Нияз батыр туралы не білеміз?

Әдебиетіміз бен тарихымызға белгілі бір дерек:

Байдалы бидің шешендігі мен ділмарлығын жоғары бағалаған Уәли-ханның кіші әйелі Айғаным сыйға тартқан Абылай ханның шапаны осы елдегі Қараағаш шаруашылығының жетекшісі Хамзе Сәтжановтың үйінің төрінде ілулі тұратын еді. (Жақын арада осы торқа шапан Елордамызға жеткізіліп, салтанатты түрде Президенттік мәдениет орталығының музейіне қойылды).

Бұл шапанның көнелігі мен көркі өз алдына сөз етуге тұрарлық болса, оның ұзындығы мен енін көргенде Абылай ханның қандайлық алып, еңгезердей адам болғандығы бірден көз алдымызға келеді.

Бұл өз алдына хикая.

Тағы бір көңіл аударарлық жайға кездейсоқ тап болдым. Атасу көшесінде бір топ адамды тоқтатып, аудандық газет редакциясына барудың жөнін сұрадым. Жігіт ағасы болып қалған келбетті кісі:

– «Мәдениет үйінің сыртын ала жүре берсеңіз, редакция алыс емес» — деді.

Әлгі адамға: – «Сіз Түрікменстан президентіне ұқсайды екенсіз. Сапармұрат Ниязовтың туысы емессіз бе?» – дедім әңгімеге тартқым келіп.

Топ ішіндегі бір жігіт: – Нияз есімі бұл кісіге де жат емес, арғы атасы Нияз батыр Барқыұлы, — деді.

– Рас айтасыз ба? – деп әлгі жігітке жалт қарадым.

– Шыны солай. Танысалық, тегім Кішенов, атым Жақия, деп езу тартқан келбетті адам, – Егер шежіреге жүгінсек Кішеннің әкесі Әлмағанбет Серманбеттен, Серманбет Еспембеттен туады. Еспембет Жартыдан, Жарты Әлдеберліден туыпты. Әлдеберлі болса атақты Нияз батыр Барқыұлының баласы.

Жақияның жайдары жүзіне қарап, оны қоғамдық тәртіпті сақтау мекемесінде істейді деп ешбір ойламайсың; аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, шені – полковник.

– Сіздердің тұқым-жұрағаттарыңыз да Орта Азиялықтарға, мәселен өзбек, түрікпендерге ұқсайтындары жиі кездесе ме? – деп сұрадым.

– Сізге әріптес болып келетін шегір көз бір туысымыз бар. Білетін де шығарсыз. Өмірбай Жақыпов. Оның басына түрікпеннің сең-сең бөркін кигізе қойсаңыз, сары түрікпен болып шыға келеді. Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшардың бастығы Башарұлын түрікпендер арасына қоя берсеңіз ешкім оны қазақ деп айыра ала алмас еді, – деп әзілдеді Жақияның қасында тұрған жас майор Қанат Ержанов.

Ташкент төңірегіндегі өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрік секілді ұлттар озбыр ноянның о дүниеге аттануын қуанышпен қарсы алды. Тек шаһар әкімі Қоқым би мен оның айналасындағылар Өргеге елші жіберіп, Лобыжыларға көңіл айтты.

Екінші жағынан Қоқым би де Нияз батырды өз жағына тарту әрекетін ойластырды, шаһардың бір бөлігін Ниязға билетіп, оны басшы етіп тағайындамақ болды. Қазақтар жайлаған Қарасу, Шыршық өзендерінің жағалауымен Мыңөрік, Шайхан-Тәуір мекенінде Төле би бастаған қазақтар Қоқым бидің әмірінсіз-ақ билік жүргізіп келді. Ең қызығы Нияздың әйелдері Ақық пен Айша Төле би үйіндегі жеңгелері Тұмар бибіге еріп, бау-бақша, жеміс-жидек өсіруге төселіп алды. Арқа қазағы әйелдерінің өрік, мейіз, қауын, қарбыз баптағанын көрсе, сонау Ақтау, Ортау, Сарысу бойындағы туыстары өз көздеріне өзі сенбес еді.

