12 қаңтар ел есінде қандай оқиғалармен есте қалды?

Түрікменстан Республикасының еске алу күні. 1881 жылы Гөк-Тепа шайқасы басталып, есепсіз қантөгілген. Соғыста шейіт болғандардың құрметіне арнап, осы күн аруақтар рухына бас иіледі.

Ресей Федерациясы прокуратура қызметкерлері күнi. Ресей Федерациясы Президентiнің 1995 жылдың 29 желтоқсанындағы «Ресей Федерация прокуратурасының қызметкерлері күнiн белгілеу туралы» Жарлығына сәйкес, 1996 жылдан бастап атап өтедi. Үндістанда ұлттық жастар күні Үкімет мерекені 1984 жылы бекітті және ол 1985 жылдан бастап жыл сайын тойланып келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР:

1922 жылы Жетісуда алғашқы Қазақ педагогикалық училищесі ашылды.

1990 жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылды.

1993 жылы Түркия үкіметі ресми түрде 1993 жылды Қожа Ахмет Ясауи жылы деп жариялады.

1995 жылы Президент Жарлығымен қазақ ғарышкерлері Т.Әубәкіровке, Т.Мұсабаевқа «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі — «Алтын Жұлдыз» тапсырылды.

2001 жылы «Аманат» журналының алғашқы саны жарық көрді.

2002 жылы Алматыда қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың мұражай үйі ашылды.

2006 жылы жазушы-публицист Мырзахан Ахметтің ұрпақ тәрбиесі мен оның сабақтастығына арналған «Бәйтеректің бұтақтары» деп аталатын жаңа кітабы жарық көрді. Алматыдағы «Тоғанай Т.» баспасынан шыққан бұл туындының бірінші бөлімінде Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы «Шыңбұлақ» аулында өмір сүріп, 10 бала тәрбиелеп өсірген соғыс ардагері, ақын-азамат Мелдебек Қойбақұлының ұрпақ тәрбиелеудегі өнегелі істері мен азаматтық асыл қасиеттері, оның зиялы ұл-қыздарының ізгілікті істері кеңінен сөз етіледі. Аталмыш кітаптың екінші бөлімі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік саласындағы «Арыстан» қызметінің бастығы, генерал-майор Сейітжан Мелдебекұлының қиындығы мен қызығы мол күрделі жұмысының сан тарау иірімдерінен сыр шертеді. Кітаптың оқырмандар үшін танымдық, тағылымдық жағы аса мол.

2006 жылы Қостанайда «Қазақ Тұлпары» атты республикалық мемлекеттік кәсіпорынның құрамынан жылқылардың генетикасын зерттейтін еліміздегі алғашқы зертхана ашылды. Зертхана асыл тұқымды жылқылардың жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорын жылқылардың жаңа тұқымын жасап шығарумен шұғылданады. Жаңа тұқымның арғы тегін зерттеу селекцияны жылдамдатуға көмектеседі. Осы бығаттағы жұмыс елдің экономикасына және Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сәйкес белгілердің бірі болды.

2006 жылы Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин кездесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Осы келіссөздердің барысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы қазақстандық-ресейлік мемлекеттік шекара жөніндегі Шартты бекіту туралы грамоталар алмасу хаттамасына қол қойды.

2006 жылы Семейде «Спартак» орталық стадионында КСРО-ның спорт шебері, белгілі футболшы Серғазы Рымбаевқа арналған мемориалды тақта орнатылды.  Серғазы Рымбаев (1959-2005) барлық өмірін футболға арнады, 12 жыл жергілікті «Спартак» командасының құрамында өнер көрсетті. 312 матч өткізіп, 18 доп соққан. Семейлік «Елімай» командасының бапкері, содан кейін команданың бастығы болды. 1996 жылы Қазақстан чемпионатында «Елімай» командасының бас бапкері ретінде қола жүлдеге ие болды.

