Басты бетЖаңалықтарАстанада алғашқы...

Астанада алғашқы қысқы марафон жеңімпаздары анықталды

10, 21 және 42 км 195 метр қашықтықтарында үш жас санаты бойынша өткен жарысқа 400 адам қатысты.

Марафон Астана әкімдігі мен ҚР Жеңіл атлетика федерациясының ұйымдастыруымен өтті.  Ұйымдастырушылардың мәліметінше, аталған қашықтықты еңсерген қатысушыларға медаль берілді. Жүлде мен бағалы сыйлықтар үш жас санаты (18-34, 35-44, 45+) бойынша әр қашықтықта алғаш келген қатысушыға берілді.

10 км қашықтықта – Арман Ғалымов пен Әсем Меркажанова, 21 км-де Павел Брода мен Әсел Құспанова жеңіске жетсе, ал марафонның абсолюттік жеңімпазы болып Асқар Жаңабергенов танылды.

«Астана триатлон паркінде» өткен марафонға 298 ер адам, 90 әйел қатысты. Жүгіруге қатысқан ең жас қатысушы 9 жаста. Ал ең ересек қатысушы 70-те.

Жарысқа қатысуға тіркелгендер арасында ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков, «Қазақстанның даму банкі» АҚ төрағасы Болат Жәмішев және басқа да мемлекеттік құрылымдар мен бизнес өкілдері болды.

Дереккөз24.kz