Брюссельде «Қарагөз» драмасы қойылды

Республикалық академиялық неміс драма театрының ұжымы 7 желтоқсанда Шиллер мен Гётенің тілінде бельгиялық жұртшылыққа Әуезовтың драмасын қойды.

«Қазақ мәдениетінің алтын қорына кірген бұл қойылымды төрт жыл бойы дайындадық. Сахнада кейіпкерлер Мұхтар Әуезовтың өзі сипаттағандай әсерлі ойнап шықты», — деді театр режиссері Наталья Дубс.

Қойылым Германиядан келген танымал хореограф Флориан Бильбао заманауи хореографиямен көркемделе түсті. Республикалық академиялық неміс драма театрының гастролі «Ұлы Дала театры» концерттік туры аясында өтіп жатыр.

Бұл «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халықаралық мәдени жобаларының бірі саналады. 5 желтоқсанда Республикалық академиялық Неміс театры Париждегі Варьете театрында «Қарагөзді» сахналаған болатын.

Еске салсақ, Еуропада «Ұлы Дала театры»  гастрольдік туры өтіп жатыр. Басты мақсат — «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Германия, Франция, Австрия, Бельгия және Ресей сахналарында ел мәдениетін таныту.

Дереккөзinform.kz