Алматыда өткен халықаралық футбол күніне арналған баспасөз мәслихатында Coca-Cola компаниясының өкілі 2018 жылы 4 ақпанда Қазақстанға Әлем кубогі келетіндігін мәлімдеді. Ол арнайы күмбездің ішінде сақталып, бір күн бойы Алматының Розыбакиева көшесіндегі орталық Мегада тұратын болады.
Бір күннен соң кубок басқа елге өз турын жалғастырады. Футбол додасының басталуына дейін әлем кубогы дүниежүзінің 52 мемлекетін аралайды. Қазақстан осы трофейді екінші рет қабылдайтын алғашқы мемлекет болады. Бірінші рет Әлем кубогы Алматыға 2010-шы жылы келген болатын.
«Қазақстан үшін бұл өте үлкен қуаныш, себебі, біз екінші мәрте Әлем кубогын Алматыда көретін боламыз. Осыдан жеті жыл бұрын бұл жерде ажиотаж болып, 90 мыңдай адам жиналған болатын»,-дейді Қазақстан футбол Федерациясы президенті Сейльда Байшаков.
Әлем чемпионаттарының алдында өткізілетін дәстүрлі тур 9 қыркүйек күні Мәскеудегі «Лужники» стадионында басталды. Осы алаңда ашылу салтанаты мен финалдық ойын өтеді. ФИФА кубогінің туры Ресейде мамыр айында аяқталады.