Ғани, Бәрі бар
Иллюстрация: Дмитрий Со

Сәлем! Менің есімім — Ғани. Мен бүгін дүниеге келдім. Енді Қазақстан Республикасының азаматымын!

Иллюстрация: Дмитрий Со

Бұл тағы да мен, Ғанимын ғой. Қазір жасым 14-те. Әжептәуір ересек болсам да, кез келген мәмілені заңды өкілімнің (ата-ана/қорғаншы) келісімімен ғана жасаймын.

Әр қазақстандықтың тұрғылықты жері болады. Заңды өкілімнің тұрғылықты жері менің де тұрғылықты жерім болып есептеледі.

Табыстарыма кім ие бола алады?

Табысыма, стипендияма, басқа да кірістеріме, жасаған интеллектуалдық меншiктеріме өзім билiк ете аламын. Егер қандай да бір жағдай орын алса, сот осы билiкті шектеп, құқығымнан айыруы мүмкiн.

14 жасыма дейін менің атыма салынған салымдар мен жинақтарға менің ата-анам, заңды өкілдерім билiк ететін. Ал қазір кәмелетке толмасам да, банкiлерге салымдар салуға, оларға дербес билiк етуге құқығым бар.

Жұмыс істей аламын ба?

Заң бойынша мені жұмысқа 16 жастан бастап алады. Егер жасым 15-те болып, мектепті, оқуды тастап кетсем, ата-анамның келісімімен жұмысқа тұруыма болады. Негізі оқудан шықпай-ақ, сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуіме болады. Заң 14-ке толған оқушыларға ата-анасының біреуінің (қорғаншы-қамкоршысының) келісімімен жұмыс істеуге рұксат етеді.

14 жастан 16 жасқа дейін аптасына 24 сағаттан аспайтын жұмысты істеуіме болады.

Кәмелеттік жасқа толмағаным үшін, мені әкiмшiлiк қамаққа алмайды. Алайда бұзақылығым үшін айыппұл салады. Заң бойынша, маған салынатын айыппұлдың көлемін 10 АЕК-тен (24 050 теңгеден) асыруға болмайды.

Бір өкініштісі, айыппұлды төлеуге жеткiлiктi мүлкiм болмағандықтан, айыппұл ата-анама салынады.

Кәмелеттік жасқа толмасам да, маған темекiнi және темекi бұйымдарын сатқан адамдарға түрлі айыппұлдар салынады:
Жеке тұлғаларға 7 АЕК (16 835 теңге)
Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 15 АЕК (36 075 теңге)
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (72 150 теңге)
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК (192 400 теңге)
Егер осы әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанса, айыппұл көлемі артады:
Жеке тұлғаларға 20 АЕК (48 100 теңге)
Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 30 АЕК (72 150 теңге)
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне 60 АЕК (144 300 теңге)
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 160 АЕК (384 800 теңге)

 

Иллюстрация: Дмитрий Со

Ғани 18-де! Кәмелеттік жасқа толдым. 18 жас — азаматтық қабілеттілік басталатын жас мөлшері. Мен енді сайлауда дауыс бере аламын, бала асырауыма болады және қамқоршы бола аламын. Ересектерге берілетін құқықтарға иемін. Бірақ әлі де шектеулер бар.

18 жас — некеге тұруға рұқсат етілетін жас. Алайда дәлелді себептер болған жағдайда, АХАТ органдары неке жасын екі жылдан аспайтын мерзімге төмендете алады, яғни 16 жаста (ата – аналардың келісімі бойынша ғана) неке қиылуы мүмкін.

21 жасқа толмағандығымнан, маған алкоголь сатқандарға түрлі айыппұлдар салынады:
Жеке тұлғаларға 10 АЕК (24 050 теңге)
Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК (96 200 теңге)
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК (197 210 теңге)
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 120 АЕК (288 600 теңге)
Егер осы әрекет бір жыл ішінде қайталанатын болса, айыппұл көлемі өседі:
Жеке тұлғаларға 20 АЕК (48 100 теңге)
Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК (197 210 теңге)
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне 140 АЕК (336 700 теңге)
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 180 АЕК (432 900 теңге)

 

Ғани, Бәрі бар
Иллюстрация: Дмитрий Со

Мен енді Ғани атамын. Жасым 63-те. Зейнетке шықтым. Әжелерің 2018 жылдан бастап 58,5 жасынан зейнетте. Әйелдер зейнетке 2019 жылдан бастап 59 жастан, 2020 жылдан бастап 59,5 зейнетке шығады. Жыл сайын зейнет жасына алты ай қосылып отырады. Осылайша, 2027 жылы ер адамдар мен әйелдердің зейнет жасы теңеседі. Барлығымыз 63 жастан бастап зейнеткер боламыз.

Қазақстан Республикасының Конституция­сында көрсетілгендей, мемлекеттің басты құндылығы – адам және оның өмірі, құқығы, еркіндігі. Өмір сүру құқығы барлығына теңдей беріледі. Алайда өзге де құқықтар оның жас ерекшелігіне байланысты болатынын ескерейік.

 Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.