… Ташкент төңірегіндегі халыққа қалмақтар шабуылын азайтты. 1745 жылдың күзінде қоңтайшы Ғалдан-Серен өлгеннен кейін Жоңғар хандығының бірлігі кете бастады. Ташкент, Қазықұрт, Арыс, Келес, Талас, Шу бойын жайлаған елдерге маза бермейтін Септен, Сайын, Білек, Немхал деген нояндары өз елдерінің ішіндегі тартыспен болып кетті. Азын-аулақ көрінген жоңғар жортушыларын Нияз, Сатай, Баубек секілді батырлар қамшының астына ала бастады. Аз уақыт ішінде Ұлы жүз үйсін елі қамшыгерлікті игеріп алды. Найзадан гөрі қамшыны ұстай білу салтқа айналды. Қоңырат пен қыпшақ жігіттерінің қамшыны баптап, оны сілтей, үйірудің әдістеріне ден қою тіпті ғажап. Нияз қамшыгерлерінің мұндай өріс алуын күтпеген еді. Қамшысы бар қазақтан былайғы жұрт сескенетін болды.

Бұл жылдары Нияз ауылы ерекше бір әскери бекініске айналды. Ал осы бекіністің бегі болып Нияздың өзі аталды. Ниязбек деген мекенжай осылай пайда болған деген де аңыз бар. Аңыз бен ақиқаттың арасын біріктіретін деректерді алдағы уақытта да іздестіре түскен ләзім. Сол бір тұста Ташкенттің бегі де, Қоқан мен Бұқардың әмірі де, Хиуаның ханы да «Нияз батыр жайлаған өңірге алым-салық жинаймыз» деп аяқ баспайды екен.

Нияз батырдың соңына еріп келген өз туыстарынан басқа Ташкент төңірегіндегі қазақтардың қорған-қамқоршысы дерлік үлкен рулар қыпшақтар мен қоңыраттар болды. Әсіресе, өз алдына жеке-дара ауыл болып, келе-келе қорған-бекініс салу ісіне кіріскен Ниязға өз ағайындарымен бірге асар жасап, қорған құрылысына көмектескендер үйсіндер, қаңлылар, қыпшақтар мен қоңыраттар еді.

Келе-келе өз іргесін көтерген қорғанның бегі болып сайлануына да Ниязды қолдаған, оның бек болуына ат салысқан осы рулар болды.

Бүгінгі Ташкент тарихында Ниязбек қорғаны жайлы алып-қашпа әңгімелер көп жазылды. Оның басты себебі Ташкент шаһарын жүздеген жылдар бойы қазақтың белгілі адамдарының басқаруында болғандығы. Бұл мәселені жете зерттеген жан ақиқатына бірден көз жеткізе алған болар еді. Нияздың төл туысы, туған інісі Құлқара да өз алдына қорған түзеген. Бұл тарихи мекендердің жұрты Ташкенттің археологиялық картасында сайрап жатыр.

Ниязбек қорғаны салынғаннан кейін бір ғасыр өткен шақта Ташкентті алуға келген орыс генералы Михаил Черняев Ниязбек қорғанын басып алу үшін үш күн аялдаған. Ниязбекті қорғаушылардың асқан ерлікпен қарсыласқанын Черняев армиясымен бірге жүрген дін иесі Андрей Малов та растайды.

Бұл тарихи мекендердің (Ташкент төңірегіндегі) шежіресінің көмескі тарта беретін басқа да жайлары бар. Оның үстіне қазақ тарихшылары Ташкент, Қорған-Төбе, Ұра-төбе, Қоқан, Жизақ, Қаршы жақта қазақтың ру-тайпалары болмағандай, көбінесе бұл мәселеде жұмған ауыздарын ашпай келеді.

