Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның бокстан...

Қазақстанның бокстан Олимпиада құрамасы Риода ел үмітін ақтай алмауы мүмкін

Сондықтан бапкерлер лицензиялық турнирлердегі мүмкіндікті дұрыс пайдалануға міндетті. Ал спорт мамандары қоржынымызға алтын медаль салады деп болжап отырған боксшы кім?

Қазақстан — әлемдегі үзік бокс мектептерінің бірі. Дегенмен биылғы Олимпиадада ел намысын қорғайтын былғары қолғапшылардың тізімі әлі толық анықталмады. Боксшыларымыз 2012 жылы Лондонға 9 жолдама ұтып, 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль иеленген еді. Спорт журналисі Руслан Меделбек Рио Олимпиадасында да еліміздің бокс құрамасы 3 медаль алады деп болжайды.

«Рио Олимпиадасында Қазақстанда минимум бір алтын болады. Содан кейін Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетов те алтын алам деп отыр. Себебі бұл — Әділбектің соңғы мүмкіндігі», — дейді Халықаралық Олимпиада комитетінің репортеры Руслан Меделбек.

Жазғы Олимпиадаға 133 күн қалғандағы есеп бойынша жолдама алған боксшылар төртеу. Басты үміт — Данияр Елеусіновте. Лондон Олимпиадасына қатысқан, әлем чемпионы, Азияның және Азия ойындарының екі дүркін чемпионы. Пекин және Лондон Олимпиадаларында жүлдеге таласқан Біржан Жақыпов тағы да бағын сынамақ. Оған бұл мүмкіндікті құр жібермеу керек. Одан өзге Азия чемпиондары Берік Әбдірахманов пен Василий Левит бар. Олар да жүлдеден үмітті.

Атланта және Сидней Олимпиадаларында қатарынан күміс медаль алған Болат Жұмаділов қазір нақты біреудің атын атауға ертерек деп санайды. Алайда спорт бәсекесінде аса үлкен үміт күттірмеген спортшы алтын алып кетуі ғажап емес дейді. Оның айтуынша, бокстан 4 жолдама салыстырмалы түрде аздық етеді.

«Олар туралы бірдеңе айтуға әлі ерте. Әрине аз. Біздің команда толық құрамда барса ғана қуанышты жағдай», — дейді екі дүркін Олимпиада жеңімпазы Болат Жұмаділов.

Дәл қазір Қытайда өтіп жатқан Азия және Мұхит аймағы бойынша Олимпиада ойындарының лицензиялық турниріне алты боксшымыз қатысып жатыр. Олардың арасында жолдама алу мүмкіндігінен бір рет айырылып қалса да, тәуекелге қайта мінген Жәнібек Әлімханұлы, Әділбек Ниязымбетов пен Иван Дычколар бар. Сондай-ақ, әйелдер арасында Назым Қызайбай, Назым Ишановалар жолдама алуға барын салады. Ал құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов лицензиялық турнирлер аяқталғанша сұхбат беруден бас тартты.