Трамвайдың қатысуымен болған апатты жағдайлардан соң жұмысын уақытша тоқтатқан Алматы трамвай депосы қайта ашылмайтын болды. Жергілікті әкімдік трамвай тасымалынан түбегейлі бас тартты. Өйткені депоны жаңартуға өте көп қаржы керек.
Тозығы жеткен темір жолдарды қайта қалыпқа келтіруге 16 млрд теңге кетеді. Су жаңа вагондар сатып алу мен депоның күрделі жөндеуі тағы бар. Қысқасы, мұның барлығы бюджетке ауыр тиеді, дейді шенеуніктер. Сондықтан трамвайдың орнына 2018 жылдан бастап жеңіл рельсті көліктер жүре бастайды.
«Жеңіл рельсті көлікті қосу үшін де ақша керек. Осы мақсатты жүзеге асыруға шетелдік инвесторларды тарту қаралып жатыр. Құрылыс 2 жылдан соң басталады деген жоспар бар. Қазір ескі трамвайларды сатып алатындарды іздестіріп жатырмыз. Ресейге сұраныс жібердік. Жаңа трамвайлардың құны 1,5 миллион еуроға дейін барады. Ал қолданыстағы вагондар одан бірнеше есе арзан», — дейді Алматы қалалық жолаушылар тасымалы басқармасының басшысы Дәурен Әлімбеков.
Еске салсақ, өткен жылдың қазанында Алматыдағы трамвайлар жұмысын тоқтатты. Оған трамвайдың қатысуымен болған екі бірдей жол апаты себеп болды. Зардабынан 31 көлік жапа шегіп, 10 адам жарақат алған. Алғашқы трамвай апаты бойынша кінәлілер жауапқа тартылып, трамвай жүргізушісі мен оның тәлімгерінің 2 жылға бостандығы шектелді.
Бұл оқиға өзге облыстарға сабақ болды. Қазір Павлодардағы трамвай басқармасы деполарын жаңартуға кірісті. 92 пайызы қайта қалпына келтіруді талап етеді.