Нияз заманында Қоқан шаһарының базарында жергілікті халық қыпшақтарды қанжардың астына алып, қырып салған қаралы да күндер болған. Осындай қанқұйлы хабарды естіген Ташкент төңірегіндегі көшпелі рулар Қоқанға шабуыл жасауға қамданған. Сол тұстағы Қоқан шаһарының биі Әді-Кәрім көшпенділердің бұл қимыл-әрекетіне уақытында тосқауыл қоя білгендігінен қантөгіс жалғасып кеткен жоқ. Мұндай қысылтаяң кезеңдерде қазақ рулары Нияз бен Құлқарамен, Төле бидің ұрпақтарымен әркез ақылдасып, мәслихат құрып келген.

Осы кезеңде Нияз батыр бастаған қазақ сарбаздары біраз жерді шолып, қазақ, өзбек, түрікпен, қызылбас елінің қанқұйлы қаһарлы шақтарының құлдығынан құтқару үшін талай жорық-жортуылдар жасаса керек. Үргеніш арқылы сонау Үстірт асып, Тамыры, Бұқарға дейін көсіліп сонау Дарқат ата, Шаржау, Саят, Дейнеу, Қарабек, Кіреші (Көрші атанып кеткен) – А.С.) елді мекендерге Нияз батырдың соңына ерген, сарбаздардың ат тұяғы тиді.

Нияздың аға-інілері Мөңке, сондай-ақ балалары Аллаберді (Түрікпен жерінде туғаннан осылай аталса керек, қазақтар Әлдеберді деп атайды – А.С.) Байназар, Жаназарлар да өз алдына шаңырақ көтеріп, ауыл болып, ағайын туғандарына арқа сүйер қорған бола бастады.

Елуінші жылдың ортасынан шыға бере Төле би дүниеден озды. Одан бұрын Барақ Сұлтан, әйелі екі баласымен, күтпеген жерден қапыда опат болды. Бұл қанды оқиғаға Нияз да сабақтас бола жаздаған. Барақты меймандыққа шақырған қожа Ниязға да арнайы адам жіберіп, Манақаға қонақ болып кетуін қиыла өтінген еді. Алайда Айшаның ауырып қалуы себепші болып Нияз Манақаға бара алмай қалады.

Башқұрт елінің адал ұлы, қазақтың бостандығы үшін күрескен Қарасақал да қайғы-мұң арқалап дүниеден озды. Қайнағасы Бөгенбай Ерейменнен екі аттап шығуды қойды.

Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтандар бұл дүниеде Нияз батырдың бар екенін ұмытты.

Батыр кір жуып, кіндік кескен жерін сағынды. Ойлана келе, Нияз туған жерге көш тіктеуді ұйғарды.

Оның бұл шешімін бәйбішесі Ақық пен ұлы Әлдеберді ғана құптады. Өзгелері батырдың бұл шешіміне түбегейлі қарсы болды.

Сөйтіп Арқа жеріне көшуге бел буған Әлдеберлі әкесінің ақ батасын алып соңына ағайын-туысы, бала-шағасын ертіп Ақтау, Ортауға келіп қоныстанады. Бүгінде Әлдеберлінің балалары Ебей мен Жартыдан тараған ұрпақ Жаңаарқа өңірінде өсіп-өніп, еңбек етіп жатыр.

Нияз Барқыұлының туған жылы тарихи деректерде 1699 жыл деп көрсетіледі. Бұл дерек халықтың Нияз батыр жүз жиырма жас жасаған деген пікіріне дәлме-дәл келеді.

Біреулер Нияз батырдың сүйегі Түркістанда, Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің теріскей қанатындағы Арғынның ардагерлері жерлеген ақ үйде жатыр десе, базбіреулер батыр Ташкент төңірегінде жерленген дегенді айтады. Жалпы Нияз Барқыұлы төңірегіндегі біраз мәселе әлі де зерттей түсуді қажет ететіндігі сөзсіз.

А. Сатаевтың айтуы бойынша әзірленген