Министрдің атап өтуінше, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің проактивті принципін толықтай электрондық нұсқада жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайда адамдардың арнайы келуі де қажет болмайды.
«Мысалы, бала туғанда, ата-анасына туу туралы куәлік алу үшін баланың аты-жөнін, жәрдемақылар тағайындау үшін шот нөмірін және балабақшаға кезекке қою үшін мекенжайын көрсету ұсынысымен автоматты түрде SMS-хабарламалар келеді. Өтініш беруші мемкорпорацияға мемлекеттік қызмет нәтижесін алып кетуі үшін ғана келеді немесе үйге жеткізу қызметіне тапсырыс бере алады», — деді Дәрен Абаев.
Бұдан бөлек, ведомство басшысы жақында Астанада мемлекеттік қызметтерді алу үрдісі толықтай автоматтандырылған Digital-ХҚКО іске қосылатынын және онда операторлар болмайтынын айтты. Цифрлық ХҚКО ашылуы мемлекеттік қызметтерді ұсынудың жаңа нұсқасына өту кезеңі болмақ. Ол жерде азаматтар өз бетінше қоғамдық қолжетімділік орындары, «Connection point» өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары және мемкорпорацияның арнайы стенд-павильондарындағы планшеттер арқылы электрондық өтініштер береді.