Өкінішке орай, жас адамның ағзасында пайда болған обыр егде жастағы адамның бойындағы дертке қарағанда жылдам дамиды дейді мамандар. Ол жас ағзаның әліде өсіп жатқандығымен байланысты көрінеді.
Осы орайда, Алматы онкология орталығы Алматы қаласы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірге Халықаралық Обыр дертіне қарсы күнінің қарсаңында Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының тәлімгерлерімен кездесулер ұйымдастырды. Басты мақсат жастарға қатерлі дерттің алдын алып, оған шалдықпаудың жолдарын үйрету.
23-ші қалалық емхананың ғимаратында өткен жиынға еліміздегі бірнеше жоғарғы оқу орындарының 100 ден астам студенттері және сол емхананың жас мамандары қатысты. Жиында жастардың алдына шығып Алматы онкология орталығының жоғары дәрежелі онколог маманы Жандосов Олжас Қайыртайұлы сөз сөйледі. Ол өз сөзін осы жерде шылым шегетін жан бар ма, ал майлы тамақты кім жақсы көреді, ал кім спортпен шұғылданбайды, сыраны көп ішесіздер ме деген сұрақтардан бастады.
Маманның айтуынша, осы жаман әдеттер адамның өмірін бірнеше жылдарға қысқартады. Сондай-ақ, сыраны көп ішетін адамдар тоқ ішектің обырына бейім келсе, шылым шегетін жандар өкпенің обырына шалдығатындықтарын есте сақтағаны жөн дейді дәрігер. Ал сырадан да қатты ащы сусындарға әуес жандарда мидың қатерлі ісігіне шалдығу қаупі жоғары.
Осы ретте, маман зиянды сусын және тағамдарды мөлшермен қолдану керектігін айта келе, егер адамдар күніне 9 сағат ұйықтап, тым болмағанда жарты сағат спортпен айналысса зиянды әдеттерден кеміген өмір жылдары қайта қалпына келетіндігін айтты.
Мәселен, ащы судан ішіп, ауыр тағамдарды жеген адам өмірін 7 жылға қысқартады екен, ал егер дәл сол адам күніне 9 сағат ұйқысын қандырып ұйықтаса өмірі қайтадан 7 жылға ұзарады, ал күніне тым болмағанда жарты сағат жаяу жүріп немесе спортпен шұғылданса өмірі тағы 5жасқа ұзарады деген Олжас Қайыртайұлы мұнымен қатар, адамның ішкі көңіл-күйі де денсаулыққа тікелей әсер ететіндігін жеткізді. Егер адам іштей бақытқа кенліп жүрсе ешбір дерт сол адамды жеңе алмайды және ол өз өміріне тағы 10 жыл қосады – деген онколог дәрігер осылайша жақсы денсаулықтың формуласын айтып берді.
КИМЭП студенттерімен өткен кездесуде жиынды Алматы онкология орталығы маммология бөлімінің меңгерушісі Құланбаев Еділ Меңдуллаұлы ашты. Маман Алматы қаласы бойынша, сүт безінің қатерлі ісігі 2-ші орында тұрғанын тілге тиек етіп, барлық мәселе әйелдердің дер кезінде дәрігерге қаралмайтындығынан туындайтындығын түсіндірді. Оның сөзіне сүйенсек, сүт безінің қатерлі ісігі жастарда жүктілікті болдырмайтын дәріні ұзақ уақыт қолданудан да туындайтын көрінеді. Әрине дерт генетикалық жолмен де келеді, отбасында апасы, анасы немесе әжесі сүт безінің обырына шалдыққан болса сол қыз міндетті түрде дәрігерге жүйелі түрде бақылану керек дейді – Еділ Меңдуллаұлы.
Дәрігер жиынға қатысқан қыздарға үй жағдайында өз – өздерін тексеру жолдарын да үйретті. Маман қазіргі таңда сүт безінің қатерлі ісігін ерте сатысында анықтауда Маммограф таптырмас құрал екендігін айтып өтті.
«Маммографтық тексерістен өту үшін әйелдің жасы 40 -тан асқан болуы керек, ал мұндай тексерістен өту үшін арнайы дайындалу керек емес, тек алдын-ала дәрігерге жазылу керек, ал тексерістің өзі бар-жоғы 20 минут алады», – деді маман.
Алматы қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірге ұйымдастырылған кездесудің соңында студенттер арасында сыйлықтар ойнатылып, 3 адамға түрлі сый-сыпаттар табысталды. 1-ші орынға мұзда сырғанайтын аяқ киім, 2-ші орынға гантельдер, 3-ші орынға заманауи адамның жүрген қадамын санап беретін құрылғы тарту етілді.
Кездесу өте қызықты өтті, студенттердің дәрігер мамандарға қоятын сұрақтары көп болып шықты және олар өз сұрақтарына жауап алды. Алдағы мұндай кездесулерді жиі ұйымдастыру жоспарланып отыр. Себебі, кім дер кезінде ақпараттандрылса сол адам өз денсаулығын сақтандыра да алады.