«Орманның» көмегіне жүгініңіз
Көп адамдар кітапты 5 минут та оқи алмайды. Смартфонына байланғаны соншалық, қажет болмаса да әлеуметтік желілерді жиі тексеріп отыруы керек сияқты. Оны өзі байқамауы да мүмкін.
Егер осындай кедергілер кітап оқуыңызға мұрша бермесе, Forest мобилді қосымшасының көмегіне жүгініңіз. Тым болмаса жарты сағат бойы кітапты смартфонсыз оқисыз. Forest ағылшын тілінен аударғанда, «орман» деген мағынаны береді. Қандай да бір іспен смартфонсыз айналысқыңыз келсе, «тал егу» батырмасын басыңыз. 25 минут бойы кішкентай тал өсіп, ағашқа айналады. Егер смартфоныңызды басқа мақсатта пайдалансаңыз, өсіп келе жатқан тал бірден шіріп кетеді.
Тал сізбен «сөйлеседі». Мысалы, «give me alone» — «мені жалғыз қалдыр», «don’t look at me» — «маған қарама» деген тәрізді сөздер смартфон дисплейінен шығады. Әр өскен ағашқа ұпай жинап отырасыз.
Қосымшаның тағы бір пайдасы бар. Сіз ағашты реалды түрде өсіре аласыз. Қосымшада жинаған ұпайларыңызды өндірушілер бір әлеуметтік ұйымға қаржы ретінде құяды, олар бір ағаш егеді.
Миыңызды шынықтыра тынықтырып отырыңыз
Кітапы үздіксіз 20-30 минут оқып отыруға болады. Одан кейін амалсыз нейрондарыңыз шаршайды. Нәтижесінде ақпаратты бастапқыдай қабылдай алмайсыз. Сол себепті жарты сағат сайын үзіліс жасап тұрғаныңыз артық болмас.
Біз орнымыздан тұрғанда, миға қан беру процесі 80 процентке дейін жақсарады екен. Осы артықшылықты пайдаланып, үзіліс кезінде белсенді жаттығулар жасаңыз. 2-5 минуттан кейін кітабыңызға қайта оралуды ұмытпаңыз.
Адамдардан сүйікті кітаптары жайлы сұраңыз
Кейбіреулер детектив жанрындағы кітаптарды оқығанды ұнатады немесе махаббат тақырыбындағы кітаптарға қарай алмауы мүмкін. Сізбен талғамы сай келетін адамдарға қарап, бағдар алсаңыз болады. Осылайша қандай кітап оқу керектігін анықтайсыз.
Егер сұрайтын адам болмаса, таңдаған кітабыңыз жайлы интернеттен адамдардың қалдырған пікірлерін оқыңыз.
40 бет ережесін ұстаныңыз
40 бетін оқығаннан кейін де кітап сізді қызықтыра алмаса, басқа әдебиетті таңдауға кеңес береміз. Көп адам «Абай жолын» оқуға ниет қылып, «Қайтқанда» тарауынан ары аса алмай жатады. Бірақ бұл кітаптың қызық емес екендігін білдірмейді, ауыр тілді әркім түсіне бермегендіктен деп ойлаймыз. Шамаңызға немесе қызығушылығыңыз лайық болмаса, уақыт кетірмегеніңіз де жөн.
Мақсат қойыңыз
Таңдаған кітабыңыз қалың болса, оны әр күнге бөліп тастаңыз. Мысалы, бүгін 50 бет оқимын деп алдыңызға мақсат қойыңыз. Оны міндетті түрде орындаңыз. Әр күні бұл межені ақырындап көтеріп отырыңыз. Ертең 55 бет оқыңыз, одан кейін 60 бет, ары қарай кете береді. Шамаңызға қарай арттыра беріңіз.
Оқыған кітабыңыз жайлы өзгелермен пікір бөлісіп отырыңыз. Бұл кітапты талдауыңызға, сыни көзбен қарауыңызға бейімдейді. Сондай-ақ, өзіңізге деген бағаңызды көтеріп, кітап оқуға деген ынтаңызды арттырады.