Шөкей Несіпкүл Қалдыбайқызы 1959 жылы 11 қыркүйекте дүниеге келген. 27 жасында Желтоқсан көтерілісіне қатысқан қаһарман қазір Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев атындағы мемориалдық музейдің қызметкері. Ол бізге 31 жыл бұрын болған оқиғаны үлкен толқыныспен әңгімелеп берді.

Тәуелсіздік жолындағы күрес бес жыл бұрын басталған еді…

Қазір Тәуелсіздікке 26 жыл деп атап өтіп жүрміз ғой. Алайда, Тәуелсіздік үшін күрес одан бес жыл бұрын басталған болатын. 1991 жылы егеменді ел атандық. Ал тоталитарлық жүйеге қарсы шығып, қылышынан қан тамған Кеңес үкіметіне қарсы шыққан қазақ жастарының тәуелсіздікке ұмтылуы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі.

Мен 1983 жылы ҚазҰУ-дың тарих факультетін аяқтап, Алматы облысының жігітіне тұрмысқа шықтым. Ақсу ауданында білім беру саласында қызмет етіп жүрген кезім, 2 жасар кішкентай қызым бар еді. 1986 жылы желтоқсан айында туысқаным келін түсіреміз деген соң үш күнге сұранып Алматыға келдім. Ол кезде мұндай оқиғаға тап болам деп ойламаппын. Бәрі былай басталды…

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Алматыда туысқанымның үйінде қонақта болып, ауылыма қайту үшін автобусқа міндім. Сол кезде жастардың алаңға жиналып жатқанын, Дінмұхамед Қонаевтың орнына билікке Колбиннің келгенін естідім. Өзім тарих факультетінде оқығанмын, мектепте мұғалім болып қызмет етіп жүрген кезім, саяси сауатты адамбыз, өзім комсомолмын. Мына әңгімені естігенде шыдап отыра алмадым. Сөйтіп, бұрынғы Фурманов, қазіргі Назарбаев көшесіне келгенде автобустан түсіп қалдым да, Брежнев алаңына тарттым.

Алаңға барсам, өзім сияқты жастардың қарасы көп екен. Алғашқы күні бейбіт шеру болды. Біздің бар мақсатымыз Дінмұхамед Қонаев ағамыз трибунаға шықса, не үшін биліктен кеткенін түсіндіріп айтса деген ниет болды. Бірақ, біздің тілегімізге ешкім құлақ аспады. Ұрандап жүріп, қалай кеш батып кеткенін аңғармай да қалыппыз. Таңертең қайта келуге уәделесіп жиналған жастар тарап кеттік.

Денеміз мұздағанымен, жүректегі жалын сөнбеді…

«Қазақтарға қазақ басшы керек!» деген ұран құлағымда қалып қойды. Келесі күні таңертең алаңға қайта келдім. Алаңды мұздай қаруланған, басына каска киген әскер қоршап алыпты. Олардың Ресейден әкелінген қарулы жасақ екенін біз кейін білдік.

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Біз де кешегідей емес, рухтанып, қайрат жиып алғанбыз. Қоғам қайраткерлері топтың алдына шығып сөз сөйлеп жатты. Мұздай қаруланған әскер оларды шетінен соққыға жығып, жиналған жастарды таратуға тырысты. Адамның көптігі сондай, кімді соққыға жығып жатқанын, кімнің ұрандап жатқанын анық байқай алмадық. Әркім өзінше әнұран шырқап, айқайлап жатты. Әскерилер бізді алаңнан қууға, артқа шегіндіруге бірнеше рет әрекет жасады. Рухтанып, бойға қайрат жиып алған біз де беріспедік. Біресе алдыға, біресе артқа жылжыған жастар толқынында бәріміз келісіп алғандай ән шырқап, ұрандай бердік.

