Желтоқсан көтерілісінің ызғары бойымды әлі қариды — Жидегүл Әбдіжәділқызы

Желтоқсан көтерілісін көзіммен көргенім рас. Әлбетте, бастан-аяқ, бүге–шігесіне дейін емес. Менің көз алдымда қалған желтоқсан — ол сол кезде өзім 4-курста оқыған С.М.Киров атындағы ҚазМУ (қазіргі ҚазҰУ) журналистика факультеті, қалашықтағы көріністер мен «Қазақ радиосының» ғимараты.

Неге біз көрдік? Себебі, алаң тура «Қазақ телевидениесі» мен «Қазақ радиосының» жанында тұр ғой. Дәл қазіргі Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш өз орынында тұр деп ойлаймын. Дәл сол жерде, көз алдымызда көтеріліс болды. Оны көрмеу мүмкін емес еді, оған қатыспау мүмкін емес еді.

Ол кезде мен 4-курстың студенті едім. Бірақ, «Қазақ радиосының» жастар редакциясында тікелей эфирге шығып жүретінмін. Дәл сол күні менің тікелей эфирде «Ұшқынның ашық әңгіме сағаты» деген бағдарламамның кезекті саны шығу керек болатын…

16 желтоқсан күні біз сол кездегі журфактың №5 жатақханасында радиодан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қызметтен босатылып, орнына Василий Геннадиевич Колбин тағайындалғанын естідік. Сол бізге жеткілікті болды. Шыны керек, мен білмеймін, әркім әртүрлі айтады. «Заң факультетіне бір қара волга келіпті» деген сөз бар қазір. Біз журналистпіз, фактімен сөйлейміз: мен ондай волга көрген жоқпын. Жаңалықты естіген соң, өзімізден-өзіміз, автоматты түрде талқылап кеттік. Мен топтың старостасы едім. Бүкіл курс болып біздің бөлмеге жиналдық. Тұрар Рысқұловтың еңбектерін, «Янушкеевичтің хаттарын», Лениннің еңбектерін оқыдық. Өзімізше, ақылымыздың жеткенінше сауатымызды аштық, толғандық, тебірендік. Жүрегіміз ашылды, намысымыз оянды.

Таң атты.

Бәріміз бір кісідей, бір ауыздан «Сабаққа бармаймыз, алаңға барамыз» деп шештік. Шыны керек, бала болдық па екен, бізде ешқандай қорқыныш сезімі болған жоқ… Жүрегімізде бір нәрсе оянды. Оны үлкен ерлік деп айтуға да келмейін шығар, бірақ бір ұлттық сезім бойымызды билегені анық. Бәріміз ұл-қыз демей қол ұстасып, кетіп бара жаттық. Әйтеуір бізді ешкім тоқтатқан жоқ. Жақын еді ғой. Жаяу кеттік, жаяу жеттік…

Желтоқсан көтерілісі

Көз алдымда қалғаны — шыжандай халық. Сонда қыздар: «Жігіттер, неге тұрсыңдар қыздарыңның артына тығылып? Шығыңдар!»,-деп айқайлап жатты. Сол кезде қарасам, шынында, қыздар алдында тұр, жігіттер артында… Сондай бір қас қағым сәт ойымда қалды. Жігіттер ренжімесін маған…

Екінші бір есімде қалғаны… Сол жерде тек қана тәртіпті, тек қана ұлттың мәселесін шешуге жүрек тебіренісімен қарап тұрған адамдар ғана болған жоқ сияқты… Бір бетперде киіп алған, сосын «Әй, неге тұрсыңдар? Өстіп жатыр ғой, сөйтейік, бүйтейік»,-деп желпіндіргендер де болды. Оның енді анық-қанығы кейіндері дәйектеліп, зерттеліп, зерделеніп жатқан шығар…

Жағдай ушыға түсті. Бәріміз хормен «Қазақ басшы керек, қазақ басшы керек» деп айғайлағанымыз әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Арамыздан суырылып шыққан курстасымыз Гүлнар Әшімова мінбеге шығып кетті. Сөйтіп, ана тілі туралы ойларын айтты. (Гүлнар сол жылы Шығыс Қазақстан облықтық газетінде өндірістік тәжірибеден өту барысында ана тілі туралы проблемалық мақалалар жариялап, өткір ойларын жұртқа паш еткен еді). Қазір көріп жүрсеңіздер, Желтоқсан оқиғасынан түсірілген телехроника бар. Міне, сол жерде біздің Гүлнар үстінде тарғыл-тарғыл тоны, басында сол тонымен сәйкес келетін тоқыма бас киімі бар, сөйлеп тұрған сәті ірі планмен түсіп қалыпты. Біздің факультеттен екі адам оқудан шығып кетті. Бірі – Гүлнар, екіншісі – ақын Аманғазы Кәріпжанов.

Оқиға шиеленісе түсті. Жансая Сәбитованың сол сәттегі түрі есімде жоқ, бірақ «Міне, парақша таратқан»,-деп, сөйлеп жатқан әйелді қолын қайырып, көлікке салып алып кетті. Көз алдымда…

Содан кейін қолында шоқпарлары мен қалқандары бар әскери адамдар халықты шегіндіріп жатты. Шынымды айтсам, басы жарылып қалған, басында ақ тоқыма бас киім киген қыздың басының қанап тұрғаны көз алдымда. Ләззат Асанова сол болды ма екен..?

