«Ақтастағы Ахико» Токио сапарына аттанады

Жапонияға іс-сапар барысында театр ұжымы М.Омарованың «Ақтастағы Ахико»  драмасы мен «Ұлы Дала елі» атты концерттік бағдарламаны әлем жұртшылығының назарына ұсынады.

Токиоға сапар желтоқсан айының 19-26 күндері болады. Халықаралық жобада театр музейінен орын алған құнды жәдігерлеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды танытатын көрме ұйымдастырылады.

Ақтастағы Ахико
©Inform.kz

Осы орайда 6 желтоқсан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының «Токио сапарына» арналған баспасөз конференциясы өтті. Конференцияға театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаев, театрдың «Әдебиет бөлімінің» меңгерушісі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты  Әлия Бөпежанова, жазушы-драматург, «Ақтастағы Ахико» драмасының авторы Мадина Омарова қатысты. Жиынның модераторы театрдың «Баспасөз қызметі» бөлімінің жетекшісі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделхан болды.

Естеріңізге сала кетейік, «Ақтастағы Ахико» қойылымы Жапония астанасында қазақ тілінде саханаланбақ. Қойылымның жапон тіліндегі афишасы мен театр ұжымы сапарға сақадай сай. Бұл гастрольдік сапар бір ғана театрдың емес, күллі қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің мерейін үстем етіп, мәртебесін көтеретін іс-шара болатынына сенімдіміз.