Біздің тарамайтынымызды білген соң, өрт сөндіргіш машиналармен суық су шаша бастады. Сол жылғы желтоқсанның ызғарын-ай! Саналы ғұмырымда Алматыда мұндай суық болғаны есімде жоқ. Су болған киімдеріміз сәлден соң қатып, мұзға айналды. Денеміз мұздағанымен, жүректегі жалын сөнсін бе?! Қазақ жастары қайратына мініп, арыз-талаптарын жеткізуді доғармады. Қара каскадағы жендеттердің қатыгездігін осы тұста білдік. Олардың бет-бейнесін, кім екенін көріп-білмесек те, менің көз алдымда қара киімді қатыгез сұлба мәңгілікке қалып қойды.

Адам баласы осындай қатыгез болады десе, сенбес едім…

Бір кезде желкемнен ауыр соққы тиіп, көз жанарым жарқ ете қалды. Үш жендеттің мені сүйреп, тепкілеп жатқаны ғана есімде қалыпты. Егер мен мұндай оқиғаға тап болмасам, адам баласы осындай қатыгез болады дегенге сенбес едім. Үш жендеттің балағат сөздері мен ауыр соққысынан соң, адамдардың да айуаны болатынын түсіндім. Олардың орысшалап қандай бейәдеп сөздер айтқанын айтпай-ақ қояйын. Бірақ, дәл сол сәтте маған тәніме тиген ауыр соққы мен жара емес, олардың айтқан балағат сөздері аса ауыр тиді. Олардың қолдарында штык, дубинка дейсің бе, өмірімізде көрмеген түрлі қару-жарақ болды.

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Есімді бейтаныс адамдардың үйінде жидым. Мені бір қазақ жігіт сол үйге апарып тастаған екен.

— Есімің кім?

— Несіпкүл.

— Алматыда кімің бар?

— Ағам бар, Елубай ағам бар!

Елубай ағам сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет ететін. Дереу сол кісіні шақыртып, мені көлігімен алып кетті. Жол бойы «Сені періштең сақтап, аман қалдың. Енді сақ бол, ешкімге тіс жарма! Емханаға жатпа, біреу сұраса құлап қалдым деп айт»,-деп үйретті. Сөйтіп, ауылыма апарып тастады.

Тән жарасы жазылғанымен, жан жарасы жазылмады

Бірақ, менің «құлап қалдым» деген сылтауыма ешкім сенген жоқ. Дәрігерге қаралдым, бірақ «отказной» жазып беріп, бір ай бойы үйде ем алдым. Емхана үйіме жақын жерде еді. Бірақ, емханаға да, дәріханаға да таяққа сүйеніп, әрең барып келіп-жүрдім. Бетім бері қарағанымен, денсаулығым сыр беріп, 1987 жылы отаға түстім. Жендеттердің тепкісінің кесірінен оң бүйіріме ота жасауға тура келді. Ал 1990 жылы сол жақ бүйіріме ота жасалды.

©Baribar.kz

Биыл Желтоқсан оқиғасына 31 жыл болды ғой. Осы уақыт аралығында қанша мәрте ота жасатып, жатырыма тиген ауыр соққыдан кейін бала көтере алмай қалдым. Бірақ, тән жарасы жазылады екен. Ал жан жарасы әлі жазылмады.

Ақтау анықтамасын тек 2011 жылы алдым

Желтоқсан көтерілісі туралы әңгіме ұзақ уақыт «жабулы қазан» күйінде қалды. Мен ақтау анықтамасын 2011 жылы ғана Медеу ауданынан алдым. Оған дейін біздің есіміміз де, суретіміз де, көрген азабымыз да жасырын болып келді.

