлкені Нұрай, одан кейін мен, сосын Рамазан. Үшеумізде Алматы қаласының №176 мектеп гимназиясының 6 «а» сыныбының оқушыларымыз. Яғни, бәріміз бірге оқимыз.

Үшемдер
©Жеке мұрағатынан

Әкем біздің асқар тауымыз. Отбасымызда әкеміздің орны бөлек. Әкем шаңырағымыздың ұйытқысы, әрдайым ақыл-кеңесін айтып, жақсылыққа баулып отырады. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш емес пе?! Біз әкеміздің ақылымен жүріп, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешуге әрдайым талпынамыз. Әкем үнемі: «өзіңе жақсылық ойласаң, өзгеге де жақсылық тіле», — деп үнемі айтады. Сонымен қатар: «М.Ж.Көпейұлы атамыздың айтып кеткен бес түрлі қасиеттін: иман, ақыл, сабыр, тәубе, көркем мінезді бойыңа сіңір», — деп айтып отырады. Одан бөлек Абай Құнанбаев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұқағали Мақатаев атамыздың кітаптарын және қазақтың ертегілерін оқытады.

Үшемдер
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Әкем киелі әрі қасиетті орындарға жиі апарып тұрады. Жазда Түркістан қаласына, Арыстан баб пен Мәшһүр бабамыздың кесенесі мен Бектау-Атаның басына бардық. Ол жерлердің тарихи маңызы туралы әкем айтып берді.

Әкем өте жұмсақ мінезді адам. Бізге ешқашан қаталдық танытпайды. Мінезіне жеке тоқталатын болсам: көпшіл, адал, мейірімді, қамқор, кез келген адамға қол ұшын созуға дайын тұрады. Әкем әрдайым қызығушылық танытқан істерімізге қолдау көрсетеді, үйретеді. Демалыс күндері қыс мезгілінде тауға, демалыс орындарына апарып, шаңғы тепкізеді. Ал жазды күні ауылға апарып, атқа мінгізеді. Жалпы, әкем мен анам бос уақытымызды тиімді өткізуге баулиды. Футболға, бассейнге, қосымша сабақтарға барамыз. Интернетті жиі пайдаланбаймыз. Оның орнына шешендік сөздер, әдеби кітаптар мен қазақтың салт-дәстүрлері туралы кітаптар жиі оқимыз.

Үшемдер
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Сонымен қатар, әкем бізге әркез сыйлық жасап тұрады. Мысалы, велосипед, ұялы телефон секілді сыйлықтар. Ал біз өз кезегімізде әкеміздің қолғанатымыз. Даланың жұмысын істеп көмектесеміз. Әкем: «Ер бала даланың жұмысына епті болу керек», — дейді. Болашақта әкем секілді білімді, парасатты маман иесі болғым келеді. Мен әкемді жақсы көремін. Болашақта әкеміздің үмітін ақтаймыз деп сенемін.

Рамазан Бауыржанұлы: Бала үшін әкенің орны бөлек

Бала үшін әкенің орны бөлек. Біз әкемізді қатты жақсы көреміз. Әкем мен үшін ғажап, керемет жан. Әкем бізге: «қайырлы білім мен адал еңбек ету керек», — деп айтады. Шежіре кітаптар мен шешендік сөздерді жиі оқып береді.

Үшемдер
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Біз бос уақытымыда боксқа, шахматқа, каратэ мен футболға барамыз. Әкем бізге туған-туысқа, достарға, қиын сәтте жақын адамдарыңа көмектесу керектігін айтады. «Бауырмал, көпшіл, адал, мейірімді болыңдар», — дейді.

Әкем мейірімді, ақ көңіл, салмақты жан. Әкемнің бойынан табылатын кез келген ізгі қасиеттерді бойыма сіңіруге тырысамын.

Әкем бізбен бірге уақытын қызықты өткізуге тырысады. Атқа мінгізіп үйретті. Қасиетті Құран кітапты жаттатқызды. Киелі орындарды аралатты. Айта берсем, біз үшін көп нәрсе үйретіп, көрсетті.

Үшемдер
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Әкем араласатын достарына, шәкірттері мен үлкен ағаларымыздың үйіне жиі апарып тұрады. Мысалы, Қанат Ислам, Ардақ Назаров, Рамазан Стамғазиев ағаларымыздың үйіне апарып, ақыл-кеңестерін тыңдатады. Сол ағаларымыздан «үлгі алыңдар» дейді. Болашақта кәсіпкер және боксшы болғым келеді. Әкем мен анамның дені сау болып, арамызда күліп-ойнап жүре берсе екен деймін.

Нұрай Бауыржанқызы: Киелі орындарға жиі апарады

Бұл өмірде адам баласының бүкіл болмысын ғажайып нұрға бөлейтін, жүрек төрінен мәңгі кетпейтін екі асыл жан бар. Оның бірі — аяулы ана болса, екіншісі ардақты әке. Әкеміздің жүрегі – біздің жүрегіміз. Бізді қанатымыз қатайғанша, бұғанамыз бекігенше алақандарына салып аялап, мәпелеген бұл екі жанның алдындағы перзенттік борышымызды ешқашан өтей алмайтынымыз рас.

