Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміздің денсаулық сақтау саласы жүйелі түрде дамуда, Қазақстанның түкпір-түкпірінде озық технологиялармен жабдықталған медициналық мекемелер ашылуда. Бүгін, міне 150 орындық аурухана ашылды. Бұдан бөлек, биыл осы аурухана жанынан 250 орындық емхана салуды көздеп отырмыз. Қазір емхана құрылысын салу бойынша құжаттар әзірленуде,– деді Қырымбек Көшербаев.
Аймақ басшысы аурухана ұжымының жұмысына сәттілік тілеп, жаңа «жедел жәрдем» көлігінің кілтін табыстады. Сондай-ақ аурухана үшін құны 400 миллион теңге тұратын ангиограф медициналық қондырғысы мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында алынуда. Бұл қондырғы жедел және сапалы ота жасауға септігін тигізіп, Қазалы, Қармақшы, Арал аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына қызмет көрсететін болады.
Аудандық аурухананың ашылуына қатысқан Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абай Тасболатов, Мұхтар Ерман және Геннадий Шиповских пен аудандық денсаулық сақтау саласының ардагері Орақ Кеубасов қазалылықтарды қуаныштарымен құттықтады.
Сондай-ақ облыс әкімі аудандық соттың жаңа ғимаратының ашылуына қатысты. Ғимарат ішінде судья мен хатшылардың кеңселері, сот мәжілісі залдары мен мұрағат, кеңсе және қызметтік бөлмелер орналасқан.
Сонымен қатар Қырымбек Елеуұлы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының 2018 жылғы даму жоспары мәселелері бойынша жиын өткізіп, жергілікті қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, аудан және облыстың өзекті мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қызылорда облысында 57 медициналық нысан, оның ішінде Арал, Қазалы және Шиелі аудандарындағы орталық ауруханалар ашылды. 2018 жылдың қаңтар айынан бастап Байқоңыр қаласында 15 мың қазақстандық азаматқа қызмет көрсететін емхана жұмысын бастады. Бұдан бөлек, алдағы 3 жылда тағы да 100 денсаулық сақтау нысаны салынбақ. Сондай-ақ 2015 жылы медициналық нысандардың жабдықталу көрсеткіші 43 пайыз болса, 2017 жылы 76,5 пайызды құрады, ал ағымдағы жылы 90 пайызға жетеді деген жоспар бар.