Басты бетҚоғамАқпарат саласына...

Ақпарат саласына «Алтын сағат ережесі» енгізілді

Парламент Мәжілісінің бүгінгі жалпы отырысында еліміздің 16 заңы мен 6 кодексіне өзгерістер енгізілді.

Заң жобасында ақпарат, байланыс және ақпараттандыру — сынды үш үлкен салаларды дамытуға бағытталған кешенді өзгерістер қамтылды. Заң жобасы ақпарат саласында азаматтардың құқығын қорғауға; БАҚ қызметінде сапалы өзгерістер жасауға; ақпаратқа қолжетімділік бойынша мүмкіндіктерді ұлғайтуға; ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімін қамтамасыз етіп, оны қолданудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

«Заң жобасындағы ақпарат пен коммуникация саласын дамытуға бағытталған кейбір нормаларын атап өткім келеді. Ақпарат иеленушілер БАҚ сауалына енді 15 күнде емес, 7 жұмыс күнінде жауап беруі керек. Ол журналистерге сараптамалық материалдар жазып, журналистік зерттеулер жасауға мүмкіндік береді. Ал мемлекеттік органдар қоғам үшін ашық бола түседі»,-  дейді әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев.

Оның айтуынша, өзгерістер сотқа дейінгі жағдайда ақпарат тарату мен ақпараттың шынайылығын тексеру, ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне де қатысты енгізілген.

«Бірінші рет мемлкеттік органдардың жауапкершілігі заңды түрде бекітіліп отыр. Олар қазақстандықтардың өміріне қауіп төнген жағдайларда қажетті ақпаратты оқиға басталған үш сағаттың ішінде беруі керек. Ол «алтын сағат ережесі» деп аталады. Бұл азаматтарға сенімді ақпаратты аз уақыттың ішінде алуға мүмкіндік береді»,- дейді Бейбіт мырза.

Жалпы алғанда заң жобасына 200-ден астам өзгеріс енгізілген.