12 жыл жүргізген жаңалықтардан кеттім

Шыны керек, өмірде кәсіппен айналысамын, кәсіпкерлердердің санатынан боламын деген ой мүлдем болмады. «Адамның айтқаны емес, Алланың айтқаны болады» деп жатады ғой. Тағдырдың жазуы солай болды. Телеарнада 12 жыл қызмет еткен кезде маған бәрібір де бір нәрсе жетпей тұратын сияқты көрінетін. Бұған не себеп деп өз-өзіме сұрақ қоятынмын. Бұл сұрағымның жауабын кейін түсіндім. «Мақсаты жоқ адам, мақсаты бар адамға қызмет етеді. Сенің мақсатың болса, өз-өзіңе қызмет етесің» деген бір ғана сөйлемді оқып өзімнің жолымды тапқанымды түсіндім. Бәрі аяқ астынан болды. Жаңалықтарды көп жылдан бері қазақи нақыштағы киімдермен жүргізіп жүрдім. Жалпы жүргізушілердің арасында мен ғана осындай үлгіде киіндім десем де болады. Мысалы, менің аты-жөнімді білмесе де, қазақи нақышта киінетін жүргізуші ретінде танитын.

Жанат Бақыт
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Қазақстан бойынша көптеген дизайнерлер маған киімдерін ұсына бастады. Мен оны эфирге бір рет ғана киіп, қоя беретінмін. Содан көптеген қыз-келіншектер, сіңлілерім «сіз қазақи нақыштағы киімдеріңізді қайдан аласыз» деп сұрап, қызығушылық таныта бастады. Енді дизайнерлер қаланың түкпір-түкпірінде орналасқасын, олардың заттарын сату қиын болды. Сосын маған «неге дүкен ашпасқа» деген ой келді. Адамның бойындағы бизнесменге деген қабілеттің бірі -3 секунд ойлану. Өзім бала күнімнен тез ойланып, тез шешім қабылдаймын. Осылай дүкен ашайын деген ой келді. Бірден үйден шықтым, үйдің қасындағы сауда орталығына барып, арендаға орын алдым. Сол уақытта қалтамда тек 100 мың теңге ғана болатын. Жарты ақшасын арендаға төлеп, жарты ақшасын базарға барып, дүкеннің ішіне керек заттарды алып, жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттім. Дүкен қаланың сыртында орналасқандықтан, қалай болады екен деп те ойландым. Содан түске дейін жаңалық жүргізіп, түстен кейін дүкенге барып отырдым. Дүкен қаланың шетінде орналасқанымен, адамдар көптеп келе бастады, сұраныс та жоғары болды. Кәсібім 1 айдың ішінде айналымға кірді. Ел дүкенің жақсы, бірақ қаланың шеті болмаса дегеннен кейін, қаланың орталығынан дүкен алып, ойланбастан 1 айдың ішінде көшіп кеттім. Дәл сол кезде мен үлкен таңдау жасап, 12 жыл жүргізген жаңалықтардан кеттім. Кейін мемлекеттік қызметке тұрдым. Бір түсінгенім жаңадан басталған кәсіптің басы-қасында иесі жүрмесе, шашылып кетеді. Прокуратурадағы жұмысым бизнесіме кедергі келтіргендіктен, ұзақ ойланбастан бірден арызымды жазып, кетіп қалдым. Осылайша, бизнестегі өмірім басталып кетті.

