Second Hand бизнес пе, әлде көмек көрсету әдісі ме?

Алматының көшелерінен Second Hand деген белгісі бар дүкендерді көп кездестіруге болады. Қазіргі уақытта бизнеске айналған аталмыш кәсіп көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында алғаш Англияда 1943 жылы пайда болған. Ал Қазақстанға аяқ басқанына 20 жылдың көлемі болды.

Секонд хенд (second hand) сөзі ағылшын тілінен аударғанда тура мағынасы «екінші қолдан шыққан» дегенді білдіреді.

Шетелде пайдаланылған машина, кітап, киім сияқты дүниелер осы категорияға жатады.

Ал біздің секонд хенд дүкендерінде тек қана киімдер сатылады. Бұл киімдер бірі кезінде киілген болса, бірі киім дүкендерінде өтпей қалған тауарлардың қалдығы.

Ал бұл киімдер қайдан келеді және оларды кім әкеледі?

Батыс елдерде үй-үйді аралап, керек емес заттарын жинайтын арнайы қызметкерлер бар. Сонымен қоса, супермеркет дүкендерінде қажетсіз киімдерге арналған арнайы үлкен контейнерлер қойылады екен. Соның ішінен іріктеп, жарамдысын экспорттайды. Яғни, секонд дүкендерінде киілгендермен қоса, lux деп аталатын су жаңа киімдерде болады. Мұнда үй киімдерінен бастап, мерекелік кештерге киетін, сондай-ақ карнавалдық костюмдерді де кездестіре аласыз. Сонымен қоса, мұнда кішкентай балалардан бастап ересек адамдарға, яғни барлық отбасыға арналған киімдер бар.

Дегенмен де, ең алдымен бұл киімдердің жағымсыз иісі, бұрынғы иесінің энергетикасы, киім сапасы да сізді толғандыруы қажет.

Бұл киімдердің ерекшелігі, онда Еуропадан әкелінген ескі киімдер келілеп сатылады. Әрине, бағасы да өте қолжетімді. Киімнің бір келісі 1500 бен 2500 теңгенің аралығында. Салмағы 200-300 грамнан аспайтын бір жеңіл жейдені 500-700 теңгеге ала аласыз. Ал базарда 15-20 мың тұратын киімдерді мұнда төрт-бес мың теңгеге табуға болады.

Қандай киімдер сатылады?

  1. Сток (жаңа киім, дүкендерде өтпей қалған тауарлар);
  2. Экстра Люкс (су жаңа киім);
  3. Бірінші сорт (киілген, бірақ сапасы жақсы);
  4. Екінші сорт (киюге келмейтін киім);
  5. Үшінші сорт (үй шарушылығында пайдаланатын шүберек тауарлар).

Second Hand киімдерін кию қауіп тудырады ма?

Секонд хендтен бір рет болсын киім алған адам, онда жағымсыз иістің бар екенін сезеді. Бұл не иіс? Шын мәнінде, киімдерден арнайы дезинфекциялау құралдарының иісі шығып тұрады. Бұл қосылғыш ұнтақтар барлық микробтарды өлтіреді, ал ең бастысы — қауіпсіз. Мамандардың айтуынша, бұдан қауіптенудің еш орны жоқ.

Жағымсыз иістерден құтылудың жолдары:

  1. 1-2 рет жақсылап жуыңыз;
  2. Сырт киім болса, химтазалауға апарғаныңыз жөн;
  3. Кішкентай баланың киімін жақсылап жуып, міндетті түрде екі жағынан да үтіктеңіз;
  4. Түрлі киім шаюға арналған иістендіргіштермен жуыңыз;
  5. Ырым-тыйымдарға сенетін болсаңыз, бөгде адам энергиясынан құтылу үшін, киімді сатып алысымен тұзды суға шайыңыз.

Сарапшылардың айтуынша, кішкентай балаларды секонд хенд дүкендерінен киіндірген өте тиімді. Себебі кішкентай нәресте тез өседі, яғни киім шақ келмейді деген сөз. Одан да дәл сол киімді қолжетімді бағаға алуға болатын мүмкіндік бар кезде, балаларға қымбат киім алудың қажеті жоқ, —  деп есептейді сарапшылар.

Second Hand-те қандай бренд тауарларын көре аламыз?

Егерде сіз сәнқой болсаңыз, бірақ үнемі жаңа топтамадан киінюге мүмкіндігіңіз болмаса, сізге секонд хенд дүкенінің ұсынары бар. Сәл ескілеу немесе киілген болса да, бренд тауарларының киімдерін кездестіруге болады. Мысалыға, Vera Moda, H&M, D&G, Hugo Boss, Ralph Louren, Zara, Nike секілді бренд тауарларын кездестіруіңіз әбден мүмкін.

Егер сұраныс болмаса…

Бүгінгі күні секонд хенд үлкен бизнеске айналып отыр. Еуропада ғана емес, Қазақстанда да бұл бизнесті кәсіби негізде жүзеге асырып жүрген көптеген компаниялар бар. Халықтың бірі бұл бизнес жолын қолдаса, бірі бұл дүкендердің мүлдем жаппай жабылғанын қалайды. Демек бұған себеп бар. Ендеше бұл дүкендердің артықшылығы мен кемшіліктерін қарап көрейік.

Тиімділігі мен артықшылығы:

  • Арзан, қолжетімді баға;
  • Еуропалық киімдер;
  • Өзгеше стиль.

Кемшіліктері:

  • Сапасы орташа;
  • Бұрын киілген;
  • Дертке шалдығу қаупі бар.

Секонд хенд дүкендері бірнеше жылдан бері жаппай жұмыс істеп келуде. Апта сайын жаңа тауарлар әкелініп тұрады. Демек бұл тауарларға да сұраныс бар. Секонд хендтен киінетін адамды ақшасы жоқ, жағдайы төмен деп есептеуге болмайды. Әр адамның өз талғамы мен таңдауы бар. Сондықтан да өзінің ұнатқаны немесе қолжетімділігі үшін таңдаулары осы болар.

Секонд хенд бизнесін ашу неліктен тиімді?

  • Секонд хенд дүкенін ашу үшін ғимараттың әдемі, үлкен болуы шарт емес;
  • Минималды инвестиция құйып, тиімді бизнес жүргізу мүмкіндігі туады;
  • Секонд хенд қазіргі уақытта өте танымал, тұтынушылары көп;
  • Бағасы төмен, әрі киім үлгілері ерекше болғандықтан, тұтынушыларыңызды жоғалтпайсыз;
  • Киімнің сатылмай қалу қаупі жоқ, жаңа тауар түскен сәтте ескі киімдерді де сатып жіберу мүмкіндігі зор;
  • Жаңа тауарды көп күтпейсіз.