Менің атым – Хақназар. Жасым алтыда. Атамның баласымын. Сондықтан, тоқымқағар мен үзеңгінің не екенін білемін. Үзеңгі дегеніміз – ер-тұрманның екі жағындағы салбырап тұрған сопақша тесік. Ол атқа мінерде табаныңды тіреу үшін керек. Үзеңгі атқа жеңіл мініп, жеңіл түсуге арналған.

Тоқымқағар деген не?

Әкемнің аты-жөні – Серікбол Хасан. Ол – журналист. «Айқын» газетінде жұмыс істейді. Әкем жұмысқа ерте кетіп, кеш келеді. Кейде біз ұйықтап қалғанда келеді де, таңертең көріспестен кетіп қалады.

Маған кешкі ас ішетін уақыт ұнайды. Себебі, сол уақытта бәріміз дастарқан басына толық жиналамыз.

Бұл — менің нағашы атам. Өз атам Тілепберген Атырауда. фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Жақында әкеммен «Коконың құпиясы» деген мультфильмге бардық. Маған мультфильмдегі гитарада ойнайтын бала қатты ұнады. Әкем маған да осы аспапты сатып әперді. Қазір гитарамен ән айтуды үйреніп жүрмін.

Өскенде әр түрлі жаңа заттар ойлап табуды армандаймын. Болашақта жүретін «ақылды» кітап жасағым келеді. Роботтармен ойнағанды жақсы көремін. Маған әкем сөйлейтін, билейтін робот сыйлады.

Қарындасым екеуміз күн сайын ұйықтарда кәлима айтамыз

Кәусар есімді қарындасым бар. Ол үш жаста. Маған әкем үнемі «Қарындасыңа қамқор бол» деп айтады. Аулаға ойнауға шыққанда, Кәусарға қарап жүремін. Ол мені «Ағатай» деп атайды. Кәусардан қарағанда үлкенмін. Сондықтан, ақылды болуым керек екенін білемін. Қарындасыма санауды, тақпақ айтуды үйретемін. Біз екеуміз тығылмақ, сырғанақ, қуаласпақ ойнаймыз.

фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Қарындасым өскенде дәрігер болғысы келеді. Менің болашақта бай болып, оған емхана ашып берсем деген арманым бар.

Кәусар екеуміз күн сайын ұйықтар алдында кәлима айтып жатамыз.

Әкем: «Сенің есіміңді Алланың назары түссін деп Хақназар» қойдық дейді. Ұйқыға жатар алдында еліміздің тыныштығы үшін, ата-анамыз бен жақындармыздың амандығы үшін шүкірлік айтамыз.

Менің әкем өлең шығарады. Жақында Астанаға барды. Ол жақта «Рух» деген байқау болды. Әкем «Балаларға арналған поэзия» бойынша жеңімпаз атанды. Біз қатты қуандық. Әкемнің өлеңдерін жатқа білемін.

Бір сағаттан артық планшетпен ойнауға рұқсат бермейді

Әкем мен анам телефон, планшетпен көп уақыт ойнауға рұқсат бермейді. Тәртіпті, ақылды бала болсақ, кешке жарты сағат-бір сағатқа телефон береді. Әкем планшет пен телефон көзге зиян екенін айтады.

фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Әкем жұмыстан келгенде бізге «Балдырған», «Балабек» сияқты журналдар әкеп береді. Кәусар екеуміз журналдағы суреттер мен сандарды қараймыз. Әкем бізге әңгіме, ертегі, өлең оқып береді. Сурет сабағын жақсы көремін. Үйде де неше түрлі суреттер саламыз. Анам салған суреттеріңді жинап, сақтап қой деп айтады.

Серікбол Хасан: «Балаларымды «әкең келеді» деп қорқытпаймыз»

Бұрын бізге «әкең келеді» десе, жым болатын едік. Бұл қорқыту емес, әкенің отбасындағы беделі мен орнын таныту үшін жасалған әрекет шығар деп ойлаймын. Қазақтар баласын «ұят болады, обал болады, сауап болады» деген үш-ақ нәрсемен тәрбиелеген ғой.

Алайда, балаларым «әкең келеді» деген сөзден қаймығып өсіп келе жатқан жоқ. Керісінше, «әкем қашан келеді?» деп күтумен болады. «Айқын» күнделікті шығатын газет болғандықтан, кейде үйге кеш келіп қаламын.  Бірақ, мұның бәрі балаларым мен отбасымның игілігі үшін екенін түсінеді.

«Әкеме шүкір»

Жұбайым Нұргүл де өзім сияқты журналистика мамандығын бітірген. Қызметті де бірге бастағанбыз. Бірақ, қазір үйде, бала тәрбиесімен айналысады. Үйде балаларымды: «Қойыңдар, анаң ұрсады. Болмайды, анаң ренжіп қалады» деп тәрбиелеймін.

«Қыз бала әкесіне жақын болады» деген сөз рас болса керек. Қызым Кәусар «Менің әкем — жақсы адам» деп ән салғанда еріксіз елжіреп кетеді екенсің. Өткенде қызым Мөлдір есімді құрбысымен әңгіме айтып тұр екен. Не туралы айтып жатыр екен десем, Кәусар: «Мөлдір, менің әкем — ең жақсы адам. Әкеме шүкір!» деп қояды. Сөйтіп, «Әкеме шүкірін» естіп бір күліп алғанымыз бар.

Сенбі мен жексенбіні отбасыма арнаймын. Тек қана ойын-сауық орталықтарына емес, мұражай, қуыршақ театры, сырғанақ секілді демалыс орындарына барамыз. Достарыма: «Демалыс күні мені іздеп келмеңдер» деймін. Расымен, сол күні есікті кілттеп, күні бойы сыртта демаламыз.

фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Баланы неліктен түрлі үйірмелерге апара беру дұрыс емес?

Баланы анда да, мында да сүйрегенді жөн көрмеймін. Баланың қабілетіне қарай үйірмелерге апарған дұрыс. Қызым мен анасы аэробикаға барады. Ал Хақназар мектепте оқиды. Өзі өнерге жақын. Кештерде өлең оқып, жүргізуші болып жүр. Сахналық қойылымдарға қатысады, биге де икемі бар. Бірақ, әлі қандай үйірмеге баратынын нақты анықтай алмай жүр. Шахматқа, биге қатысқысы келеді.

Журналистің баласы да жазуға жақын болады екен. Біздің екеудің қит етсе сұрайтыны қағаз бен қалам. «Балам жақсы болсын» деп тілемейтін ата-ана жоқ шығар. Нұргүл екеуміз де балаларымызды елінің қорғаны болатын азамат етіп тәрбиелеуге барымызды саламыз.

фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Әке тәрбиесі қандай болуы керек?

Соңғы уақытта декреттік демалысқа шығатын әкелер пайда болды. Бұл үрдіс әлеуметтік мәселелерге байланысты туындап отыр. Ер адамдардың табысы жоғары болғандықтан, декреттік демалысқа төленетін ақы да көбірек болады. Бірақ, бұл біздің менталитетке сай емес. Өз басым ер адамның декреттік демалысқа шығып, үйде отырғанын қолдамаймын. Әке баланың бетіне қарап отырып тәрбие бере алмайды. «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» дегендей, баланы дұрыс тәрбиелеу үшін әкенің өзінің жүріс-тұрысы, істеген ісі үлгі болуы керек. «Былай істе» дегеннен қарағанда балаға істеп көрсеткен нәрсе нанымдырақ болады.

Көк есек әлі «тірі» екен

Серікбол Хасанның «Әке, көк есекке мінейінші…» деген әңгімесі осыдан 4 жыл бұрын қоғамда қызу талқыланған болатын. Пәтер жалдап тұратын жас отбасы жайын жазған Серікбол ағаның бүгінде «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінде жеке пәтері бар. Ал қиын күндердің куәсі болған көк есек әлі «тірі» екен.

фото ©Айгүл Хожантаева, baribar.kz

Ұлым саған айтам, ұрпағым сен тыңда

Әрбір әкенің балаларына айтар ақыл-өсиеті болады. Серікбол Хасан ұлына не айтады екен? Тыңдап көрейік.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.