Жанат Бақыт
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Кәсіпкерлік тілін, ебін тапқан адамға қонады

Иә барлығымыз кәсібін дөңгелетіп алып кеткен адамдарға қызығып қараймыз. Бізде ақша табу керек еді, бизнес бастау керек еді деп ойлаймыз, бірақ ұмтылмаймыз. 100 адамның тек біреуі ғана ұмтылады, қалған 99-ы тек сөзбен айтып қана қояды. Кәсіптің ебін табу бір бөлек те оны ары қарай дөңгелетіп алып кетіп, еңбектену ол бір бөлек. Бизнеспен айналысқан адам уақыттың қадірін түсінеді. Егер мен ер адам болғанымда бұдан да биік шыңдарды бағындыратын едім. Қазір мен анамын, сондықтан ең бірінші орынға отбасын қоямын. Менде таңғы 6:00-7:00-ден түскі 14:00-ге дейін бизнесті алып жүруге уақыт бар. Осы уақытта мен барлығына үлгеруге тырысамын. Кәсіпке бет бұрғалы, күнделікті кесте құратын болдым. Уақыттың қымбат екенін, өткен күндерімнің қайтып келмейтінін түсіндім. Ең бастысы еңбек ету және еңбек ету.

Жанат Бақыт
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Кәсіптің негізгі фундаментін 100 мың теңгемен бастадым. Бизнесті дөңгелетіп алып кету үшін ақша қажет емес, ең бастысы ниет. Менің басындағы мақсатым: қазақи нақыштағы киімдерімізбен шет мемлекеттерді таңғалдыру болатын. Шіркін кетіп бара жатқан 3 келіншектің біреуі қазақша үлгідегі киімді киіп бара жатса, бұл менің арманымның, мақсатымның орындалғаны деп ойлайтынмын. Басында күреп ақша тапсам деген ой болған жоқ. Мен өзімнің көздеген мақсатыма бір жарым жылда жеттім. Дүкеніміздің құрылғанына 2 жылдай болып қалды. Тапсырыс берушілердің саны көп, кейде тіпті үлгермей жатамыз. Бұл өте қуантарлық жайт.

Кәсіпте әмбебап маман болуға тырысамын

Кәсіп ашу барысында қатты қиын болды деп айта алмаймын. Егер ұзақ ойланып, кәсіп ашу үшін қандай идея керек деп мың ойланып-толғанып жүрсем мүмкін қиындық туындар ма еді?! Мамандығым экономист, кассир болмасада өзім сатушы, өзім кассир жұмыстарын атқара беретінмін. Киімдерді өзім әкеліп, өзім таситынмын. Қазір енді қарамағымда бірнеше адам жұмыс жасайды. Мен қазір сатының бар-жоғы 2 баспалдағын аттадым десем де болады. Әлі биікке шығу үшін көп еңбек ету керек, тынбау керек, шаршамау керек. Қандай қиындықтар кездесті десеңіз басында адамды ажырата алмайтын адамға өте қиын болды. Көп сын естідім, бірақ сынбауға тырыстым. Өйткені көйлек тігеміз деген қаншама фирма алдап кетті. Бір дана көйлекті тіккенде әдемілеп тігеді де, кейін үлкен партиямен шығарған сәтте сапасы сын көтермейді. Шыны керек, бір жуғанда бояуы кетіп қалатындай немесе сын көтермейтін сапада тігіп ақшамды талай қаққан адамдар болды. Бизнесте адам олай өсе алмайтынына көзім жетті. Адамды бір рет алдайсың, екінші рет ол адам сенімен жұмыс жасамайтын болады. Кәсіптегі ең бірінші ұстанымның бірі — адалдық, әділдік, шындық, тазалық.

Жанат Бақыт
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Қиындық кездескен кезде сары уайымға салынатын адам емеспін. Кез келген сұрақтың жауабы да, шешімі де болады. Егер істе бір шикілік кетсе, кінәні тек өзімнен іздейтін болдым. Бұрынғы Жанатпен қазіргі Жанаттың айырмашылығы осы. Бұрын мен кінәні айналамнан іздейтінмін. Айналамыздағы болып жатқан барлық нәрселерге тікелей өзіміздің қатысымыз бар. Көңілім жабырқаған кезде кітап оқып, рухани азық аламын.

