Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» футбол клубына құттықтау жеделхатын жолдады

Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне шығуына байланысты «Астана» футбол клубының командасын құттықтады.

«Сіздердің табыстарыңыз команданың ойынын зор қызығушылықпен әрі үмітпен бақылап жүрген миллиондаған қазақстандықтарға қуаныш сыйлады. Сіздердің жетістіктеріңіз Қазақстанда футболды және спорт саласын одан әрі дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз. Елордамыз Астананың 20 жылдығы қарсаңындағы бұл жеңістің ерекше символдық мәні бар», — делінген жеделхатта.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті команда мүшелерінің бәріне зор денсаулық пен амандық тілеп, алға қойған мақсаттарының орындалуына ниеттестік білдірді.

Еске сала кетейік, Еуропа Лигасы топтық кезеңінің шешуі раундында елордалық клуб сырт алаңда Чехияның «Славия» клубын 1:0 есебімен жеңіп тұңғыш рет турнирдің 1/16 финалына шықты.