«Бүгінде кәсіпорындар мен жұмыс іздеуші адамдардың бір-бірін жедел табуына көмектесетін инфрақұрылым қажет. Цифрландыру дәуірінде ол мобильді қосымша арқылы кіріп, жұмыс табуға мүмкінідк беретін онлайн-алаң болуы тиіс. Қазіргі уақытта Электронды еңбек биржасына 14 мыңға жуық қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Олар өздерінің жеке кабинеттерін ашып, бос жмұыс орындарын орналастырады. Порталда 49 мың жұмыс іздеуші тіркелген. Бұл биржа қаңтар айынан бері бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істеп тұр. Осы күнге дейін шамамен 18 мың қазақстандық аталған порталдың көмегімен жұмысқа орналасты», — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанның еңбек нарығында оң динамика байқалады. Халықтың жұмыспен қамтылу көрсеткіштері артып, еңбек құрылымдары жақсара түсуде және жұмыссыздық деңгейі де төмендеп келеді.
«Порталдағы мәліметтер базасына сәйкес негізінен жұмыс іздеушілердің қарасы Оңтүстік Қазақстан облысында көп. Бұл өңірде 15 мың түйіндеме тіркелген. Ал қазіргі уақытта Ақмола, Атырау және Маңғыстау облыстарында жұмыс іздеушілер қатары ең төмен. Әр өңірден шамамен 2 мың түйіндемеден тіркелген. Негізінен құрылыс, білім және ғылым салаларында жұмыс істейді. Түйіндемелердің басым бөлігі Алматы мен Астана қаласынан тіркеліп отыр», — деді Нұржан Әлтаев.
Вице-министрдің дерегінше, жыл сайын елімізде 2,2 миллион адам жұмысын ауыстырып, алғаш рет жұмысқа орналасып, жалпы үнемі қозғалыста болады. Жұмыс іздеушілердің негізігі бөлігі, нақты айтқанда 1,7 млн адам жұмысты өз бетінше тауып алады.
Айта кетейік, www.enbek.kz порталы — Электронды еңбек биржасы 2017 жылдың қазанында Астана, Алматы. Павлодар және Шымкент қалаларының Жұмыспен қамту орталықтарында ілкі жоба ретінде іске қосылған еді. Ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің барлық аумағын қамтыды. Жыл басынан бері www.enbek.kz сайтының қаралымы 70 мыңға жетіп отыр.