Тіс емдеу орталығын таңдауға асықпаңыз

Бүгінде Алматы көшелерінің бойында не көп, тіс емдеу орталықтары көп. Неге? Себебі елімізде 70 пайызға жуық стоматологиялық көмек көрсету ақылы. Ал олардың қызмет көрсету құнын айтпағанда, сапалы тіс емдеу орталығын таңдау тіптен қиын.

Шынымен де қазіргі уақытта стоматологиялық емханаларды таңдау өте қиын. Сондықтан да, тіс емдеу орталығын таңдамас бұрын бірнеше критерийлерге назар аударған жөн. Бірінші, арнайы білімі бар, жоғары білікті дәрігерлер қызмет ететін орталық таңдау керек. Екінші, денсаулыққа қауіпсіз алдыңғы қатарлы жаңа технологиямен жабдықталған емхана екендігіне көз жеткізу қажет. Үшінші, сапа кепілдігін беретін мекемеге бару керек. Кепілдік – жұмыстың қаншалықты сапалы екендігін айқындайды деп ойлаймын.

Тіс дәрігеріне қаншалықты жиі қаралып тұру қажет?

Тістегі ақау — адам ағзасындағы бар ауру-сырқаудың бастауында тұрады. Оған салғырт қарауға, әсте, болмайды. Тіс дәрігерінің айтуынша, тісіңіз сау болса да, жарты жылда бір рет тіс дәрігеріне қаралып, профилактикадан өтіп тұру артық етпейді.

Қазақпыз ғой (күліп). Емделушілердің көбі тісі қатты ауырып, күрделі емделуді қажет ететін кезде қаралады. Негізі ересек адамдар әр жарты жыл сайын тісін тексерістен өткізіп, тіс дәрігерінің кеңесін алып отырғандары жөн. Себебі жарты жыл ішінде тісжегінің жетілуі немесе емделген тістің бітемесі түсіп қалуы әбден мүмкін. Ал балалар 3 ай сайын келіп, көрініп тұрғаны дұрыс. Өйткені балалардың тек тісі ғана емес, кез келген даму процесі тез жүреді. Жалпы тісіңізге байланысты ақаулықты анықтасаңыз, дереу мамандарға қаралып, уақытында емделу қажет. Асылы, тіс әрігеріне қаралып тұруды әдетке айналдырған жөн.

Тіс дәрігері София Ансарова

Тіс ауырса…

Ауру айтып келмейді. Әсіресе, тіс ауруы түн ортасында басталатыны шындық. Ал қақсап, мазаны алған тіске тез арада ем қажет. Бірақ түн ішінде тіс дәрігерін қайдан табасыз?!  Яғни, алғашқы көмекті үй жағдайында өзіңіздің жасауыңызға тура келеді. Халық медицинасына сүйенсек, сарымсақ тіс емдеуге көмектесетін таптырмас құрал. Яғни, оның шырыны тістің тамырын жылдам тыныштандырады. Ол үшін сарымсақты екі бөлікке кесіп, тістің ауырған жеріне апарып басу керек екен.

Егер балаңыздың тісі қатты ауырып, дәрігерге баратын мүмкіндігіңіз болмаса, Ибуфен мен Нурофен дәрілерін қолдануға болады. Ибуфенді көп аналар қызуды түсіретін препарат деп біледі. Бірақ оның тіс ауырғанды басатын қасиеті де бар. Ал ересек адамдарға Ношпа, Кетонал секілді дәрілерді қабылдауға болады. Тағы бір айта кететін жайт, көптеген балалардың тісінде қара дақ жиі кездеседі. Бұл тісжегі деп аталады. Ол ауыз қуысының таза болмауының әсерінен пайда болады. Сондықтан балалардың тіс күтімін  әрдайым назарда ұстап жүру керек.

Тіс жұлу қаншалықты қауіпті?

Тісіміз қатты ауырып, мазасызданған кезде тістен барынша тезірек құтылуды ойлап тұратынымыз рас. Алайда тіс жұлуға да сақтық керек. Дұрысы, тісіңізді жұлдыртуға асықпай, тіс дәрігерінің көмегіне жүгініп, оны сақтап қалуға әрекеттенген абзал.

6-7 жастан 11-12 жас аралығында, сүт тістер толығымен тұрақты тістерге алмасады, тісті сол уақыттарда жұлған дұрыс. Ата-аналардың арасында: «баланың сүт тістері түсіп қалатындықтан, оларды емдеудің қажеті жоқ» деген жаңсақ пікір бар. Негізі қандай тіс болмасын оны міндетті түрде емдеу қажет. Өйткені балаңыздың тұрақты тістері сау болып қалыптасуы сүт тістеріне байланысты. Ал сүт тістеріңізден ерте айырылу тұрақты тісіңіздің өсуіне кері әсерін, тіпті қаупін төндіруі әбден мүмкін.

Тіс щеткасын қалай таңдайсыз?

