AliExpress-пен тапсырысты қалай береді? Нені ескеру қажет?

Тіркелу кезінде міндетті түрде ескерілуі тиіс жайттар

Сауда жасаудың қадамы алдымен AliExpress-тің сайтына тіркелуден басталады. Бұл кезде міндетті түрде назар аудару керек дүниелер бар. Тіркеуге қолданыстағы электронды поштаңызды сұрайды немесе әлеуметтік желілер арқылы, яки Google аккаунтыңызбен тіркелуді ұсынады. Біздің кеңесіміз: электронды поштаңызбен тіркелгеніңіз дұрыс. Бұл сізге келіп түсетін хаттарды тексеріп отыруға қолайлы. Құпия сөзді барынша қиындатып әрі ұмытып қалмайтындай ойлап табуыңыз қажет. Аты-жөніңізді латын қаріптерімен теруіңіз керек.

Тіркеуді аяқтағаннан кейін, поштаңызға кіріп активация жасаңыз!

Бұрын КСРО құрамында болған мемлекеттерде валюта рублмен көрсетіледі. Дұрысы: валютаны долларға ауыстырып алғаныңыз. Ол үшін басты бетте «Доставка» бөліміне басып, USD таңдаңыз.

Алиэкспресс, интернет сауда
Скриншот @aliexpress.com

Тауарды қалай дұрыс таңдау керек?

Іздеу жүйесіне қалаған тауарыңыздың атауын жазасыз. Төменгі қатарда минималды және максималды бағаны көрсетесіз. Қалауыңыз бойыша өзге де қатарларды толтырасыз: «Тегін жеткізу», «Бес және одан да көп жұлдызды тауар», т.б.

Алиэкспресс, интернет сауда
Скриншот @aliexpress.com

Төменде AliExpress ұсынған тауарлар шығады. Көп тауардың ішінен дұрыс нұсқасын таңдау үшін, рейтингісіне (жұлдызшаларына) мән беріңіз. Дұрыс деп тапқан тауарыңыздың үстінен бассаңыз, тауар туралы қосымша ақпараттар шығады. Бұдан тұтынушылардың пікірлерін міндетті түрде оқып алыңыз. Тауар осы уақытқа дейін неше рет сатылған? Бұл да өте маңызды, сол себепті санына мән беріңіз.

Жоғарыда сатушының қанша жыл жұмыс істегені және қанша пайыз жағымды пікір қалдырылғаны көрсетіледі.

Тауарыңыздың неше дана болатындығын да осы бөлімнен таңдайсыз. Жеңілдіктер болуы мүмкін, купондар қарастырылса, алыңыз. Келесі саудаңызды жеңілдіктермен жасайтын боласыз. Сондай-ақ, осы жерден тауарды жеткізетін транспорттық компания жайлы және қанша күнде жеткізетіндігін біле аласыз.

Скриншот @aliexpress.com

Барлығы көңіліңізден шықса, «Сатып алу» шертпесіне басасыз. Келесі бет ашылады, мұнда мекен-жайыңызды жазасыз (мемлекет, қала, облыс, көше, үй, индекс).

AliExpress-те тауарларға төлем қалай жасалады?

Тауарларға Visa/MasterCard/Maestro, Wire transfer, WebMoney, Yandex.Money, Western Union, QIWI, DOKU, MercadoPago, Boleto, ban contact, TEF, Ideal, Giropay, Sofort Banking, Przelewy24, American Express арқылы төлем жасай аласыз.

Банк картаңызбен төлем жасайтын болсаңыз:

Жоғарыда айтқанымыздай, Visa, MasterСard және Maestro карталарымен төлем жасай аласыз. Ол үшін:
1. Төлем операциясы орындалатын бетте үш картаның бірін таңдап, оның номерін жазасыз. Картаңыздың алдыңғы жағында көрсетілген жарамдылық мерзімін және арт жағындағы үш санды тересіз. Карта иесінің аты-жөнін картада қалай көрсетілсе, тура солай жазу қажет. Соңында «Pay Now», яғни «Қазір төлеу» шертпесіне басасыз.

Алиэкспресс, интернет сауда
Скриншот @aliexpress.com

Төлем жасалғаннан кейін, төлем туралы ақпараттар шығады. Мұнда сатушыдан хаттың келген/келмегені туралы да біле аласыз. Шамамен алты күн уақыт бойы тапсырысыңыз өңделеді.

Киви-қалта арқылы төлем қалай жасалады? Нені ескеру керек?

Киви арқылы төлем 0,05 USD бастап 5000 USD дейін ғана жасалады.

Төлем жасау үшін: мемлекетті таңдап, «Pay» шертпесіне басасыз. Бірден QIWI сайтына жіберілесіз. Төлем осында орындалады. Ақшаңыз теңгемен болса, комиссия алмас үшін, долларға конвертация жасап алуыңыз керек болады.

Алиэкспресс, интернет сауда
Скриншот @aliexpress.com

Қажетті ақпараттарды толтырасыз.

Алиэкспресс, интернет сауда
Скриншот @aliexpress.com

Егер Qiwi сайтында төлем жасалмаса, қандай да бір қателік шықса, қолдау көрсету қызметіне хабарласып, мән-жайды анықтай аласыз: 8-800-707-77-59, сайты: https://qiwi.com/support/request.action

Тауарды қалай аламын?

AliExpress-тегі сатушының тапсырысыңызды өңдегенін күтесіз. Қабылданса, хабарлама келеді. Тауарды бақылап отыру үшін сізге трек код беріледі. Сол арқылы тауарыңыздың қай жерде келе жатқандығын бақылай аласыз. Шамамен тапсырыстың жетуіне бір апта қалғанда, сатушы сізге хабарлама жібереді. Поштаңызды, жеке кабинетіңізді жиі тексеріп отыруға кеңес береміз. Сондай-ақ Қазпошта сервисі арқылы да https://post.kz/ тауарыңызды бақылай аласыз. Androіd пен Iphone-ға арналған AliExpress қосымшаларының да қызметін пайдалансаңыз болады.

Ескертейік, тапсырысты сатушы өңдеп болғаннан кейін ғана, тауарды жеткізу уақыты басталады. Көбі төлем жасағаннан бастап есептейді, ол — дұрыс емес.

Тауарыңыздың келгені туралы хабарлама алғаннан кейін, көрсетілген мекен-жайдағы Қазпошта бөліміне барасыз. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіздің болуы шарт.

Қосымша ақпарат:

Тауар бағасы 1000 еуродан аспаған жағдайда және тауар салмағы 31 килограмнан көп емес болса, баж салығы салынбайды.