Басты бетЖаңалықтарАстанада автобус...

Астанада автобус жолақысын ақшалай төлеу қымбаттауы мүмкін

Бауыржан Тілеубергеновтің айтуынша, халық өз еркімен электронды билет алуы үшін автобустың жол ақысын қымбаттату керек.

«Бүгінде Алматыда екі түрлі тариф бар. Карточка арқылы жол билеті 80 теңге, ал қолма-қол төлесе 120 теңге. Бізге карточкамен 90 теңгеден төлеуді қалдырып, нақ ақшамен 150 теңгеге көтеру керек. Сонда халық карточкамен төлеу жүйесіне ауысады», — деді ол.

Ал, экспресс автобустарда қолма-қол төлемді 200 теңгеге дейін көтеруді ұсынды.

«Сәйкесінше экспресс автобустарды 200 теңгеге қымбаттату керек», — деді ол «Астана LRT» ЖШС баспасөз туры барысында.

Ол кейде жолаушылардың өзі билет алмай, кондукторлар билет бермей жататын жағдайлардың кездесетінін де айтты.

«Кондукторлар кейде дөрекі болады, тәртіп бұзады және көбіне мұндай жағдайға жолаушылардың өзі мәжбүрлейді. Өздері билетті қайтарып береді», — деді Бауыржан Тілеубергенов.

«Мен автобуста мұндай кондукторларды көргім келмейді. Бұл – менің қалауым. Өйткені, қаржы жағынан ешқандай проблема туындамай, шағымдар азаяр еді. Бірнеше мәселені де шешеміз. Олардың жұмыссыз қалатынын түсініп отырмын. Бірақ мен де солардың кесірінен үнемі наразылық естігім келмейді. Олар автобуста жұмыс істесе, мұндай әрекеттер тоқтамайды», — деп қосты ол.

Айта кетейік, бұған дейін Бауыржан Тілеубергенов №40 автобус кондукторы жолаушыны соққыға жыққан жағдай туралы пікір білдірген.

Сондай-ақ, ол автобус жүргізушілерінің қанша жалақы алатынын айтып берді.