Басты бетАлматыда екі...

Алматыда екі жаңа автобус бағыты пайда болды

Алматыда көлік реформасы жобасы аясында жылжымалы құрамды жаңалау және бағыттарды ұлғайту жалғасып жатыр.

Атап айтқанда, №115 бағыты бойынша Еуро-5 экологиялық санатындағы 16 автобус қызмет көрсете бастады. Автобустың ұзындығы — 9,5 метр. Олар кондиционерлермен, видебақылау камераларымен, пандустармен жабдықталған.

Бұдан былай «Өжет» базары бекетінен шыққан көліктер Алатау ауданының «Теректі» ықшам ауданына дейін баратын болады.

Ал Медеу ауданындағы «Рахат» кондитер фабрикасы мен Қоңыр көшесінің арасын қамтитын №131 бағытында тар жолдарда жүруге ыңғайлы сыйымдылығы шағын автобустар жүре бастады. Бұл бағытқа 10 автобус бөлінді.

Осыған дейін Алматыда көлікті реформалау аясында №22, 70, 86, 65, 103, 50, 126, 112 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шығып, №77 бағыт қайта жаңарып, №1 бағыт пен №201 магистральды бағыты ашылған еді.

Жалпы, көлікті реформалау аясында Алматыда биылғы жылы сыйымдылығы әртүрлі 388 автобус алынды, олардың 260-ы бағыттар бойынша жолда жүр, тағы да 130 жаңа автобус ақпан айының соңына дейін кезеңмен бағыттарға шығады. Жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алды, олардың 91 — і қала жолдарында қызмет көрсетуде.

ДереккөзInform.kz