Шаштың морфологиясы мен физиологиясын зерттейтін ғылым түрі Батыста жеке ғылым ретінде тек XX ғасырда да дами бастағаны белгілі. Әу баста жәй мектеп түрінде ашылса бүгінде трихологиялық институттар деңгейіне жеткен. Лондонда трихология институты мен бірнеше орталықтар бар. Бүгінде Халықаралық трихологтар ассоциациясы мен еуропалық шаш зерттеу қоғамы бар.

Шаш аурулары неден пайда болады?

Біздің бас терімізде орналасқан шаш екі бөліктен тұрады. Біріншісі — терінің сыртына қарай өсетін шаш талы, екіншісі — терінің астындағы шаш түбірі. Ол қан жүретін тамыр, нерв жүйелері, май бездерімен тығыз байланысты. Егер аталған организм мүшелеріне зақым келсе, шашта түрлі аурулар пайда болады.

Шаш аурулары жалпы асқазан-ішек жолдары, қандағы темірдің жеткіліксіздігінен болады. Көбінесе әйелдерде эндокриндік жүйелердің әлсіздігінен, ерлерде асқорыту жолдарының бұзылуынан түрлі аурулар пайда болады.

Пиллинг процесі

Шаштың жиі түсуі қаншалықты қауіпті?

Ғылымда шаштың түсуін «алопеция» деп атайды. Қалың және тар бас киімдер теріге салмақ салады, шашқа ауа баруын тежейді. Соның салдарынан шаш түсу процесі басталады. Шаштың түсу себебін анықтау үшін әуелі сараптама жасау қажет.

Негізінен шаштың түсуі тұқым қуалайды. Бұдан бөлек дұрыс әрі уақытылы тамақтанбау, шаш күтіміне мән бермеу, қандағы темір деңгейінің жеткіліксіздігі, гормондық ауытқушылық, жиі күйзеліске түсу әсер етеді. Сондай-ақ, өт жолдары мен асқазан жұмысының бұзылуы, эндокрендік аурулар да шаштың түсуіне себеп.

Елімізге трихология түсінігі 90-жылдары жетіп, мамандардың жұмыс істей бастағанына 10 жылдың көлемі ғана болды. Бірақ денсауминнің кадр тізімінде бұл мамандық жоқ, тек дерматокосметологияның бір тармағы ретінде ғана қарастырылады. Еліміздің ірі қалаларында ашылған трихологиялық орталықтағы мамандардың басым бөлігі шетелде оқып, білімін жетілдіріп келгендер.

Шашы тым сиреген жандар маман ұсынған кеңеске жүгінгені дұрыс немесе арнайы сусабындарды қолданса болады. Олардың құрамында шаштың қатаюына әсер ететін заттар бар. Ал дүкен сөрелеріндегі жәй сусабындар шаштың сыртқы жағын әдемі көрсеткенімен, бас терісіне жағымсыз әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, бас терісін арнайы әдіспен күніне екі рет уқалап, қан айналымын жақсарту қажет. Үй жағдайында түймедақ, алоэ, қалақай, жалбыз шөптерін қайнатып, суын тұндырып, шашты жуғанда қолданса болады. Олар шаштың түсуін тежейді.

Қазіргі таңда шаштың сиреген жерлеріне арнайы ем алып, өсіруге мүмкіндік мол. Осы тұрғыдан алсақ, шаштың түсуі қауіпсіз. Жасанды шаш жалғау таңсық дүние емес. Тек кеңесті арнайы трихолог маманнан алған дұрыс.

Плазматерапия емдеу әдісіне арналған аппарат

Ақ шаш неден пайда болады?

Ақ шаштың жас ұлғайғанда пайда болуы заңдылық. Алайда, қазіргі кезде 18-ге толмаған жасөспірімдерден бастап ақ шаш кездестіріп жатамыз. Бұл тұқым қуалаудан, витаминдердің жетіспеуінен (В12), жиі күйзеліске түсуден, шылым шегуден пайда болады.

Шаштың түсі қара пигменттерге байланысты. Мұны көбі біле бермеуі мүмкін. Егер шаш құрамында меланиндер (қара пигменттер) мол болса, шаштың түсі де қанық болады. Ал пигмент дұрыс қалыптаспаса, шаш бірте-бірте ағарып кетеді. Пигменттер қараторы, қара шашты адамның шашында көп болады. Ал керісінше, қоңыр өңді, сары шаштыларда — аздау, аққұба, сары шаштыларда — тіптен аз болады.

Шаштың ағаруын тежеу үшін кокос майы пайдалы. Оны күнде ұйықтар алдында бас терісіне массаж арқылы жақса, жақсы әсерін тигізеді.

Ескерту! Бастың қасқалануы да, жиі терлеуі де, қайызғақтан арылмауы да шаш ауруларына жатады. Асқазан ішек жолдары, эндокриндік және иммундық жүйенің бұзылуы да шаштың сыпырылып түсуіне сеп болатын көрінеді. Одан қалса экология, шашты дұрыс күтпеу, стресс, инфекция да әсер етеді. Адамның шашы күндігіне 50 ден 80 талға дейін түседі, бұл қалыпты жағдай дейді мамандар.


Бояу шашқа зиян ба?

Қазіргі таңда нәзік жандылардың бәрі әдемі болып жүргісі келеді. Ешқайсысына «бұл зиян» деп шектеу қоя алмаймыз. Бірақ, шашты бояу адам ағзасында бауырға қатты әсер етеді. Шашын айына 2-3 рет, тіпті одан көп бояйтындар гипертиреоз (қалқанша безі ауруы), асқазан-ішек жолдарының қабынуына, түрлі созылмалы ауруларға тап болады. Сондай-ақ, аллергиялық аурулар, лейкомия, бас ауруы осы шаш бояуынан пайда болады.

Шашқа зиян келтірмес үшін аммиаксыз шаш бояуын пайдаланған дұрыс. Бірақ, қазіргі таңда салондарда қолданылатын шаш бояуларының 75% аммиактан тұрады. Аммиак өкпенің зақымдануына, жүйке қызметінің бұзылуына әсер етеді. Сондай-ақ, бояудың құрамында кездесетін парафилендиамин деген қоспа да өте қауіпті. Ол қуық жолы ісігін тудыратынын ғалымдар дәлелдеп отыр.

Айгүл Зейноллақызы, © Суреттер жеке мұрағатынан

Маманнан кеңес:

Шашты дұрыс жуып, кептіріп, уақытылы күтім жасау керек.

  • Салқын ауа райында, әсіресе қыз бен күзде шашты салқын сумен жуған дұрыс;
  • Далаға шашты толық кептірген күйде шығу керек, әйтпесе, шашыңыз суық тиюден бөлек ұштанып кетеді;
  • Фен мен шаш бұйралауға немесе тіктеуге арналған құралдарды қолдануды азайту керек;
  • Шашты күнде жуу оны әлсіретіп жібереді, тез майлануға әкеледі;
  • Қыста бас киімсіз жүрмеу қажет;
  • Бастың қанайналымын жақсарту үшін күнде қолмен массаж жасап тұрған дұрыс.

Сондай-ақ, қазіргі таңда адамдардың организмінде темір жетіспеушілігінен шаштары жиі түседі. Сол үшін шай, кофе, газдалған сусын ішуді тыйған дұрыс. Аталған сусындар темірдің ағзаға сіңуіне кедергі келтіреді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.