Басты бетЖаңалықтарЖайықта «Жаңа...

Жайықта «Жаңа толқын-2017» мәресіне жетті

Байқаудың биылғы кезеңі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын қолдауға бағытталды. Шараны БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Заман» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

– Біздің мақсатымыз – Ел Президентінің бағдарламалық мақаласында көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру, ұлттық рухымыз бен мәдениетімізді насихаттау, студент жастардың әлеуетін дамытып, шығармашылық қабілеттерін шыңдау, талантты жастарға қолдау көрсету, – деді аталмыш бірлестік төрағасы Асхат Өкшебаев.

Биылғы «Жаңа толқын» он екі аталым бойынша жеңімпаз-жүлдегерлерді анықтады. Атап айтқанда өнер-білімге құштар студенттер «Заманауи ән», «Патриоттық ән», «Хореография», «Жайдарман», «Аспаптарда ойнау», «Көркем сөз оқу», «Режиссура», «Жүргізушілер», «Бейнеүзік», «Үздік студенттік клуб», «Үздік жеке туынды», «Менің оқу орным» (бейнеүзік) секілді аталымдар бойынша сынға түсіп, өздерінің сан қырлылығын байқатты. Өнер бәйгесіне облыстағы төрт жоғары оқу орнының 300-ге жуық студенті қатысты.

– Биылғы сайысқа, негізінен, 1 курс студенттері қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Бағдарламаға жаңа аталымдар да қосылды. Нәтижесінде әрбір аталым бойынша үздік деп танылған оқу орындары бөлек марапатталды. Бұл шара жастардың шеберліктерін шыңдап, ой-өрістерін кеңейткені сөзсіз , – деді БҚО облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Бақберген Әбуов.

Фестивальде бақтарын сынаған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті – «Көркем сөз оқу шебері», Жәңгір атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті – «Патриоттық ән», «Жайдарман», «Жүргізушілер», «Үздік жеке туынды», «Менің оқу орным», «Үздік бейнеролик», «Үздік режиссура», Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті – «Эстрадалық ән», «Ұлттық би», «Аспаптарда ойнау», Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті — «Еркін бағыттағы (заманауи) би» мен «Үздік студенттік клуб» аталымдары бойынша үздік деп танылды.