Үшемдер
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Мен әкемді өте қатты жақсы көремін, құрметтеймін. Әкем бізге Құран Кәрімді жаттатқызады. Бикелді жоғарыда айтып кеткендей «М.Ж.Көпейұлы атамыздың айтып кеткен бес түрлі қасиеттін бойыңа сіңір» деп айтады. Әкем бос уақытын бізбен өткізеді. Ақыл-кеңестерін үнемі айтып, тағылымы мол кітаптарды жиі оқып береді. Демалыс күндері Медеуге апарып, таза ауада серуендеп, спортпен айналысуға баулиды. Киелі орындарға жиі апарады.

Әкем, бізді, яғни үшеумізді 1-сыныптан бері мектепке өзі апарып, өзі алып келеді.

Әкем көпшіл адам. Үнемі айналасындағыларға көмек қолын созып, мейірімін, шуағын төгіп жүреді. Қарапайымдылықты, бір аспан астында өмір сүріп жатқан соң, барлық адам бірдей болу керектігін үйретеді. Әкемнің достары өте көп. Олар біздің кез келген қуанышымызға ортақтасып келіп тұрады. Әкем сабырлы кісі. Кез келген жағдайға сабырмен қарайды.

Үшемдер
Фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Мен Мұқағали Мақатаев, Бауыржан Момышұлының кітаптарын оқығанды жақсы көремін. Жетіген ұлттық аспабында ойнап жүргеніме біраз жыл болды. Сосын қосымша каратэге барамын. Болашақта күйші, әнші болғым келеді.

Бауыржан Рахмедияұлы Қасымов: Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді

Үшемдер
©Жеке мұрағатынан

Балаларым туралы айтатын болсам Алланың берген төрт перзенті бар. Нұршат менің тұла бойым тұңғышым. 2016 жылы тұрмысқа шықты. Ерлік есімді күйеу балам мен Ернұр атты жиенім бар. Содан араға 10 жыл салып, Алла сәтін салып, өмірге үшем келді. Кішкентайлар туылғанда Нұршатым 6-сыныпта оқитын. Бала деген Алланың сыйы ғой. 2006 жылы үшем дүниеге келгеннен 4 жасқа дейін екі жақтан туған-туыстар болып бағып-қағып өсірдік.

Әкенің баласының алдында үш міндеті бар: туғанда жақсы ат қою, дінге тәрбиелеу, үйлендіру. Сондықтан балаларымның есімін ойланып барып қойдым.

Балапандарымның атын қоймас бұрын түсімде үлкен атамыз: «Ауылға, қаз дауысты Қазбек секілді би келді, Бикелді қоямыз», — деп аян берді. Осылайша, түсімдегі аян бойынша бір ұлымызға Бигелді, қызымызға Райхан үлкен қызымыз Нұршаттың нұрынан болсын деп Нұрай, ал екінші ұлымызға досым Рамазан Стамғазиевтің құрметіне, бір жағынан Рамазан айында дүниеге келген соң Рамазан деп қойдық.

Үшемнің мінезі үш түрлі. Қыз бала ширақ келеді ғой. Нұрай бірінші жүрді, бірінші сөйледі. Сабақта да пысық. Бикелді салмақты. Көп нәрсеге байыппен қарайды. Кейде осы балам өзім секілді математик бола ма деп те ойлаймын. Өйткені математикаға алғыр, есепті де жақсы шығарады. Рамазан ұшқыр, тез қимылдайды және өнерге жақын. Жалпы, балаларымды мейірімді болуға тәрбиеледім. Әрдайым көңілді, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысамын. Жаман пікір, психикаларына кері әсер ететін жағымсыз дүниелерден бойларын аулақ ұстаймын.

Анам кітапты өте көп оқыған кісі. Нұраш деген мұғалімім: «Аналарың кітапханадағы ең жақсы кітаптарды іздеп жүріп оқитын», — деп айтатын. Шындығында бізді ата-анамыз кітапқа баулып өсірді. Әкем шежірені жақсы білуші еді. Анам барлығымызды жинап алып кітап оқып беретін. Бала күнімнен әкем айтқан шежіре-дастандармен сусындап өстім. Содан болар менің де кітапқа деген қызығушылығым артып, шешендік сөздерді жаттап алатынмын. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыздың кітаптарын, қаз дауысты Қазбектің шешендік сөздерін оқып өстім. Сондықтан балаларыма қажет деп тапқан кітаптарды міндетті түрде оқытамын. Өзім ұстаз болғандықтан, бала тәрбиесіне жіті қараймын.

