1986 жылғы желтоқсан: Газеттер не жазды?

Ел тарихында ерек орын алатын Желтоқсан оқиғасына өз уақытында қандай баға берілді? Сол кездегі газеттерде бұл оқиға қалай жазылды? Осыны білмек үшін 1986 жылы шыққан газеттердің тігіндісін парақтап шықтық. Сондағы тапқанымыз көңілге тиді, жүректі ауыртты.

Желтоқсан оқиғасының тарихи әрі лайықты бағасын алғанына көп болған жоқ. Ұлттық рухтың көтеріліп, «Қазаққа қазақ басшы керек» деп ұрандатқан жастардың көбі бес-алты жыл бұрын ғана ақталды…

Оларды бейбіт шеруге бастап шыққан бір ғана хабар: «Қонаев кетті, Колбин келді» болатын. Ол туралы барлық басылым 17 желтоқсан күні жарыса жазған еді…

Осыны естіген бір топ жас Қонаевтың не үшін орнынан алынғанын білмекке және қазаққа қазақ басшы тағайындалуын сұрап, сол кездегі Брежнев алаңына ағылады. Алайда, билік бұл оқиғаны мүлдем басқа қырынан көрді және көрсетті. Ертеңінде барлық басылымдар жастардың бұл қылығын айыптап, оларды маскүнем, нашақор деп жазған. Бұның биліктің бұйрығымен жазылғаны даусыз. Оны әртүрлі басылымға жарияланғанымен мәтіннің мұрты да бұзылмауынан аңғаруға болады.

Баспасөз беттерінде «Алматыдан хабар» деген атпен жарияланған ақпараттта:

«ТАСС. 18 декабрь. Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жуырда болған пленумының шешіміне наразылық білдірді. Бұл жағдайды бұзақылар, арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібінің өкілдері жөнінде правоға қарсы әрекеттер жасады, сондай-ақ бір азық-түлік магазинін, жекеменшік автомобильдерді өртеді, қала азаматтарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады. 

Заводтарда, фабрикаларда, жоғары оқу орындарында, басқа да еңбек коллективтерінде болып өткен жиналыстар, сондай-ақ қала мен аудандардың партия және комсомол активтері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті пленумының шешімін мақұлдады және оқушы жастар тобының ешқандай негізсіз іс-әрекеттерін айыптап, бұзақыларға батыл шаралар қолданылуын, қалада толық тәртіп орнатылуын жақтады. Осы бағытта қолданылып жатқан іс-қимылдарды еңбекшілер қолдауда. Олар совет және партия органдарының жүргізіп жатқан шараларына белсене қатысуда. Барлық кәсіпорындар, мекемелер, оқу орындары, магазиндер, тұрмыстық қызмет, қала транспорты қалыпты жұмыс істеуде», деп жазылған.

Желтоқсанда ұлтының ертеңі үшін жаны шырылдап алаңға шыққан жастарға осындай жала жабылған. Сол жаланы шынайы етіп көрсету үшін алаңға арақ тасығандар да болған екен. Бұл туралы сайтымызға берген сұхбатында Желтоқсан көтерілісін көзімен көрген кейіпкеріміз — Сағатбек Медеубекұлы айтып берген болатын:

«Ертеңінде бәріміз шығып, Байсейітов көшесімен жоғары қарай келсек, алаңда азын-аулақ адам ғана қалған. Екі адым жер сайын бір орыс, бір қазақ әскерилер қолдарына шоқпар ұстап тұр. Кіргізбейді. Сонда бір қыз анандай жерде шырылдап жүр: «Әй, кірсеңдерші-ей! Еркексіңдер ме? Неге тұрсыңдар?»,-дейді. Қыз бала. Ал енді сол қыз – Тәуелсіздік үшін шырылдаған қыз. Сол шырылдаған дауыс – әр қазақтың азаттықты аңсаған дауысы. Сол күні қаншама адамның қыршын қиылғанын әлі күнге дейін білмейміз ғой. Кеше ғана болған оқиға. Сонда әдейі ұйымдастырып, «Сотқарлар, бұзықтар, нашақорлар» деп айту үшін, топтың ортасына сондай заттар кіргізді. Арақ кіргізді…

Бұл енді менің өзімнің шет жағасын көргенім… “Сағат төртте алаңға” деген сөз әлі күнге дейін құлағымда…»,- деген еді Сағатбек аға.

Желтоқсаншылардың бас көтеруін сөгу бұнымен толастаған жоқ. Енді алаңда бой көрсеткендерді қудалау жұмыстары басталды. Үш әріптің адамдары студенттерді қалай тергегені туралы аз айтылған жоқ. Десек те тарихта өшпестей орын алған әрі ерліктің көрінісі болған оқиға туралы естеліктің артық-кемі болмайды. Сондай бір естелігінде 86-шы жылғы желтоқсанның куәгері Жидегүл Әбдіжәділқызы былай дейді:

«Жатақханаға келдік. Содан кейін бізді жатақханадан шығарған жоқ. Бірінші қабатта сол кездегі КГБ, қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тұрып жатты. Тіпті, дүкеннің сатушылары азық-түлікті өздері әкеліп сататын болды. Күн сайын полиция қызметкерлері бізді бір-бірден бірінші қабатқа шақырып алып, камераны қосып, «Кімді танисың, айт!»- деп сұрайды. Әрине, танитын адам табылады, табылғанда қандай, өз факультетіңнің студенттері, өз тобыңның студенттері, қазақ теле-радио журналистері, ақындар жүр ішінде. Бірақ, сол кезде ант-су ішкендей ешқайсымыз ешкімді танымайтын болып шыққанымызды есіме алсам, жүрегім ізгілікке толады. Алаңнан келе салысымен, «Танып қоймасын» деп киімдерімізді ауыстырып кидік, шашымызды басқаша өрдік, кекілі жоқтар кекіл қидық, солайша ақылымыздың жеткенінше қорғандық. Алайда бізді тергеуге қайта-қайта шақыра берді. «Сен барсың ғой әне! Танымадың ба өзіңді?», «Оқудан шығарып жібереміз»,- деп қорқытты да. Бірақ, мойындамау керек екенін түсіндік. Өзімізді көрдік, бірақ ірі планда емес едік. Ірі планда тек қана Гүлнар Әшімова еді. Оны құтқару мүмкін болмады…»

Осылайша, тергеушілердің қоқан-лоққысына шыдамаған Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджановалар морт сынса, кейбіреулері бұнысын қателік ретінде мойындауға мәжбүр болып, кешірім сұраған да екен.

Мәселен, Г.Ордаева, З.Момынқұлова есімді Абай атындағы ҚазМПИ филология факультетінің 2-курс студенттері «Жетісу» газетінің редакциясына «Өкініш өзекті өртейді» деген тақырыппен хат жолдаған екен. Хатта:

«Иә, сол күні жаза басқан қадамымыз біз үшін өмірлік үлкен сабақ болды. Арандатушылардың негізгі мақсатын түсінбей, сол бір желіккен топқа аңдаусыз еріп, енді міне өкініш өзегімізді өртейді.

…Ұзамай курсымызда жиналыс өтті. Курстастарымыздың, ұстаздарымыздың бетіне қарай алмай, ұяттан өртендік. Жиналыста біз өз айыбымызды бұрынғыдан да терең сезіндік. Күні ертең ата-аналарымыз да бұл хабарды естиді-ау, біз үшін өз коллективінің, дос-жаранның алдында қызарады-ау деген ой келгенде, осы ұятты оқиға үшін тікелей жауапты арандатушыларға, олардың азғыруымен көшеге шыққан, өздері қателескенімен тұрмай, қара көбейту үшін басқаларды да алдап, бопсалап ертіп алған қайсібір жастарға деген ызалы ашу кеудемізді кернеді…

Коллективіміз біздің жастықпен жаза басқан қателігімізді кешіріп, оқуымызды жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы жағдайда партия мен үкіметіміздің жастарға деген әкелік қамқорлығының шексіз екенін ерекше сезіндік. Енді бұл жөнінде өз өмірімізден мысал келтіре кетсек дейміз. 

Екеуіміз де көп балалы семьяда өстік. Біріміздің әкеміз — жылқышы, екіншіміздің әкеміз — бухгалтер. Аналарымыз көп балалы болғандықтан үй шаруасымен айналысады. Елімізде көп балалы семьяларға көрсетілетін қамқорлықтың арқасында біз де жоқшылық көрмей өсіп жетілдік. Мәселен, Гүлжахан он баланың бесіншісі, ағасы құрылыс техникумын бітірген маман. Ал Зәуре сегіз баланың екіншісі. 

Екеуіміз де институттың жатақханасында тұрамыз, стипендия аламыз. Өйткені оқып білім алуға барлық жағдай жасалған. 

Ендігі жерде біз өз қатемізді жақсы оқу, үлгілі тәртіп, қоғамдық жұмыстарға қатысу арқылы түзетуді мақсат етіп отырмыз. Біз сияқты жаза басқан басқа да құрбы-құрдастарымызды да өткеннің өкінішті сабағынан дұрыс қорытынды жасауға шақырамыз«,-деп жазған олар. Кім біледі, бұл хат та мәжбүрлі түрде жазылған болар, әлде олай емес… Бәріне тарих куә.

Осы толқуды айыптау, оқиғаның өңін айналдырып беру жұмыстары жыл соңына дейін толастамады. «Социалистік Қазақстан», «Жетісу», «Ленин жолы», «Коммунистік еңбек» сынды басылымдарда «Теріс құбылыстарға қарсы батыл күрес жүргізілсін» деген тағы бір мәтіні бірдей ақпарат жарық көрді.

Осы ақпараттарды оқи отырып, сол кездегі алаңға шыққан жастардың жай-күйін, әділдікті іздеп шырылдаған жанын түсіндік. Дегенмен, бұл емес, біреу іс-әрекетімізді теріс деп бағаласа, күйіп-пісетін біз азаттықты аңсаған жастардың өздері туралы белді басылымдар айыптап жазып жатқандағы жай-күйін түсіндік дегеніміз асылық болатын шығар… Бұл басылымдарды айыптау да дұрыс емес. Ол кездегі заман басқа, заң басқа. Жүрегіміз ауырды. Әйтсе де, өз уақытынан кешігіп болса да, желтоқсаншылардың ақталғанына, қазір ол туралы шындықтардың айтылып жатқанына шүкір дедік.

3 пікір

  1. 1986-жылы Шымкенттин студенттериде Алматыга келмекши болган еди.Бирак букил Милицияларды Солдаттарды жумылдырды.Каны тогилген курдастарыма жаткан жери жайлы болсын.Меним ойым коше мектептин атын
    берсе.Курметке лайык.

  2. Казир ше сол кезден айырмашылык барма?

  3. Алаңға шықпай желтоқсанның жетекшісі болып жүргендерді қайтеміз осы заман шибөрілердің заманы болып кетті ғой ағайын

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!