2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ойын кәсiпкерлiгi туралы», «Қазақстан Республикасының ойын кәсiпкерлiгi мәселелері бойынша кейбiр заң актiлеріне өзгерiстер және қосымшалар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.

2009 жылы Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Бiрiншi Президентiнiң алғашқы Интеллектуалдық мектебі ашылды. Зияткерлiк мектеп балалардың қабiлеттiлiктерiн және жеке бас мүддесiн есепке алып кең ауқымда бiлiм бағдарламаларын береді. Бұл мектепте цифрлы техникамен жарақтанған 24 смарт-сыныптар, 14 интерактивті пәндік кабинеттері, 4 физика, 6 мультимедиа кабинеттерi бар. Әрбiр оқушы интернетке шығатын дербес ноутбукпен қамтамасыз етілген.

2010 жылы Қазақстан Лондондағы «Білім беру және технологиялар» дүниежүзілік форумына қатысты.

2010 жылы Атырауда мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сот құрылды.

2011 жылы Азия Олимпиадалық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Әл-Кувейтте VII қысқы Азия ойындарының Алауы қазақстандық делегацияға салтанатты түрде табыс етілді.

2011 жылы Алматыдағы қалалық поштамтта 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарының Эстафетасына арнайы шығарылған пошта мөрқалыбымен филателистік өнімді сөндіру рәсімі болды.

Мемлекеттік тілде жазылған «7-ші қысқы Азия ойындарының Эстафета алауы. 12.01.2011» жазуы және алаудың суреті түсірілген ашықхат қазақстандықтардың өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі — 7-ші қысқы Азия ойындары алауының эстафетасының құрамдас бөлігіне айналды.

2012 жылы Түркияның Адана қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Қазақстанның Аданадағы консулы ретінде белгілі бизнесмен, «Кулак иншаат» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Таркан Кулак тағайындалды. Ашылу рәсімінен кейін қонақтар Қазақстан жайлы сыр шертетін фотокөрмені тамашалады. Қатысушылардың барлығына Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігі түрік тілінде шығарған Қазақстан туралы кітап сыйға тартылды.

2012 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасын жүзеге асыру мақсатында «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» Қауымдастығы www.group-global.org  сайтында G-Global коммуникативті интернет-алаңы форматында интеллектуалдық желіні іске қосты.

2013 жылы Павлодар аймақтық кардиохирургиялық орталықта алғаш рет жүрекке ашық түрде ота жасалды.

2015 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Жамбыл обысының әкімдігі Қазақ хандығының  550 жылдығына арналған монументтің үздік жобасы  республикалық ашық конкурс жариялады.

2015 жылы Талғат Мұсабаевтың ғарышқа ұшқанына 20 жыл толуына және Қазақстан ғарыш байланысының 10 жылдығына арналған пошта маркалары айналымға шығарылды. Үш рет ғарышқа ұшқан ғарышкер Талғат Мұсабаевтың бейнесі түсірілген мерейтойлық марка 25 000 данамен шығарылды.

2015 жылы «KTZExpress» АҚ логистикалық серіктестері  — DBSchenker компаниясы және   KLM әуе операторымен «HewlettPackard» электрондық техникасын пилоттық түрде Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропағы өткізді. Мұнда теміржол мен әуе көлігі пайдаланылды.

2016 жылы Мемлекет басшысы атом энергиясын пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған «Атом энергиясын пайдалану туралы» ҚР Заңына қол қойды.

2017 жылы Астанадағы Назарбаев университетінің спорт орталығы базасында балалар баскетбол академиясы салтанатты түрде ашылды. Жаттығулар тегін өткізіледі. Академияға 8-14 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қабылданады. Бас бапкер ретінде Деян Парежанин тағайындалды.

1950 жылы КСРО отанға опасыздық жасағаны, тыңшылық пен  бүлік үшін өлім жазасы қайта енгізілді.

1970 жылы «Boeing 747 Jumbo» реактивті ұшағы бірінші сынақтан кейін Нью-Йорктен лондондық «Хитроу» әуежайына келді.

