Ләйлә Сұлтанқызы Алматыда "Әйел" атты кітабының тұсауын кесті. Тележүргізуші кітаптың мазмұны туралы айта келіп, қазіргі қоғамдағы әйелдерге қатысты мәселелерді көтерді. Оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Әйел” кітабы туралы

Бұл екінші кітап екенін жақсы білесіздер. Бірінші кітаптың атауы көптеген оқырманды біраз дүрліктірді. Неге “Менің екінші кітабым” деп аталады?”, “Бірінші кітабы қайда?” деген сияқты сұрақтар өте көп қойылды. Шыны керек, әлі күнге дейін аталған сауалдарға жауап беріп келемін.

Екінші кітап “Әйел” деп аталады. Атауын әдейі қызыл түспен жаздық. Неге қызыл? Бұл түсті айтқанда адамның көз алдына қызыл алма, қан, көтеріліс және тағы да басқа заттар елестейді. Басқаша айтқанда, қызыл ол – дақ. Бұл кітаптың дизайны туралы айтқанда, оны ойлап тауып, бастан-аяқ жасаған Аслан Тойланиннің еңбегін атап өту керек. Өте талантты, креативті жан. Мен осы үшін де жаныма жастарды жинаймын.

Өзім қырыққа келдім, бірақ қасымда жиырма жастағылар жұмыс істейді. Маған осылай ұнайды. себебі олардан көп нәрсе үйренемін.

Кітаптың компьютерде терілгенінен бастап, оқырманның қолына жетуі үшін біраз адам түнімен ұйықтамастан еңбектенді. Дайын болғанда біртүрлі сезімді бастап кешіреді екенсің. “Бұл да біткен бір үлкен іс болды” деп ойлайсың. Ары қарай не болатынын бір құдай біледі. Ол сатыла ма, сатылмай ма? Сатылса, қалай сатылады? Сатып алған адам ұрса ма? Өзін жей ме? Бұл туралы оқырмандарымнан пікір күтемін. Ол үшін әлеуметтік желілерге #Әйел деген хэштегпен жазуларыңызды сұраймын. Сонда оны тауып оқи аламын. Сол кезде біз бір-бірімізді еститін, түсінетін боламыз.

Кітапқа өте көп оқиғалар алынды. Осы уақытқа дейін он мыңға жуық сұхбат алдым. Басым көпшілігі – қыз-келіншектер.

Мен әйелдер саласын зерттеп жүрген кандидат немесе ғылым докторы да емесмін. Жалпы мұндай сала жоқ. Әйел деп бөлгім де келмеген еді, бірақ бұл тақырып қазір қатты өршіп тұр. Байзақова оған қаншалықты әсер еткенін білмеймін. Ол маңызды емес те шығар…

Осы тақырыпты көтеруіме жиған тәжірибе, көрген көз себеп болды. Онымен бөліспесем, өзімді іштей жеп қоямын, іштей өртенемін. Адамдар маған сырын тапсырды. Олардан кітапқа жариялау туралы рұқсатын алдық. Хаттарға менмендікке салып, бір өзім жауап берсем де болатын еді. Бірақ менің онкология, гинекология, сексология, психология саласында білімім жоқ. Сол үшін аталған саланың мамандарын жинап, барлық хатты зерттеп, жауап беруге тырыстық. Хат жолдаған 123 әйелдің 93-не нақты жауап берілді. Сол 93-тің артында тұрған 93 000 әйелдің тағдыры ұқсас болуы мүмкін. Олар өздерінің сұрақтарына осы кітаптан жауап алатын шығар. Қысқаша айтқанда, кітап іскер әйел, үйде отырған ана және “блондинка” туралы.

Әйелдің жеті кереметі бар

Әйелді әйел қылатын оның көйлек киюі немесе орамал таққанында емес деп ойлаймын. Ең бірінші кереметі – нәзіктігі. Кез келген жігіттен қандай қызды ұнататынын сұрасаңыз, түріне, дене бітіміне емес, қылығына, нәзіктігіне қарайтынын айтады.

Одан кейін сүйе білетіні, жайлылығы. Әйел қайтсе жайлы болады? Ол бара салып, біреуге төселіп, асты-үстіне түсу емес. Үлкен апалардың арасында “Әй, соның келіні сондай жайлы” деген әңгіме бар. Олардың жайлы деп отырғаны: ол жанжал шығармайды, түсініспеушілік болған жағдайда үндемей қоя салады. Есесіне жанжалдың “көкесін” өзінің жатын бөлмесінде жасауы мүмкін. Астарын түсіндіңіздер деп ойлаймын.

Әйелдің тағы бір кереметі – даналығы. Даналық көп оқығандықта емес. Ол шешеден беріледі деп ойлаймын. Оған ешкім үйретпейді. Ол тек өзіңнің ой-өрісің, өмірден көрген-түйгендерің, тәжірибең арқылы келуі мүмкін. Мінекей, осындай ерекшеліктер әйелді әйел қылады деп ойлаймын.

Бақыт туралы әр әйелдің өзіндік формуласы бар. Біреу үшін бақыт – бала, екіншісі үшін – басқа нәрсе. Мысалы, мен түнгі үште жақсы көретін сериалымды көрсем, барлығын ұмытып, өзімді бақытты сезінемін. Бақыт деген сондай бір сәттерден тұрады. “Мынау болса, бәрі бақытты болып кетеді” деп айту – дұрыс емес.

