Бурабай курорттық аймағын дамытудың басым бағыттары қандай?

Жаңа қызметiне жуырда ғана кiрiскен М.Иғалиев журналистермен жүздесудi қуанышты хабардан бастады. «Үкiметтiң селекторлық режiмдегi отырысында Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың III кезеңiне 61,3 миллиард теңге бөлiнгендiгi хабарланды. Бұл өңiр үшiн зор мәртебе дер едiм. Бұған дейiн курорттық аймаққа салынған қыруар қаржының нәтижесi қазiр анық көрiнiп отыр. Көптеген түйткiлдi мәселелер шешiлiп, абаттандыру, жол қатынасы саласы жақсара түстi. Аймақты дамытудың үшiншi кезеңiне бөлiнетiн қаржы негiзiнен су көздерiн тазарту, жолдарды жақсарту, спорт-сауықтыру кешенiн салу сияқты жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақшы», — дедi ол. Осы орайда «Жол картасы» әзiрлендi. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған жоспары 4 бөлiм және 33 iс-шарадан тұрады. Оның iшiнде инфрақұрылымдық және экологиялық мәселелердi шешу бойынша 17, көлiк-логистика инфрақұрылымын дамыту бойынша 5, қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бо-йынша 6, аймақтың туристiк әлеуетiн дамыту бойынша 5 шара көзделген. Осы мақсаттар үшiн республикалық бюджеттен 58,2 миллиард теңге, жергiлiктi бюджеттен 3,1 миллиард теңге қарастырылған. Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырханов туризмдi дамытуға қатысты алда тұрған мiндеттерге жан-жақты тоқталды. Ақмола облысы өзiнiң табиғи-климаттық жағдайымен, курортты əлеуетiмен, сауықтыру орындармен дүниежүзiне танымал. Өңiрде туризмдi дамытуда Ақкөл, Бұланды, Қорғалжын, Сандықтау, Зерендi, Ерейментау аудандарының да мүмкiндiгi зор. Осы күнi облысымыз отандық туристерге ғана емес, шетелдiк қонақтарға жоғары сапалы туристiк қызмет көрсете алады. «Oktobeerfest», «Табиғат сыйы», «Қансонар», байкерлер слетi сияқты шаралар туристiк кластердi дамытуға тың серпiн беруде. Ұйымдастырушылар бұл iстi алдағы уақытта дәстүрлi түрде өткiзбек. Жасыратыны жоқ, қазiргi Бурабай аймағындағы жыл санап қатары көбейiп келе жатқан қонақ үйлер мен демалыс орындарының бәрi бiрдей замана талабына сай келе бермейдi. Екi, үш, төрт, тiптi бес жұлдызды деп аталған жүзден астам қонақ үйдiң тек 19-ы ғана халықаралық деңгейдегi стандарт бойынша сертификатталған екен. Ал, атауы дардай болғанымен, қонақ үйлердiң көбiнде ғаламтор желiсi дұрыс жұмыс iстемейтiндiктен, онлайн-броньдау қызметi көрсетiлмейдi. Ивент-туризм, яғни түрлi спорттық-мәдени шаралар арқылы туризмдi дамыту өкiнiшке орай, курорттық аймақта жеткiлiктi деңгейде қолға алынбай отыр. Мұндай шараларды өткiзу жыл бойы демалыс орындарын туристермен толықтыруға игi ықпалын тигiзер едi. Бурабай аймағына жыл сайын 1 миллионға жуық дем алушы келедi десек, мұның бәрi дерлiк жаз айларының үлесiне тиiп, күз-қыс айларында қонақ үйлер мен демалыс орындары қаңырап бос тұрады. Осы мақсатта көпсалалы спорт кешенiн салу қолға алынбақшы. Онда республикалық, халықаралық жарыстар мен жаттығулар өткiзуге толық жағдайлар жасалады. Сонымен бiрге, Бурабайдан тау шаңғысы жолын ашу да жоспарда бар. Спикерлер курорттық аймақта түрлi мәдени-көпшiлiк шараларды ұйымдастыру жайында айта келе, өз ұсыныстарымен бөлiстi. Бұл орайда, ең алдымен жарнамалау, жергiлiктi демалыс орындарының қызмет сапасын көтеру қажеттiгi айтылды.