Үшемдер
©Жеке мұрағатынан

Шын мәнінде, бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сол себепті балаларымның араласатын ортасына дейін мән беремін. Айтар ақылы бар, көпті көрген кісілер мен ақын-жазушылар, жетістікке жеткен жандармен балаларымды жиі жолықтырып отырамын. Мұндағы мақсатым солардан үлгі алса деймін.

Ұлдарыма «ағаш кесу, қар тазалау, дала жұмысы сендердікі. Қыз балаға қатты сөйлемеңдер, дауыс көтермеңдер. Қыз үйдің берекесі» деп айтып отырамын.

Әлеуметтік желілерге кіргендерін, интернетті қалай пайдаланатынын қадағалап отырамын. Егер сабаққа қажет болса, интернетті пайдалануға 1 сағаттай уақыт беремін. Ал басқа кезде қолдануға тиым саламын. Балаларымды үнемі сабаққа апарып, алып келіп отырамын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Таңертең тұрып, балаларымды жақсы көңіл-күймен мектептеріне апару — парызым деп білемін. Әке балаларының тәрбиесімен ұлы адам.

Баланы қалай тәрбиелеу керек?

  • Тәрбие сатылы деңгейде жүргізілгені дұрыс. Әр биікке өз уақытында, біртіндеп көтеріліп отыру керек.
  • Бала – біздің айнамыз. Олар ең алдымен ата-анасынан үлгі алатынын және көп жағдайда біз өмірде қандай қадамдар жасасақ, олар да сондай қадамға баратыны ескеру қажет.
  • Баламен жиі әңгімелесу керек.
  • Балаңыз үшін керек уақытта қажетті ақыл қосатын, оның қадамдарын айыптамайтын ең жақын досына айналғанымыз дұрыс.
  • Бос уақытыңызда үнемі балаңызбен өткізуге тырысыңыз. Ондай сәттер баланың өзіндік орнын сезініп өсуге мүмкіндік береді.
  • Бір мезетте қатал да мейірімді де бола білген жөн. Егер балаңызға деген ыстық ықыласыңызды үнемі білдіре отырып, тек керек уақытында ғана ұрсатын болсаңыз, онда бұл сіздің тәрбиеңіз барысында міндетті түрде жемісін береді деп ойлаймын.

Мен балаларымды өмірімнен артық жақсы көремін. Балаларымның білімді болғанын қалаймын. Өз басым мансапты емес, отбасымды бірінші орынға қоямын. «Өрге, өрмелеп келіп жыланда шығады, қалықтап келіп қыран да шығады». Мен өрге жанталасып шыққым келмейді. Қалықтап кеп қонғым келеді. Отбасымның да осылай жеткенін қалаймын. Ол үшін Алла денсаулық берсін деймін.

«Армансыз адам, қанатсыз құспен тең» деп Абай атамыз Жанқұтты деген шешен бабамыздан барып бата алыпты. Сонда Жанқұтты Абайдан сұрайды: «Дүние неге сүйенеді?» деп. Абай «Дүние үмітке сүйенеді»  дейді. «Үмітсіз шайтан» дегенде бар. Дүние араман мен үмітке сүйенеді. Осы екеуінің біреуі жоқ болса мәні жоғалады емес пе?!  Мен де балаларымның болашақта еліне адал қызмет ететін азамат болып өсетіндеріне сенемін. М.Ж.Көпейұлы атамыздың айтып кеткен иман, ақыл, сабыр, тәубе, көркем мінез секілді бес  түрлі қасиеті балаларыма дарып, бойынан тапсам арманым болмас еді…

Райхан Шаяхметқызы: Балалар әкесінің қас-қабағынан-ақ айтқызбай түсінеді

Үшемдер
©Жеке мұрағатынан

Отбасымыз «өзім жақсы болам десең, өзгеге жақсылық тіле. Ең алдымен елге берсін, бізді де ұмытпасын» деген қағидамен өмір сүреді. Баукең балаларына қамқор әке. Ол кісі отбасын бірінші орынға қояды. Тек балаларымды жетілдірсем, аяқтандырсам деп еңбек етеді. Балаларын халқына пайдасын тигізетін, үлесін қосатын азамат болса екен деп армандайды. Бауыржан өте ақкөңіл. Қолынын келген көмегін аямайды. Туған-туыстарына, достарына, тіпті студенттері оқуының ақшасын төлей алмай жатса да қаржылай көмектеседі. Жасаған жақсылықтарын адамдардан естіп жатамын. Тез ашуланғанмен, тез қайтады. Бірақ оны ер азаматқа тән деп есептеймін. Балаларыммен бірге бәріміз Баукеңнің мінезіне қарап отырамыз. Балалар әкесінің қас-қабағынан-ақ айтқызбай түсінеді. Балаларым әкесінің рұқсатынсыз ешқандай іске бармайды. Әдеби кітаптарды көп оқиды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамызды үлгі тұтады. Жақында сол кісінің басына барып, ұрпақтарымен  танысып, ерекше сезімде күш-қуат жинап қайттық. Балаларымызға жиі сабырлық, төзімділік, имандылық жайында айтып отырады.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.