Балаға қатысты салт-дәстүрлерден келетін пайда
«Кіндік кесер» кәдесі
Ертеректе бала дүниеге келмей жатып, ауыл әйелдері баланың кіндігін кесуге таласқан. Кіндік кесуді мәртәбе ретінде көрген. Ел арасында баланың кіндігін кім кессе, баланың бойында сол кісідегі қасиеттер дариды деген түсінік бар. Баланың ата-анасы кіндік кескен адамды құрметтеп, рақметін айтып «кіндік кесер» кәдесін берген.
Баланың қырқынан шығаруға көмектесетін әйелдер
Баланың туғанына қырық күн толған соң, оны қырық бір қасық су құйып шомылдырады. Қырқынан шығару рәсіміне үлкен кісілер, әйелдер қатысады. Үй иелері баланы қырқынан шығаруға көмектескен әйелдерге сый беруді әдетке айналдырған.
Жиенқұрық
Жиенқұрықты басқа аймақтарда «қырық серкеш» деп атайды. Бұл дәстүр нағашылардың жиенге жасалатын кәдесі. Жиенқұрық дәстүрі бойынша нағашысы жиенінің үш рет сұрағанын беруге міндетті болып саналады.
«Тұсау кесер» кәдесі
Көбіне баланың тұсауын кесерде шапшаң жүретін әйел таңдалады. Тұсау кесіліп болған соң, баланы тез жүгіртеді. Баланың ата-анасы тұсауын кескен әйелдің кәдесін береді.
Сүндет той
Сүндетке отырғызу «мұсылман болумен» теңестіріледі. Ата-ана сүндетке отырған баланың құрметіне той жасап, туған-туыстарды жинаған. Туыстары оған үлкен азамат болды деп, құттықтауларын айтып сый-сыяпат көрсетіп сыйлықтар берген.
Келінге қатысты салт-дәстүрлерден келетін пайда
Түйе мұрындық
Бұрынырақ қыз ұзатылып келе жатқан көштің алдын бір топ әйелдер арқан керіп тосып, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алатын болған. Оны жүргізбей кәде сұраған. Салт қазіргі уақытқа дейін заман талабына сай сақталған. Яғни, ұзатылған қыз жаңа отбасына түйемен емес, көлікпен барады. Оны жеңге, абысындары тәтті, дәмділерімен күтіп алады. Көліктегілер оларға сый ұсынуы керек.
Көрімдік
Көрімдік (байғазы) — қазақтың дәстүрі бойынша кез-келген жаңа нәрсеге, мысалы жаңа киім алғанда, мүлік aлғанда, жаңа үйге кіргенде, жетістікке жеткенде туған-туысқан, жора-жолдастары беретін сый.
Жаушы
Жаушы қыздың үйіне барып, «қыз айттыру» амалын орындайды. Егер қыздың ата-анасы құда болуға келісіп жатса, жаушыны құрметпен, кәде сыйларымен шығарып салған.
Беташар
Қазақтың салт дәстүрінде жаңа түскен келіннің беті ешкімге көрсетілмейді. Ол үшін арнайы «Беташар» той өткізіледі. Тойға келген туған-туыстар, көршілер мен жақындары жас келінге сәлем бергені үшін, көрімдік ретінде ақша тастайды.
Мәһір
Мәһір — исламда үйлену кезінде ер кісінің әйеліне беретін материалдық сыйлығы.
Күйеубалаға қатысты салт-дәстүрлерден келетін пайда
Күйеу табақ
Қазақ «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп, күйеубаланы қонаққа келгенде жақсы күте білген. Оған ет асылып, күйеу табақ тартқан. Ал қыздың жеңгелері күйеубаладан табаққа ақша салу рәсімін жүргізген. Бұл дәстүр әлі де болса сақталып, еліміздің барлық аймақтарында орындалады.
Қалта қағар
Қалта қағар — балдыз бен қайын інілердің жездесінің қалтасына қол салатын әдет-ғұрып. Оңтүстік пен батыста үйге келген күйеубаланың аяқ-киімін жасырып, күйеубаладан сыйақы сұрау әлі де сақталған.