Киім дизайні бойынша арнайы мамандар жұмыс істейді

Басында мен телеарнада жүрген кезімде бірнеше дизайнерлер маған киімін ұсынды. Олар өз-өздеріне жұмыс жасап жарнамалап жүрсе, бүгінде олардың барлығы маған қызмет етіп жатыр. Бірге жұмыс жасап жатырмыз, яғни серіктеспіз. Бастысы бір-бірімізге адал қызмет ету. Көптеген дизайнерлер өздерінің киімдерін біздің дүкенде сатуға ұсыныс білдіріп, сатып жатыр. Қазіргі уақытта 3-4 дизайнерлердің киімдері сатылымда тұр. Ал кейін өзімде суретшілермен жұмыс жасап, киімдерімді шығара бастадым. Біз оюдың қыр-сырын білмегендіктен, суретшілермен жұмыс жасаған тиімді деп шештім. Өйткені біз қошқар мүйізді оюды аламызда киімнің кез келген жеріне апарып қоя салатынбыз. Ал оюдың қыр-сырын білетін адамдар бұл іске қарсы. Сол себептен бұл бойынша арнайы мамандарға жүгінуді жөн деп есептедік. Матаны өзім таңдап, киімді цехқа тіктіреміз. Бір шыққанда бір үлгідегі киімнен 100-ден аса дана киімдер шығады.

Арманым — кәсібімді кеңейту

Жақында ресми дүкенім өзімнің туған жерім Атырау қаласында ашылды. Бірақ дүкенімнің ашылғанын әзірге көп адам білмейді. Енді көктемге қарай ел түгелдей хабардар болған кезде айналымға айналады деген сенім бар. Басында қазақи нақыштағы киімдермен айналысқан кезімде көптеген дүкендерден сіздің затыңызды алып насихаттасақ, бізде жарнама жасап сатсақ деген ұсыныстар түсті. Мен оған келістім. Астана қаласында, Ақтау, Өскемен, Ақтөбе, Орал, Қарағанды деген басты қалаларда менің киімдерімді қазіргі күні сатып, өздерінің дүкендерінің айналымдарын жасап жатыр. Телеарнада жүрген кезімде тек өз-өзіме жұмыс жасасам, бүгінде Алла маған бірнеше адамның тағдырын артып қойған сияқты. Көп адам қазір маған қызмет етіп жатыр. Болашақта бұдан да үлкен дүкен ашсам деген арманым бар.

Жанат Бақыт
Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Сән үйіміздің киімдері қарапайым халықтың қалтасын көтереді . Себебі киімдеріміздің бағасы 3500-5000 теңгеден басталып, ең қымбаты 30000 теңгемен аяқталады. Мен мысалы бір көйлекті 20000 теңгеге тіктіртсем, халыққа қолжетімді болсын деп 23000 теңгеден сатамын.

Бір істің нәтижесін, жемісін көру үшін талмай еңбектену керек

Баяғыда Қытайдан Қазақстанға киім таситын едік, қазір керісінше Қазақстаннан Қытайға киім таситын болдық. Былай айтып отырсақ күлкілі, бірақ Қытайда тұратын қазақтар менен көп киімдер алады, сұраныс өте көп. Қолдың жұмысы болғандықтан, таңғалып қызығушылықтарын білдіріп жатады. Көйлектегі әшекейлерді толығымен қолмен тігеді. Мұндай жұмыстар Қазақстандық әріптестерімде 60000-70000 мың болуы мүмкін, ал бізде 20000.

Жастарға айтар ақылым қандай жұмыс жасасаңыздар да, мейлі ол іс мемлекеттікі болсын немесе кәсіп болсын, сүйіп істеген жұмыстың берекесі болады. Мен мысалы дүкенге келген кезімде кәдімгідей қуанып, қыдыруға келе жатқандай күйде келіп, кештің қалай батып кеткенінде байқамай қаламын. Міне, жұмыс деген осындай болуы керек. Ең бастысы адал, шыншыл болсаңыз еңбегіңіз өнеді.