Тағы бір есімде қалғаны, қазақ деген халықпыз ғой. Мына қазақтың бірлігі, көпшілдігі, ақы сұрамай, ақкөңілділігімен жан ұшырып, көмекке келетіндігі әрдайым орын алады. Оны біз кейде жоғалып кетті, қатыгезденіп кеттік дейміз ғой. Бәрібір ол біздің табиғатымыз, шынайы табиғатымыз. Соны мен Желтоқсан көтерілісінен де көрдім. Мынау, басында жазу жазылып тұратын екі көп қабатты үй бар алаңда. Астында кітап дүкені бар. Қазір де орнында тұр. Мереке кездерінде төбесіне лед-экран сияқты жазулар іліп жатады. Сол екі үйдің бірінші қабатында тұратын кісілері есігін ашып, бастарын қанатып алған, соққы жеген балалар мен қыздарды топырлатып кіргізіп алып жатты. Көз алдымда… Сонда ойлаймын да, бала-шағасы бар ғой енді, қорықса олар есігін ашпай қоюына болады ғой. Жоқ. Олар көмектесті…

Республика алаңы, 1986 жыл
Алаң, 1986 жыл

Содан арасында жүгіріп «Қазақ радиосына» бардым. Эфирге шығуым керек. Радиоға барып, өзімнің бағдарламамды дайындап, бас редакторға материалымды көрсетіп жүрдім. Студияда дайындалып отыр едім, бас редактор Руслана Құдайбергенқызы жүгіріп келе жатыр екен. Маған жартылай сыбырлап, жартылай қатты дауыспен: «Дәретханаға барамын деп едің ғой», «Дәретханаға бара жатыр бұл»,-деп мені сүйреп отырып, студиядан алып шығып, дәретханаға кіргізіп кетті. Мен түсініп үлгермедім. Сөйтсем, «радиода тікелей эфирге студент шыққалы жатыр» дегенді естіген болуы керек, студияға мені іздеп әскерилер келіпті. Руслана апайдың бағанағысы мені жасырудың амалы екен. Сол арада тез-тез «Ұшқынның ашық әңгіме сағатын» эфирден алып, басқа хабар қойыпты. Сөйтіп, «Жоқ, ешқандай студент бұл жерде жоқ. Бүгін «Ұшқын» шықпайды эфирге»,- деп әскерилерді қайтарған екен. Сол кезде Руслана апай мені жасырып қалмағанында, тағдырымның қандай болатынын елестете алмаймын… Сөйтіп, әскерилер кеткен соң, мені «Есің барда еліңді тап! Бар, жатақханаға қайт»,-деп қайтарды. Бірақ мен шыға салысымен алаңға келдім.

Келсем, машинамен үстімізге су шаша бастады. Аязды күні мұздай суық судан киіміміз қатып қалды. Артқа бір шегініп, қайтадан алға ұмтылдық. Сол кезде жаңағы су шашқан машинаның төңкеріліп, өртеніп жатқанын көрдім…

Біздің қасымызға Ұлықбек Есдәулетов, Мейірхан Ақдәулетов, Есжан Айнабеков марқұм біздің жанымызға келіп: «Журфактың студенттері, енді қайтыңдар, арандап қаласыңдар, көрдіңдер ғой фактіні. Кейін уақыты келгенде жазарсыңдар. Қазір қайтыңдар»,- деп ағалық ақылдарын айтып, бізді Фурманов көшесі арқылы әл-Фараби көшесіне салып жіберді.

Жатақханаға келдік. Содан кейін бізді жатақханадан шығарған жоқ. Бірінші қабатта сол кездегі КГБ, қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері тұрып жатты. Тіпті, дүкеннің сатушылары азық-түлікті өздері әкеліп сататын болды. Күн сайын полиция қызметкерлері бізді бір-бірден бірінші қабатқа шақырып алып, камераны қосып, «Кімді танисың, айт!»- деп сұрайды. Әрине, танитын адам табылады, табылғанда қандай, өз факультетіңнің студенттері, өз тобыңның студенттері, қазақ теле-радио журналистері, ақындар жүр ішінде. Бірақ, сол кезде ант су ішкендей ешқайсымыз ешкімді танымайтын болып шыққанымызды есіме алсам, жүрегім ізгілікке толады. Алаңнан келе салысымен, «Танып қоймасын» деп киімдерімізді ауыстырып кидік, шашымызды басқаша өрдік, кекілі жоқтар кекіл қидық, солайша ақылымыздың жеткенінше қорғандық. Алайда бізді тергеуге қайта-қайта шақыра берді. «Сен барсың ғой әне! Танымадың ба өзіңді?», «Оқудан шығарып жібереміз»,- деп қорқытты да. Бірақ, мойындамау керек екенін түсіндік. Өзімізді көрдік, бірақ ірі планда емес едік. Ірі планда тек қана Гүлнар Әшімова еді. Оны құтқару мүмкін болмады…

Ол кезде ұялы телефон жоқ, қоңырау шала алмайсың, жеделхат жібере алмайсың, әке-шешелеріміздің уайымнан қандай күй кешкендерін… Ал оқудан шығып кеткен Гүлнар курстасымыздың қандай жан азабын шеккенін тілмен айтып жеткізу қиын шығар, сірә!

Желтоқсан көтерілісі – еліміздегі көптеген жақысылықтардың бастауында тұрған, ұлттың өміріндегі ұлы құбылыс. Әлі күнге дейін алаңнан өткенде жылдың қай мезгілі болмасын, үстімізге суық су шашқан машинаның әсері келіп, денем тоңазиды. Ол әсер бізде қалды, мәңгілік қалады…

Жазып алған Әсел Сарқыт