Оқушылардың жақсы демалуымен қатар, интеллектуалдық дамуын, ой-өрісін кеңейту бағытында жұмыстанатын орталықтың ұйымдастыруымен түрлі сайыстар, байқаулар мен жарыстар, ойындар жүргізілген. Осы бәсекелерге белсене атсалысқан және үнемі жеңімпаздар қатарынан табылған шыңғырлаулық жас Нұргүл Байғалиева Қазақстандық жас патриоттар Академиясының мүшелігіне қабылданып, «Патриот» төсбелгісімен марапатталды.
Белсенді жас оқу-сауықтыру орталығының «Ақыл күресі» зияткерлік турниріне, «Game Старт» ойындар жобасына, «Арлекино» театр студиясы жұмыстарына, «Балдәурен-шығармашыл» кештеріне, «Полиглот», «Не? Қайда? Қашан?» зияткерлік ойындарына қатысып, жан-жақтылығы, өнері және білімділігімен көзге түскен. 300-ден аса оқушылар арасынан «Патриот» төсбелгісіне лайық деп танылған.
Аудан орталығындағы Шыңғырлау ОЖББМ-нің 8 «б» сыныбының оқушысы Нұргүл Байғалиева, осы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығымен тығыз байланыста болып, олардың тарапынан берілген тапсырмаларға сәйкес, аудан тарихы, өткені мен бүгіні, табиғи ерекшеліктері туралы деректерді, аудан мектептеріндегі оқушылардың жұмыстарын жіберіп отыратынын айтып отыр.
Сөз орайында айта кетсек, 2016 жылдың ақпан айында «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығы педогогикалық кеңесінің шешімімен Қазақстандық жас патриоттар академиясы құрылған болатын. Бүгінде осы академия өскелең ұрпақты туған елге, жерге, отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, елжанды азаматтар даярлау бағытында жұмыстануда.