Алматылық ашық әдебиет мектебі, «Шеврон» компаниясы және American Space әлеуметтік алаңының бірлескен жобасының шеңберінде, 2017 жылдың қазан-желтоқсан айларында оқытушылар Дина Махметова және Айжан Ахмет жас авторларға арналған проза жазудың шеберлік сыныбын қазақ тілінде өткізген болатын. Шеберханада шығармашылық байқаудың жеңімпазы атанған дарынды 16-25 жасар авторлар білім алды.
«Қазіргі таңда Қазақстанда дарынды жастарға арналған қазақ тіліндегі жазушылық шеберлік курстары жоқтың қасы. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға тырыстық, және Шеберханамыздың жұмысы нәтижелі болды деп айта аламыз: мәтіндері жинаққа енген жеті автордың әрқайсысы өзіндік, сапалы проза жаза алатынын көрсетті. Қазақ тілінде жазатын басқа да жас авторларға қаламгерлік шеберлігін арттыруға мүмкіндік беру үшін осы жобаны әрі қарай дамытуды жоспарлап отырмыз», – дейді Ашық мектептің оқытушысы және шеберхананың жетекшісі Дина Махметова.
2016-2017 жылдарында Әдебиет шеберханасы төрт рет ұйымдастырылғанымен, осы жолы сабақ алғашқы рет қазақша жүргізілді. Сабақтар тегін аптасына бір рет өткізіліп, әдебиет теориясына ғана емес, Шеберханаға қатысушылардың үй тапсырмаларын талқылауға арналған болатын.
Шығармашылық кездесулерде жас авторлар Ардақ Нұрғазы, Қойшыбек Мүбарак, Мақпал Жұмабай, Әннәс Бағдат сынды жазушылармен әдебиет туралы сөйлесуге мүмкіндік алды. Оқу барысында жастар проза жазудың негізгі дағдыларын меңгеріп, психологиялық, шытырман оқиғалы, детективті, мистикалық әңгімелердің жанрлық зандылықтарымен танысып, өз мәтіндерін редакциялауды үйренді.
Шеберхана жұмысының нәтижесінде «Жеке кеңістік» атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Жинаққа оқу кезінде жазылған үздік мәтіндер енген.