Сауалнама: Балалар Аяз атадан қандай сыйлық алғысы келеді?

Жаңа жыл дегенде ойымызға Аяз ата, шырша, мандарин мен сыйлықтар оралады. Жаңа жылдан әркімнің жаңалық пен жақсылық, ерекше сыйлық күтетіні анық. Ал қазақстандық балалар Аяз атадан қандай сыйлық алғысы келеді екен? Baribar.kz сұрап керді.

Аружан, 7 жаста:

Аружан
©baribar.kz

Мен жыл сайын Аяз атаға хат жазамын. Ол менің сұраған сыйлықтарымды Жаңа жыл күні түнде шыршаның астына қалдырып кетеді. Мен биыл Аяз атадан үлкен қуыршақ алғым келеді. Оның көйлектері көп болса екен. Мен оны тамақтандырып, киім тігіп ойнайтын едім.

Тимофей, 10 жаста:

Тимофей
©baribar.kz

Аяз атаға алғым келетін сыйлықтардың тізімін айтсам, шошып кететін шығар (күліп). Әрине, алғым келетін сыйлықтар өте көп. Алайда, Аяз ата маған үлкен «LEGO» құрастырғышын сыйласа қуанышымда шек болмас еді. Маған құрастырғыш ойыншықтармен ойнаған ұнайды.

Ділназ, 11 жаста:

Ділназ
©baribar.kz

Соңғы уақытта робототехникаға деген қызығушылығым оянып жүр. Аяз ата маған робототехника құрастыруға арналған жинақ сыйласа екен деймін. Ата-анама бұл туралы айтсам, қыз баланың роботтармен емес, қуыршақпен ойнағаны дұрыс дейді. Бірақ, маған роботтармен ойнаған қызығырақ.

Марк, 6 жаста:

Аяз атадан көп нәрсе сұрағым келеді. Алайда, ең басты тілегім iPhone 7 алу. Мен мультфильм көргенді жақсы көремін. Үйде үнемі ата-анамның телефонын сұрап аламын. Себебі, теледидардан қалаған мультфильміңді қалаған уақытыңда көре алмайсың. Ал менде iPhone 7 болса, күні бойы мультфильм көретін едім.

Марк пен Арина
Марк пен Арина ©baribar.kz

Арина, 5 жаста:

Сыйлыққа қуыршақ алғым келеді. Бір емес, бірнеше қуыршақ болса да қарсы емеспін. Менің қуыршақтарыма арналған үйім бар. Оларды сол жерге қоныстандырып, «Бақытты отбасы» ойынын ойнаймын.

Даремир, 8 жаста:

Даремир
©baribar.kz

Аяз атадан сыйлыққа «Lego: Үйлер мен аралдар» құрастырғышын алғым келеді. Маған «LEGO»-ның барлық жинағы ұнайды. Болашақта архитектор болғым келеді. Ал қазір арманымдағы үйлерді осы құрастырғыш арқылы жасамақпын.

Қазақстандық сәбилердің тілегі осындай екен. Ал сіз бала күніңізде қандай сыйлық алуды армандап едіңіз?