Несіпкүл Қалдыбайқызы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы
©Baribar.kz

Сотқа жүгініп, құжат жинап жүргенімде жүзі таныс адамдарды жиі кездестірдім. Бірде бір жігіт мені меңіме қарап танып, келіп амандасты. Желтоқсан көтерілісі кезінде есінен танып қалғандарды УАЗ машинасына тиеп, қамауға апарыпты. Менің ес-түссіз жатқанымды көріп, өліп қалды деп ойлапты. Сосын жүк көлігіне тиеп, қаланың сыртындағы қоқыс төгетін жерге апарып тастапты. Сонда сол жігіт те өтірік «өліп» қалған екен. Жендеттер кеткен соң тірі қалғандарды іздеп жүріп, мені ата-әженің үйіне апарып тастап кеткен екен. Алайда, бұл әңгіменің рас-өтірігін сіздер тұрмақ өзім де анық білмеймін.

20 пікір

  1. Алла Сізге денсаулық берсін Несіпкүл впа..

  2. Несіпкүл апамыз кейін ақтал са ақталмасда ол кісі мен үшін батыр,мен үшін ол патриот.Қазақ үшін бас көтерген Жанна Дарк.Кей біздің төрде отырып сөйлейтін көкелеріміз осы апаларымыздан сабақ алса деймін отырып алып ойына келгенін істе мей.

  3. Сиздей азулы,кайратты батыр журек азаматтардын аркасында тауелсиздик аспанынын астында шаттык омир сурип жургенимиз ,сиздердин аркаларынызда. Окып жатып жылап алдым. Коз алдыма елестетсем сумдыктын сумдыгы,ал сиздер ше? Сол жерд болгадар ше? Омириниз узак болсын Несипкул АПА!!!

  4. Несіпкүл Апа сізге денсаулық берсін. Сіз секілді. Аталарымыздың Апаларымыздың найзаның ұшымен білектің күшімен. Жерімізді елімізді қорғаған. Батыр Аталарымызға Апаларымызға Бүкіл жастардың атынан алғысымды білдіремін. Тəуелсіздігіміз мəңгі болсын. Өмір жасыңыз ұзақ болсын отбасыңызға амандық деніңізге саулық тілеймін.

  5. Апа биздин куанышты кундеримиз сиздей апа агалардын енбеги деп билемиз аман сау арамызда журебериниздер

  6. қазір ондай патриоттар аз тіпті жоқтың қасы деседе болады…Біз осындай батырлардың ұрпағымыз…Демекк біз ата апаларымызбен мақтана отырып, бізге қалған Тәуелсіз Мемлекетімізді құрметтеп қорғай білуіміз керек деп білемін…

  7. Несіпкүл апа сізге Аллам күш қуат денсаулық берсін.Сіздей апаларымыз бар біз бақыттымыз.

  8. Несіпкүл апа, деніңізге саулық,отбасыңызға амандық тілеймін. Айтқан əңгімелеріңізден көп нəрсені ұқтым.Бүгінгі күннің жастарына рухтарыңыз мықты болсын.Қандай қиындықпен келген тəуелсіздіктің қадіріне жете білейік.

  9. Несіпкул апа сіз сиякты батыр аналарымиз кобейсін

  10. Алланың нұры жаусын! Алдағы қалған ғұмырыңызда тек жақсылыққа толы болсын.

  11. Несіпкүл апа! Алла Сізге қуат берсін. Осындай бейбір өмір сүріп отырғанымыз сіздей аға апаларымыздың арқасы. Сіздің әңгімеңізді оқып жүрегіміз тебіреніп, көзімізге жас келді. Сол уақыттағы оқиғаның басы-қасында болған Сіздей аға — апаларымызды ойлағанда ???. Ғұмырыңыз ұзақ , бала шағаңыздың рахатын көріңіз. Болашағымыз жарқын болсын!

  12. Сіздей Қазақтың Батыр аналарына мың тағзым! Алла Сізге қуат берсін, Апа!

  13. Несіпкүл апа Алла разы болсын сізге. Денсаулық берсін, жасыңыз ұзақ болсын. Тәуелсіздік жолындағы күреске өр мінезіңізбен, батылдығыңызбен, ержүректілігіңізбен атсалысып, бүгін міне біз сияқты жастарға ашық аспан астында өмір сүруге өз үлесіңізді қостыңыз. Сізге басымды ием.

