Басты бет Жаңалықтар Дүниежүзілік банктің мәжіліс залына Алма Оразалинованың есімі берілді

Дүниежүзілік банктің мәжіліс залына Алма Оразалинованың есімі берілді

Вашингтондағы Дүниежүзілік банктің мәжіліс залына қазақ қызы Алма Оразалинованың есімі берілді. Өмірден ерте өтсе де, қазақ қызының есімі Америка, Ұлыбритания, Үндістан, Сингапур, Жапонияда елдеріне етене танымал.

©inform.kz

Алма Оразалинова Мәскеу мемлекеттік университетінде, Массачусетс технологиялық институтында білім алған. Кейіннен Дүниежүзілік банкке қызметке орналасады. Банкте қазақ қызы кедейшілікпен күрес бағытында еңбек етті.

«Алмамен таныс болғанымызға 20 жылдан асты. Кезінде түрлі жобаларды бірлесе атқардық. Тек әріптес емес, жақсы дос болдық. Оның іскерлігіне тәнтімін. Жұмысқа өте тиянақты, әр міндетін мінсіз атқаратын», — деген пікірін білдірді әлемдік банктің қызметкері Джейн Клемент.

Ауыр дертке шалдыққан Алма бұдан екі жыл бұрын көз жұмды.

«Алманың орны ойсырап тұр. Оның ерен еңбегі ескеріліп, мәжіліс залына есімі берілді. Ол Бүкіләлемдік банкте синдикация және Исламдық қаржыландыру процесі бойынша қажырлы қызмет етті», — дейді Джейн Клемент.

Дүниежүзілік банктің тағы бір қызметкері Олимпия Аджиноның айтуынша, Алмамен 12 жыл әріптес болған. «Банк тарихында оның алатын орны орасан. Іскер, білімді әрі достыққа адал жан еді».

Айта кетейік, Дүниежүзілік банк — БҰҰ жүйесіндегі бірнеше  халықаралық  қаржы  ұйымдарынан тұратын топ. Оған Дүниежүзінің қайта құру және даму банкі (ДҚҚДБ), Даму жөніндегі халықаралық ассоциация, Инвестициялық кепілдік бойынша халықараралық агенттік, Инвестициялық қайшылықтарды реттеудің халықаралық орта және Халықаралық қаржы корпорациясы кіреді. Штаб-пәтері — Вашингтон қаласында орналасқан. Қазақстан Республикасы Дүниежүзлік банкке 1993 жылдан мүше.

Бірінші болып пікір қосыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

Exit mobile version