Денис Тен спорттағы карьерасын тоқтатады ма?

Спортшыларды салтанатты түрде көптеген журналис пен жанкүйер, сонымен қатар ҚР ҰОК мүшелері мен Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбаев қарсы алды.

«Әрине, бәрі де аяқ асты болды. Маған тек өзімнің командам емес, бүкіл қазақстандықтар мен жақын адамдарым қолдау көрсеткенде шын қуандым. Оңтүстік Кореяға арнайы келіп, Алға, Қазақстан деп бізге жанкүйер болған адамдарға алғыс айтқым келеді, олардың қолдауы бізге өз септігін тигізді. Алған әсерім өте керемет, басқа жарыстардан қарағанда, бұл жарыс өте ерекше болды. Әрине, біз алтын аламыз деп үміттенген едік, алайда мақсат үздік үштікке кіру болатын. Ойымызды іске асырып, риза болып отырмыз. Мен үшін қола – алтын медальға теңеледі», — деп Юлия Галышева Олимпиададан алған әсерін бөлісті.

Оның айтуынша, екі күннен кейін ол Жапонияға әлем кубогіне қатысып, ары қарай Швейцария мен Франция еліне аттанады. Содан кейін барып қана Қазақстанға қайта оралмақ. Ал, керісінше, халық үміт артқан алматылық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ешқайда асықпайтынын мәлімдеді. Оны алда бір апталық үзіліс және физиотерапиялар күтуде, содан кейін өз бапкерімен алдағы жоспарларын талқыламақ.

«Бұл менің үшінші Олимпиадам. Мұзға оралып, өз бағдарламамды орындағаныма өте қуаныштымын. Әрине, қиын маусым болғандықтан, орын алуым екіталай болды. Бірақ мен еңсемді түсірмеймін, жаттығуымды жалғастырамын, алайда, менің әлем чемпионатына қатысатыным әлі белгісіз. Егер де мен оған қатыспасам, Қазақстаннан ұлдар арасында мұзға шығатындардан ешкім болмайды. Жалпы, Олимпиада мен үшін тез өтіп кетті, бірақ та маған қызықты әрі пайдалы болды. Бұл ойындарды сөзбен айту мүмкін емес. Бұл шараға қатысқан үшін өзімді бақытты сезінемін», — деді Денис Тен.

Өз кезегінде Денис Тен Юлия Галышеваны осы тарихи қола медалімен құттықтап, айтылған тілектерге қосылды.

©baq.kz
Дереккөзbaq.kz