  14. Ол күндері мен Жезқазған Обкомында партия қызметінде едім. Біздерді кәсіпорындарға барып «басу айтасыңдар»-деп міндеттеді. Сонда әріптестеріме: «Қай бетіммен барамын, жастардыкі жөн ғой. Кім ол Коллбин деген Ульяновскіден келген қазақтың иісі мұрынына да бармайтын жат қой..» деп өзара жігіттердің арасында күңкілдегенімді біреулер дереу жеткізіп қойды да мені аппараттан қуып шығып жаңа да ғана берген Обкомның уйіндегі пәтерімнен шығарып жіберді. …Әрине, уақыт өткен соң мұның бәрі жай сияқты болып көрінеді-ау… Ал, сол кезде мен үш баламмен шешемнің 45 шаршы метр пәтеріне барып қыстырылғаным оңай тимеп еді. Үйткені онда ағамның 7 баласы болатын анамның қолында… Дегенмен де, сонда осы Несіпкулдей ул-қыздарымызды қолдағаныма мақтаныш етемін! Өмірбек Қалымбетов

  15. Сол 86-жылғы желтоқсанда «қарадан-қарап жүріп» таяқ жедім. Жезқазғанның Обкомында (партияның) екі-үш ай ғана болған кіргеніме. Бірге істейтіндердің арасында күңкілдегем: «еңбек коллективтеріне қуып жатыр, басу айтыңдар»-деп. Қай бетімізбен барамыз, не айтамыз, балалардыкі дұрыс. Кім ол айдаладағы Ульяновтен келген Колбин деген!…Содан «Иди сюда» деп аппаратың жиналысына салып, «іреп-сойып», қызметтен шығарып жіберді де жаңадан ғана Обкомның Уйінен берген пәтерін алып қойды. Уш баламен әйелім шешемнің қолына келіп тығылдық 45 шаршы метрге- онда ағамның 7 баласы болатын анамызбен. Сөйтіп 12 жан уяладық 45 метрге??!… Әрине, бұл жай ғой ана Несіпкулдердің көргенімен салыстырғанда! Біздікі алыстан «тақым қысқан» ғой — қолдан келгені. Міне сол желтоқсаншылардың арқасында бугінгі Тәуелсіздікке қол жеткеніміз! Арамызда жүре тұрсын, қатысқан абыройлы Ер-Азаматтар!

  16. Несіпкүл апа,сізге ұзақ ғұмыр тілеймін.Расымен де адам баласының түсіне де кірмейтін сұмдық оқиғалар болды ғой,осындай бейбіт елде өмі сүргенімізге шүкір.Талай қазақтың апа,ағаларының қанымен келген Тәуелсіздігіміз ұзағынан болғай.Сізге мың алғыс!Сіз сияқты патриот ұл-қыздарымыз көп болса екен.Сізге мың алғыс!

  17. Кандай батыр азаматша единиз,сиздин ерлигинизге тан калып отырмын,жасыныз узак болсын казактын кайсар кызы

  18. Ажырасқан әйелдерді басшы болудан шектеп, тек қана күйеуі бар, бала шағасы бар нормально әйелдердің қол астында жұмыс жасауға лайық деп заң шығару керек сонда ажырасу аз болады деген сенімдемін. Сіздер қалай ойлайсыздар? Пікірді ойланып жазайық бәрібір өздеріңді танытып жатыр деп қабылдаймын.
    Жане көпбалалы аналардың басшылық қызмет мәртебесін биіктету керек жедел түрде!

  19. Ажырасқан әйелдерді басшы болудан шектеуге қосыламын өткені бір жанұяны ұстап тұра алмаған әйелдерге сенім барма?Өмірден көріп жүрмін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!