1974 жылы Ливия мен Тунис біріккені туралы және Ислам араб республикасының құрылғаны жайында хабарлады.

2004 жылы әлемдегі ірі «Queen Mary 2» круиз кемесі алғаш рет Атлант мұхиты арқылы жүзіп өтті.

2010 жылы Гаитиде 100 000-нан астам адамның өмірін жалмаған жер сілкінісі болды.

ЕСІМДЕР:

106 жыл бұрын (1912-1993)  аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы ҚОНАЕВ   Дінмұхамед Ахметұлы (1912-1993) дүниеге келді. Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қарапайым қызметкердің отбасында өмірге келген. 1930 жылы Алматыдағы №14 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1931-1936 жылдары Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Дінмұхамед Қонаевты Мәскеудің Түсті металл институтына оқуға жібереді.

1936 жылы аталған институтты ойдағыдай бітіріп, тау-кен инженері мамандығын алған Д. Қонаев 1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасады. Онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры қызметтерін атқарады.

1939 жылыЕкінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі — Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды.

1939 жылы — КОКП мүшелігіне қабылданды.

1942-1952 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осы қызметінде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. Тау-кен ісі саласының ірі ғалымы Д. Қонаев республика ғылымының дамуы жолында зор еңбек сіңірді. Ғылыми-ұйымдық жұмыстарды жақсарту, ғылыми зерттеулердің негізгі салаларын білікті кадрлармен нығайту шаралары оның басшылығымен жүзеге асырылды.

1955-1960 жылдары — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.

1960-1986 жылдары — Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды.

1986 жылы 16 желтоқсан күні — Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Колбин тағайындалды. Бұған наразы болған қазақ жастарының Желтоқсан оқиғасы болады.

1987 жылы — маусымдағы пленумда Д.А.Қонаев «Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы болғанда республика партия ұйымын басқарудағы жіберген қателіктері үшін» деген сылтаумен КОКП ОК мүшелігінен босатылды. Бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның XIX-съезінен бастап, кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарды.

1956 жылдан бастап СОКП-ның Орталық Комитетінің мүшесі. Партияның XXIII-съезінде ол КОКП-ның Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал XXIV-съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды. Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қайшылықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.

89 жыл бұрын (1929-2005) экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі ИСАЕВА Муза Гавриловна дүниеге келді.

82 жыл бұрын (1936-2004) ғалым-топырақтанушы, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық топырақтанушылар қоғамының мүшесі, Қазақ топырақтанушылар қоғамының президенті, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты АХАНОВ Жақан Уәлишерұлы дүниеге келді. Қызылорда облысында туған. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) бітірген.

1960-1984 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Топырақтану институты директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, ғалым-хатшысы, Шу тірек пунктінің меңгерушісі, кіші ғылыми қызметкері.

1984-2001 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Топырақтану институтының директоры.

1994-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Биология ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы.

2001-2004 жылдары — Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Топырақтану институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.  Көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.

78 жыл бұрын (1940) белгілі жазушы, драматург, сыншы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері ДОСАНОВ Сәбит Айтмұханұлы дүниеге келді. Ол Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ең тұңғыш туындысы — «Шабындық басында» екінші сыныптың «Ана тілі» оқулығына енді. Қаламгерді елге танымал еткен туындысы «Ақ аруананы» басып шығарғанда ол 27 жаста болатын. Жазушының ең алғашқы кітабы «Қайырлы таң» деген атпен 1966 жылы жарық көрді.

Содан кейін әлем халықтарының бірнеше тілдеріне аударылған ондаған шығармалары, соның ішінде «Тау жолы», «Екінші өмір» атты романдары жазылды. Бірнеше көркем шығармалары 1981, 1988, 1999 жылдары Мәскеуде жеке кітап болып шықты және өзге тілдерге аударылды.

