Шараға танымал блогерлер және «Жас өркен», «Жас ұлан» ұйымдарының мүшелері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов көрермендерді мультфильмнің тұсаукесерімен құттықтады.
-Бүгін кезекті голливудтық мультфильм қазақ тілінде сөйледі. Мұндай жүйелі жұмысты атқарып жүрген «Болашақ» корпоративтік қорына ризамыз. Жастар бос уақыттарында жаңадан шыққан фильмдерді көруге құштар. Ал бұл фильм олардың қызығушылықтарын оятары сөзсіз. Қазақ тілі «Walt Disney»-дің 39-шы тілі болып, голливудтық фильмдердің негізгі тілдерінің қатарына енді. Жаңа анимациялық фильмнің тұсаукесері құтты болсын!-деді Ғ.Оспанқұлов.
«Коконың құпиясы» – «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен қазақ тіліне дубляждалған 23-ші фильм. Анимациялық фильмнің режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың мәліметінше, дубляж жұмыстарына 70-ке жуық маман жұмылдырылған. Компьютерлік анимация жанрында жұмыс істейтін «Пиксар» студиясының кез-келген туындысы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, әр жылдары «Оскар» сыйлығын да алғаны белгілі. Бұл туындыда мексикалықтардың «ата-бабаны еске алу күні» атты дәстүрлі мерекесі кезіндегі шытырман оқиғалар баяндалады. Жан-тәнімен музыкант болғысы келетін 12 жасар Мигель есімді бала аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың ізін жалғауды армандайды. Алайда Мигель етікшілер әулетінде дүниеге келген соң, жазылмаған заң бойынша ата-баба ісін жалғауы тиіс. Сонымен қатар, оның отбасы белгілі бір себептермен музыканы жек көреді. Арманы үшін үйінен қашып, байқаусызда «өлілер әлеміне» тап болған Мигельді түрлі қиындықтар мен қызықтар күтуде.
Фильм режиссері Ли Анкрич картинаны барынша әсерлі етіп түсіру үшін арнайы экспедиция жасақтаған. Экспедиция үш жыл бойы Мехикодағы музейлерді, шіркеулерді, шеберханаларды, бейіттерді түгел аралап, Тлаколула, Эль-Туле, Сан-Маркос, Абасоло қалаларының тұрғындарымен тілдесіпті. Осылайша олардың өмір сүру салты, сүйікті асы, отбасылық құндылықтары туралы білген.