Бүгін Астанада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Kazakhstan Global Investment Roundtable шарасы өтіп жатыр. Шын мәнісінде алқалы жиын өтіп жатыр десек болады.
100-ден астам ірі бизнес өкілдері инвестиция тақырыбындағы дөңгелек үстелге қатысып отыр. Күн тәртібіне сәйкес экономика, қаржы, ауыл шаруашылығы, энергетика салаларына инвестиция тарту жайында сөз қозғалады.
Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін еліміз әлемнің көптеген елдері үшін бұл сала бойынша тартымды болып тұрғаны сөзсіз. Біздің елдің Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуі жобасына қатысуы да оған септігін тигізді.
Форумның басты мақсаты – мемлекеттің бизнес саласындағы жаңа нарықтарды зерттеп, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Қатысушылар логистикалық инфрақұрылым салу жөніндегі жаңа жобаларды анықтап, оларды жүзеге асыру жолдарын қарастырады.
Үкіметтің инвестициялық стратегиясы да кызу талқыланып жатыр. Бүгінгі жиында бірінші болып Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі. Премьер-Министр баяндамасында жаңа экономикалық аймақтардың құрылуы мен шетелдік жұмыс күшін тарту жайында айтты.
Дөңгелек үстел аясында 10 шақты шартқа қол қою жоспарда бар. Олардың сомасы үш жарым миллиард доллардан асып жығылады. Айта кетейік, биыл Елбасы тапсырмасы бойынша Kazakh Invest акционерлік қоғамы құрылған болатын. Ол ел үкіметі атынан ірі трансұлттық компаниялармен келіссөз жүргізеді. Ал Қазақстанға тартылған инвестиция көлеміне тоқталатын болсақ, 2005 жылдан бері барлығы 253 миллиард теңге біздің экономикаға құйылды.
Мемлекеттегі экономикалық жағдайдың тетіктері ескеріліп, ең басты инвестор елдер тізімі анықталды. Олардың арасында АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Германия елдері бар.