1998 жылы «Санат» баспасынан «Жиырмасыншы ғасыр» атты жаңа романы жарық көрді. С.Досанов драматургия жанрында да жемісті еңбек етті. Оның «Дауыл» атты алғашқы пьесасы еліміздің көптеген театрларында және Қырғызстан, Өзбекстан драма театрларында қойылып, көрерменнің көзайымына айналды. Драматургтің көптеген радиопьесалары Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы. Кейінгі кездері «Тозақ шеңбері» атты пьеса жазып шықты. Ол өзінің өзгеше формасымен, кейіпкер таңдауымен, ой жаңашылдығымен, шарықтау шегінің шебер түйілуімен ерекшеленеді.

Ресей Федерациясының Шолохов атындағы халықаралық сыйлығының, Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері. 2012 жылы желтоқсанда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

75 жыл бұрын (1943) суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі АЛШЫМБАЕВ Сәулетай Әбдірахманұлы дүниеге келді. Ол Шығыс Қазақстан облысында туған. И.Репин атындағы Ленинград кескіндеу, мүсін және сәулет институтын бітірген.

1979 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданған. Көптеген бүкілодақтық және республикалық көрмелерге қатысқан. Қылқалам шеберінің «Сақманшы», «Бірінші», «Қара қағаз», «Нан» туындылары, «Махамбет», «Түс», «41 құмалақ», «Шоқан Уәлихановтың жастық шағы», «Көк бөрі — Ана», т.б. мүсіндері бар. Оның қолынан шыққан көптеген суреттері мен мүсіндері Ә.Қастеев атындағы республикалық мұражайда тұр.

69 жыл бұрын (1949) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы АҚЫЛБАЙ Серік Байсейітұлы дүниеге келді. Қарағанды облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Жезқазған қаласында дүниеге келген. Қарағанды Мемлекеттік Университетінің заң факультетін бітірген, заңгер. Заң ғылымының кандидаты. Сайланғанға дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының судьясы, Қарағанды облысының прокуроры болып еңбек істеді. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияларының және Құқықтық саясат жөніндегі кеңесінің мүшесі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі өкілетті органның тәртіптік комиссиясының, Шетелде тұратын отандастардың iстерi жөнiнде комиссияның мүшесі.

«Өңір» депутаттық тобының, Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясының мүшесі. АҚШ Конгресімен, Испания Корольдігінің Бас Кортестер Сенатымен, Канада Сенатымен, Катар мемлекетінің Консультатив Кеңесімен, Малайзия және Франция Республикасының Сенатымен ынтымақтастық топтарының мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексі Түсініктемесі авторларының бірі. «Антикоррупционная политика в Республике Казахстан» (2006 ж.) кітабының авторы. «Құрмет», ТМД ПАА-ның «Содружество» ордендерімен, КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, бес медальмен марапатталған.

68 жыл бұрын (1950) Қазақстан Республикасының халық әртісі АХМАДИЕВ Мұрат Әбдурейімұлы дүниеге келді. ҚХР-дың Шәуешек қаласында өмірге келген. 1961 жылы Ахмадиевтің жанұясы ҚазКСР-на қоныс аударды. Ән айтуды балалық шағынан бастаған, 14 жасында теледидар арнасында оның бірінші 30 минуттық фильм-концерті жарық көрді. Осы фильмнен кейін әншінің аты тек Кеңес Одағына емес, шетелге де танымал болды. 1965 жылы М.А. Ахмадиев М. Горький атындағы Мәскеу киностудиясында түсірілген «О чем молчала тайга» атты көркем фильмде кавказ ұлы Алешаның рөлінде, 1966 жылы атақты режиссер Ш.Аймановтың «Земля отцов» фильмде Баян атты ұлдың рөлінде ойнаған, 1968 жылы «Тақиялы періште» фильмнің түсірілуіне қатысқан.

1975 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «хоровое дирижирование» мамандығы бойынша жоғарғы білім алды. Сол жылы, Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығының лауреаты, «Яшлык» вокалдық-инструменталдық ансамблін құрып және оның көркемдік жетекшісі болды. 1984 жылдан 2007 жылға дейін ТМД-ғы жалғыз кәсіптік ұйғыр театрының басшысы болды. 1996 жылы сол ұйғыр театрының бұрынғы ғимаратына өткізілген қайта жөндеу жұмыстарының бастамашысы және ұйымдастырушысы болды.