Ажырасуға себеп көп

Ажырасуға себеп көп. Ұрысқан кезде, ұрған кезде, қуып жіберген кезде, басқа біреу пайда болғанда, түсінбегенде, толып кеткенде, әжім басқанда… Ажырасамын десеңіз, айтқан дүниенің бәрі себеп бола алады.

Бізді кейде таяқ жеуге тіліміз итермелейді. Менің де ауызым жүйрік. Мұндай жағдай кеше ғана болды. Үйге күйеуімнен бес минут кешігіп келіп едім, өте қатты ренжіді. Себебі біз осыдан он екі жыл бұрын шаңырақ көтергенде, ол менен бір ғана нәрсені өтініп сұрады. “Жұмыстан менен кейін келмейсің”,- деді. Кеше мен сол келісімді бұзып алдым. Демек, кінәлімін. Шындық оның жағында. Неліктен кешіккенімді айтып, өзімді ақтағым келіп тұрса да, өзімді зорға жеңдім. Себебі, оныкі дұрыс. Мұндай жағдай бәрімізде де болады.

Әйел кітабы
Сурет Ләйлә Сұлтанқызының Facebook парақшасынан алынды

“Сұрақ-жауап” бөлімі

(Тұсаукесерге келген оқырмандардың Ләйлә Сұлтанқызына қойған сауалдарынан үзінді)

– Қазіргі таңдағы нағыз қазақ әйелінің эталоны кім деп ойлайсыз?

– “Қазақ әйелінің эталоны” деп бөліп қарастырған дұрыс па? Сіз кімге еліктейсіз?

– Ешкімге еліктемеймін.

– Ешкімге еліктемейсіз. Демек, эталон болар жан жоқ деген сөз. Мен де ешкімге еліктемеймін. Менің ойымша, барлық адамның жақсы және жаман жағы болады. Мен эталон санайтын адамның жаман жағын көрсем, мен үшін ол эталон болмай қалады. Содан қорқамын. Көрдіңіз бе? Адам болған соң, оның әлсіз тұстары да болады.

***

– Қыздар қанша жаста тұрмысқа шығуы керек? Бірінші жұмысын аяққа тұрғызып алу керек пе? Әлде отбасылық өмірге көңіл бөлгені дұрыс па?

– Жасыңыз нешеде?

– Он тоғызда.

– Тұрмысқа шығуға ерте ме?

– Ерте деп ойлаймын. 

– Анаңыз сізге тұрмысқа шыққан соң, еріңізге күнде тамақ істеп беретініңізді, оның алдында кішкене боянып жүру керектігін, қасыңыз жұлынбай күйеуіңізге көрінбеуді, шашыңызды әдемілеп жинап, орамал тағып жүруді айтты ма?

– Иә, шет жағасын айтты.

– Сіз қазір дүйсенбі қандай тамақ, сейсенбі қандай тамақ істейтініңізді білесіз ғой?

– Жоқ.

– Мәселе осыда ғана. Менің қызым жоқ. Бір үйдің жалғыз қызымын. Ерке өстім деп те, қатал тәрбиелендім деп те айта алмаймын. Менің анам да сіздің анаңыз секілді айтты. Жай ғана ескертті. “Дүйсенбі күні былай істе, сейсенбі күні былай істе”, “Күйеуің ашуланып келгенде үндемей қоя сал”, “Жатар кезде бетінен сүй”, “Үйден шығып бара жатқанда арқасынан қақ”, “Бір рет құшақтап қой”, “Ол осыған он төрт күннен кейін үйренеді” дегендерді бүге-шүгесіне дейін айтқан жоқ. Біздің жіберетін қатеміз – осы. Қыздарымызға: “Білім ал, сол білім сені құтқарады. Дипломың саған нан болады”,- дейміз. Түсінемін. Өйткені қазір заман басқа. Қызымыз ел көріп, жер көрсін дейміз. Ал енді қараңыз. Қыз он сегіз жаста тұрмысқа шығады. Дым білмейді. Басқа үйге сіңіп, заңын мойындауы үшін, оның өзі бір заңмен келуі керек. Ал қыздың бойында отбасылық өмір туралы ақпарат жоқ. Сол себепті де қыз өзін жоғалтады. Қыздарымызды ана болуға, әйел болуға дайындамаймыз! Жақсы, қылықты, ерке, назды болуға үйретпейміз. Сондықтан да жігіттер қыздардың бойына қарайды да: “Анау тамақ істей алмайды”, “Шашы кір екен”, “Аяқ киімін дұрыс тазаламайды екен” деген әңгімелерді айтады. Бұл – мысал. Қатты айтты демеңіздер, бірақ қыздарымызға кішкентайынан осының бәрін ескертсек, ажырасу азаяр еді. Міне, сіздің өзіңіз 19 жасыңызда тұрмысқа шығуға ерте екенін айтасыз. Бірақ гинекологтардың айтуы бойынша, қыздар 22 жасына дейін екі баланы дүниеге әкелуі керек. Бұны мен ойлап тапқан жоқпын. Бұл – физиология. Сондықтан барлық қыздарға айтарым: ертең күйеуге тию керек!

***

– “Әйел” кітабы қазақстандық бақытты әйелдің бейнесін көрсете ала ма?

– Жоқ, көрсете алмайды. Кітаптың мақсаты – қазақ әйелдерінің болмысын көрсету емес. Онда нақты проблемалар мен оның шешу жолдары бар.

Мен жазушы емеспін. Қаншама жас жазушыларды оқимын, мойындаймын. Біреудің нанын тартып алғым да келмейді.