Технология ғарыштап дамыған бүгінгі заманда электрондық тіс щеткалары сұранысқа ие. Бірақ оның қаншалықты зиян немес пайдалы екеніне мән бермейміз. Жалпы, тіс щеткасын таңдағанда қандай критерийлерге зер салған дұрыс? София Шамильқызының айтуынша, тіс щеткасының қатты да, жұмсақ та емес орташа түрін таңдау керек. Сонымен қатар щетканың сабы ұзын әрі резиналы болғаны дұрыс екен.

Тіс щеткасының басы 2-3 см, ұзындығы 2 см, ені 1,5 см болу керек. Бір щетканы ұзақ қолдануға болмайды. Әрбір 3 айда щетканы ауыстырып тұрыңыз.тіс щеткасын көбіне жас ерекшелігі мен тіс жағдайына байланысты таңдау қажет. Мысалы, тіс жиегі ауыратындар мен 12 жасқа дейінгі балаларға жұмcақ щеткаларды, ал жасөспірімдер мен үлкендер жұмсақ және қылтаны көбірек тіс щеткаларын пайдаланғаны абзал. Өйткені олар өңездің пайда болуына жол бермейді және қызыл иекті өз қалпында сақтайды.

София тіс дәрігеріТіс пастасын таңдау үшін…

Күнделікті тұрмыста қолданып жүрген тіс пасталарының сатылымда сан түрі бар. Олардың қайсысы дұрыс, я бұрыс екендігінде білмейміз. Тіпті, таңдау жасағанда құрамына емес, қорабына қызығып алатынымыз жасырын емес. София Шамильқызының айтуы бойынша, тіс пастасын тісіңіздің жағдайына қарап таңдаған дұрыс.

Тіс пасталарын да адам жасына және тісінің жағдайына қарай пайдаланған жөн. Біз әдетте щеткаға пастаны көп жағамыз. Пастаны щетканың жартысына ғана жақсаңыз жетеді. Тіске құрт түскен болса, құрамында фторы бар паста таңдаңыз. Калий, аргинин, гидроксиапатит элементтері бар паста тіске пайдалы. Егер тістеріңіздің сезімтал екенін байқасаңыз, фтордың жетіспеушілігінен деп түсініңіз. Бір тіс пастасындағы фтордың орта мөлшері 0,145%  болуы шарт. Егер тісіңіз жүйкеңізге әсер етіп, суыққа шыдатпай жатса, фторидке бай тіс пастасын қолданғаныңыз дұрыс. Біз көбіне 3 жасқа дейінгі балалар үшін Rocs және Splat компаниясының тіс пасталарын ұсынамыз. Себебі балалар түкіре алмағандықтан, көбіне тіс пастасын жұтып қояды ғой. Ал аталмыш пасталарды жұтып қойған жағдайда денсаулығына ешқандай қауіп төнбейді.

Рүстем Амангелді

Стоматологқа қаралу үшін қанша қаражат керек? 

Стоматология — медицинаның ең табысты саласы екені сөзсіз. Сұранысқа ие мамандықтың бағасы қызмет көрсету түрлеріне қарай әртүрлі.

«Kids Smile» тіс емдеу орталығының қызмет көрсету бағасы:

  • Тісіңізді толығымен тексерістен өткізу, дәрігерлік кеңес алу — 3000 теңге;
  • Тісті емдеу және бітеме (пломба) қою- 6500-20000 теңге аралығы;
  • Тұрақты тістерді емдеу — 10000-40000 теңге аралығы;
  • Тіс ағарту — 30000-60000 теңге аралығы;
  • Тіс тазалау — 15000-20000 (ересектерге), 5000-12000 (балаларға) теңге;
  • Брекет қою — 100000 (металл түрі), 150000 (керамика), 200000 (сапфировый);
  • Имплант — 260000 теңге.

Біраз адамның жоғарыда аталған бағаларды көргеннен кейін шошынуы орынды. «Kids Smile»  орталығының қызмет көрсету құны неге қымбат десеңіз, біздің емханада тек қана жоғары дәрежелі тіс дәрігерлері жұмыс істейді. Тіс емдеуге Германия мен АҚШ өнімдерін пайдаланамыз. Ал ол өнімдерді балалар мен ересек адамдарға ортақ пайдалануға болады. Жалпы емханамыз таңдаулы болса да, орташа жалақы алатын адамдардың қаралуға мүмкіндіктері бар.

Керек кеңес:

Тіске құрамында көмірсу мөлшері көп өнімдер, дәлірек айтқанда, нан өнімдері, газдалған сусындар және кез келген тәттілер зиянды. Аталған өнімдерді шектен тыс пайдалану тісте өңездің пайда болуына әкеп соқтырады. Ал тісжегіні болдырмау үшін әр тамақтанғаннан кейін міндетті түрде ауыз қуысын шаю немесе артынша су ішу қажет.

Сұхбаттасқан Еркеназым Амангелдіқызы, фото авторы Айгүл Хожантаева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.