2002 жылы Елбасы Н.А. Назарбаевтын қатысуымен аталған театрдың жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы өтті. 2007 жылдан 2011 жылға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымының депутаты. 1984 жылы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі», 1998 жылы «Қазақ Республикасының халық әртісі» құрметті атақтарына ие болды, 2005 жылы «Құрмет» және 2010 жылы «Парасат» ордендерімен марапатталды. 2002 жылдан бастап Еуропа университетінің өнертану құрметті докторы. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.

66 жыл бұрын (1952) Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры ПІРӘЛИЕВ Серік Жайлауұлы дүниеге келді.  «ҚР Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, Нобель сыйлығының иегері П.Л. Капица атындағы күміс медалімен,  Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Құрмет» орденімен (2005), «Қазақстан Республикасы ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» медалімен, А. Байтұрсынов атындағы алтын медалі, «Нұр Отан ХДП «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапатталған, Халықаралық Жаңа ғылыми ашылымдар мен өнертабыстар академиясы дипломының иегері. ҚР Президентінің Жарлығымен еліміздің мәдени дамуына сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

57 жыл бұрын (1961) ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты ӘБДІРОВ Нұрлан Мәжитұлы дүниеге келген. Ол Қарағанды облысында туған. КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Заң ғылымдарының докторы, профессор.

Еңбек жолы:

  • КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы (1982-1984);
  • КСРО ІІМ Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтының адъюнкті (1984-1987);
  • ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің оқытушысы, аға оқытушысы, доцент, қылмыстық құқық және криминология кафедрасы бастығының орынбасары (1987-1997);
  • Есірткіні бақылау жөніндегі ҚР Мемлекеттік комиссиясының хатшысы (1997-2000);
  • ҚР Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары (2000-2001);
  • ҚР Әділет министрлігі Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары (2001-2002);
  • ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының сектор меңгерушісі, мемлекеттік инспектор, Қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары (2002-2005);
  • ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшысының орынбасары — ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Хатшылығының меңгерушісі (2005-2009);
  • төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (2009-2011);
  • 2012 жылғы 20 қаңтардан бастап — бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты;
  • 2016 жылғы 25 наурыздан бастап — алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Заңнама жөне сот-құқықтық реформа комитетінің Төрағасы.

«Құрмет» және «Парасат» орденімен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен наградталған.

57 жыл бұрын (1962)  Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы,  авиация генерал-майоры ОРМАНБЕТОВ Нұрлан Секенұлы дүниеге келді.

56 жыл бұрын (1962) қазақстандық кинотанушы, киносыншы, Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының президенті ӘБІКЕЕВА Гүлнар Ойратқызы дүниеге келген. Ол Алматы қаласында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарий-кинотану факультетін кинотанушы мамандығы бойынша (1984); Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының аспирантурасын (1992) бітірген.

Еңбек жолы:

  • 1984 жылдан «Қазақфильм» киностудиясының сценарийлік-редакциялық алқасының аға редакторы;
  • 1987 жылдан Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының аспиранты (Мәскеу);
  • 1992 жылы «Азия кино» журналының бас редакторы;
  • 1994 жылдан — Т. Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының «Кино тарихы және теориясы» кафедрасының меңгерушісі;
  • 1997 жылдан — «Сорос-Қазақстан» қорының «Мәдениет және өнер», «Бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау» бағдарламаларының үйлестірушісі;
  • 2001 жылдан — Фулбрайт стипендиаты, АҚШ-тың Болдуин колледжінің, Пистбург университетінің зерттеушісі және оқытушысы;
  • 2002 жылдан — «Сорос-Қазақстан» қорының «Шығыс Батыс» бағдарламасының үйлестірушісі;
  • 2003 жылдан — «АСТВ» телеарнасының бас продюсері (Астана қаласы);
  • 2004 жылдан — «Орталық Азия кинематография орталығы» қоғамдың қорының директоры (Алматы қаласы);
  • 2005 жылдан бері — «Еуразия» халықаралық кино байқауының арт-директоры;
  • 2006-2008 жылдары — «Евразия кино» журналының бас редакторы;
  • 2009 жылдың қаңтар айынан бері — «Территория кино» журналының бас редакторы;
  • «Мегаполис» (2003-2005), «Начнем с понедельника» (2006-2008) газеттерінде кино туралы тұрақты айдарды жүргізген;
  • 1998 жылдан ҚР Кинематографистер одағының мүшесі;
  • 2006 жылдан «ФИПРЕССИ» Халықаралық кино сыншыларының федерациясының мүшесі;
  • 2007 жылдан НЕТПАК Азия кино сыншыларының қауымдастығының мүшесі;
  • 2006 жылы «Қазақстан Парламентіне 10 жыл»; «Ерен Еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
  • 2016 жылы Францияның Әдебиет және өнер орденінің кавалері атанды.

55 жыл бұрын (1963) Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі ОМАРОВ Қайрат Ермекұлы дүниеге келген. Ол Өзбекстанда, Ферғана қаласында дүниеге келген. Алматы шет тілдері педагогикалық институтын бітірген (1985). Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінде еңбек өтілінен өткен (1992).

Еңбек жолы:

  • Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, этнография және археология институтының ғылыми қызметкері;
  • Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Көркем аударма бойынша Бас редакциялық алқасында ағылшын тіліне аудармалардың бас редакторы (1989-1991);
  • Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің екінші, бірінші хатшысы, Еуропа және Америка бөлімінің меңгерушісі (1992-1994);
  • Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің басқарма бастығы, Еуропа департаменті директорының орынбасары (1996-1998);
  • Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігінің кеңесші-елшісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі Елшісі (1998-2004);
  • ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығының бас инспекторы (2004);
  • ҚР-ның Үндістан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі (2004-2008);
  • ҚР-ның Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы (2008-2009);
  • ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары (2009-2013);
  • 2013 жылғы қаңтардан бастап 2017 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.

2017 жылдың 4 қаңтарынан бастап Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен, «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталған.

39 жыл бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі төрағасының орынбасары ШАЙЫМОВА Айгүл Амантайқызы дүниеге келген. Ол Целиноград облысында туған. Л. Гумилев атындағы университетін (1999); Қаржы полициясы академиясын (2004) бітірген.

Еңбек жолы:

  • Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттігі Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық байланыс басқармасының кіші инспекторы, инспекторы, аға инспекторы, аса маңызды істер жөніндегі аға инспекторы (2000-2002);
  • Қазақстан Республикасы Қаржы полициясы агенттігінің Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық басқармасы құқықтық сараптама бөлімінің бастығы (2002-2004);
  • Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық басқармасы бастығының орынбасары (2004-2005);
  • Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Құқықтық қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық департаменті бастығының орынбасары (2005-2011);
  • Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Төрағасының кеңесшісі (2011-2012);
  • Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі — Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры аппаратының Ақпараттық-талдау басқармасы Стратегиялық талдау орталығының басшысы (2012-2013);
  • Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі Ахуалдық орталығы меңгерушісінің орынбасары (2013-2014);
  • Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы (2014-2015);
  • 2016 жылдың 11 қаңтарынан бастап 28 қыркүйегіне дейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі;

Қазіргі лауазымын 2016 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді. Бір неше жылдар бойы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық жұмыс топтарының теңтөрағасы болды. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, мерекелік және ведомстволық медальдарымен наградталған.

142 жыл бұрын (1876-1916) америкалық жазушы Джек ЛОНДОН дүниеге келді.

102 жыл бұрын (1916-2006) Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті Бота Питер Виллем дүниеге келді.

Дереккөзkazinform.kz