Бұл туралы Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне «Астана Тазалық» ЖШС хабарлады.
«Тәулік ішінде Астанада 34 227 текше метр қар шығарылды», — делінген хабарламада.
Жолдарды тазалау және қар шығару жұмыстарына 1345 техника тартылды. Олардың қатарында сыпыру-жинау машиналары, тротуар жинайтын машиналар, шнекороторлық техника, құмтөсегіштер, автогрейдерлер, қар тиегіштер, фронталдық тиегіштер және самосвалдар бар.
Техникадан бөлек, қарды қолмен жинауға 1888 жол қызметкері, соның ішінде Алматы ауданы бойынша 845, Сарыарқа ауданы бойынша 560 және Есіл ауданында 483 жұмыскер тартылды.
Айта кетейік, Астанада жұмыс күндері, демалыс және мереке күндері қар шығару жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі.