Басты бетЖаңалықтарЦифрлік технологиялар...

Цифрлік технологиялар бюрократизмге соққы бола ма?

Елімізде 2000 жылдары CRM-жүйелер мен project management программалары арқылы алдымен – шенеуніктердің өзара іс айналымы автоматтандырылған болатын. Мысалы, кейбір облыс әкімшіліктерінде Lotus Domino арқылы кіріс-шығыс хаттары мен олардың орындалуы қадағаланғанын білеміз. Оның сәтті-сәтсіз болғаны жөнінде ақпарат жоқ. Бірақ сол тәжірибеге қатысқан бұрынғы қызметкерлердің пікірінше, іс қағаздары бәрібір параллель жүргізіліп отырған. Бұл рас болса, біздер әрине, автоматизацияның жылдамдық пен жеңілдік әкелгеніне күмәнмен қараймыз.

Мемлекет басшысының бәсекеге қабілеттіліктің бір бағыты ретінде – экономиканың тұтастай цифрлануын нұсқағанын білеміз. Меморгандар үшін оның пайдасы – азамат пен шенеунік арасындағы қарым-қатынасты субъективтіліктен мейлінше босату. Ендеше, іс қағаздарының автоматты өңдеу үрдісіне екінші рет дем берілгендей. Тіпті, Жолдау жарияланғаннан кейінгі 10-11 ай ішінде жақсы старт алып, игілікке берілген жобалар баршылық. Алайда бұл істе көптеген бастамаларды ертерек бастаған, өзіңіз де БАҚ беттерінен аңдап жүргендей – ҚР Бас Прокуратурасы озып тұр.

Мемлекетіміздегі заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу Комитеті — өтініштердің қаралу кезеңінің айқындығын, сыбайлас жемқорлық әрекеттерге алғышарт боп келетін — шенеуніктер мен азаматтардың жеке қарым-қатынасын болдырмауды көздейтін «Айқын» сервисін іске қосты.

Қазірде «Айқын» ақпараттық сервисі кең тарап, құжаттардың өту рәсімінің айқындығын қамтамасыз етіп отыр.

«Айқын» сервисі — жеке және заңды тұлғалардың өз өтініштерін мемлекеттік органдардың нақты регламентпен қарау мерзімін бақылап отыратын кешенді жүйе. Айталық, кез келген азамат өз өтініші бойынша — құжат айналымымен қоса, оның қаралу регламентінің сақталуын да бақылай алады. Ақпараттық сервистің ерекшелігі — ол халық, ұйымдар мен мекемелердің өз өтініштерінің қаралу регламентін алғаш рет интернет желісінің көмегімен қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Осылайша, азаматтардың Конституциялық құқықтары нақты қорғалады.

Сервисті пайдаланудың технологиялық тізбегі мынадай:

  • Мемлекеттік органға өтінішті қолма-қол тапсырған жағдайда, Өтініш беруші — өтінішті қабылдаған кеңсе қызметкері тарапынан 18 таңбалы бірегей нөмірі бар түбіртекке ие болады;
  • Сол түбіртектегі нөмірді пайдалана отырып, +7-800-080-7777 (стационар) немесе 1414 (ұялы) хабарласып, өтініштің қаралу кезеңі және нәтижесі туралы ақпарат білуге болады. Тіпті оңай жолы — 1012-ге түбіртек нөмірінен тұратын SMS жіберіп те (ақылы, 15 теңге) мәлімет алуға мүмкіндік бар. Ал интернет арқылы — ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің service.pravstat.kz сайтына өтіп, «Мемлекеттік органдарға жүгіну» бөлімін таңдап, түбіртек нөмірін теріп, өтініштің ағымдағы ахуалын білуге болады.

Егер өтініштің қаралу регламенті бұзылған болса — Бас Прокуратураның Саll-орталығына 115 нөмірі арқылы шағымдануға болады.

Қазірдің өзінде бұл сервис 500 мыңнан астам сұрауға жауап берген.

Қазірде еліміздің ірі сауда орталықтарында, аэропорттар мен теміржол вокзалдарында Айқын» ақпараттық сервисімен жұмыс жасау реті ресми және мемлекеттік тілдерде қатар бейнероликтер арқылы түсіндірілуде.

Меморгандар мен азаматтардың, меморгандар мен ұйымдардың күнделікті қарым қатынасында сыбайлас жемқорлық, парақорлық ошақтары қалыптасып жүргені жасырын емес. Шенеунік тарапынан өтінішті әдейі шырғалаңға салу, бюрократиялық процедураларды көрінеу көбейтіп, кей жағдайда – қатардағы өтініш берушінің құқықтық сауатының кемшін тұстарын сәтті пайдаланып, ақыры қатардағы азаматты – өзінің күйіп тұрған мәселесін шешу үшін пара беруге, немесе түрлі қитұрқы схемаларға итермелеу мысалдарын өкінішке қарай, көп көріп жүрміз. Күн құрғатпай қылаң берірп жататын коррупциялық жанжалдар, пара алу фактілері іс қағаздарын автоматтандыру, құжат айналымын цифрлеу әдісіне өзінен өзі әкеп тіреді. Бұл орайда белсенділік танытып, жобалау мен жұмысты жолға қою арасындағы мерзімді мейлінше қысқарта білген аталмыш Комитетке тек сәттілік тілейміз.