Бұдан тыс, облыстың таулы аудандарында жауын-шашынның болуына байланысты қар көшу қаупі сақталады.
«Қар көшу қаупі болғандықтан, таудың қарлы бөктеріне шықпауға кеңес береміз. Тауда абай болыңыздар», — деп ескертеді Жамбыл облыстық ТЖД-дегілер.
Орталықтың хабарлауынша, облыс автожолдарындағы көлік қозғалысы әзірше тұрақты, Қордай, Күйік, Шақпақ, Хантау асулары ашық. Облыста күндіз кейбір жерлерде жауын-шашын, көктайғақ болып, тұман түседі. Ауа температурасы түнде 2-7 градус нөлден төмен, ал кейбір жерлерде минус 12-17 градусқа дейін төмендейді. Күндіз +5 градусқа дейін жылы, кей жерлерде — 5 градусқа дейін төмендейді.
Еске салайық, өткен жылы Жуалы ауданына қарайтын Талас Алатауының бөктеріндегі Көксай шатқалында өтіп жатқан 91678 әскери бөлімі әскери қызметшілерінің сабағы барысында, күтпеген жерден қар көшкіні болған еді. Салдарынан бірнеше әскери қызметші қаза тапты.