Басты бетЖаңалықтарХалық садақа...

Халық садақа қабылдау терминалдарына дайын ба?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, садақа қабылдау терминалдары пилоттық жоба аясында Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ облыстардың орталық мешіттерінде орнатылған болатын.

«Бүгінде осы тәжірибеге қатысты екі мәселені атап өтуге болады. Біріншіден, терминалдарда техникалық ақаулықтар бар. Атап айтқанда, ұсақ ақша қабылданбайды, түбіртек уақытында шықпай қалады және тағысын тағы. Екіншіден, мешітке келген жамағат Алла разылығы үшін берген ақшалай садақасын жария еткенді, я болмаса, терминал арқылы түбіртегін алып жатқанды қаламайды. Өйткені біздің асыл дінімізде, жалпы қазақ халқының таным-түсінігінде «оң қолың берген садақаны сол қолың білмесін» деген әдемі нақыл бар. Бұл сөз Пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінен алынған. Сол себепті садақа берушілер өзінің сауапты амалын басқалардың білмегенін, яғни өзі мен Алланың арасындағы құлшылықтың құпия болып қалғанын қалайды», — деді А.Қонарбайұлы.

Оның айтуынша, мешіттердің жанынан құрылған арнайы комиссиялар терминал арқылы түсетін садақаны бақылайды. Комиссияны құрамына бірнеше адам кіреді. Олар құжаттарды рәсімдеп, есеп-қисабын жасайды.

«Дегенмен, бүгінде халқымыз ондай жаңа технологияларға жатырқап қарайды. Сол себепті садақа қабылдау терминалдарын толыққанды іске қосу үшін әлі де бірнеше жыл қажет. Қазірдің өзінде терминалдар барлық мешіттерде істеп тұрған жоқ. Өйткені кейбір жерлерде техникалық мәселелер туындады. Енді, алдағы уақытта осы электронды жүйеге толығымен көшеміз бе, жоқ па, оны  уақыттың өзі көрсетеді. Сосын халықтың көзқарасы да өз септігін тигізеді», — деп атап көрсетті А.Қонарбайұлы.

Дереккөзinform.kz