Жаңа түскен келін қандай салт-дәстүрлерді білуі тиіс?

Түйе мұрындық деген не?

Бұл — қазақтың әр жаңа түскен келіні білуі тиіс салттың бірі. Бір топ әйел қызы ұзатылып көшіп келе жатқан көштің алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады, оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Салт қазіргі уақытқа дейін сақталып келеді. Әлбетте заман талабына сай, ұзатылған қыз жаңа отбасына түйемен емес, көлікпен барады. Оны жеңге, абысындары тәтті, дәмділерімен, шар, ленталарымен күтіп алады. Көліктегілер оларға сый ұсынады. Қазіргі кезде кәде көбіне ақшалай беріледі. Алайда мұның ежелден келе жатқан «түйе мұрындық» екенін бірі білсе, бірі білмейді.

Жаңа түскен келінді не үшін тулаққа отырғызған?

Келін
©el.kz

Ертеректе жаңа түскен келінмен бірге келген төсек-орнын түсіріп, отау тігуге ауыл болып кіріскен. Шаңырақты көтеру үрім-бұтағы өскен, елге беделді анаға жүктеледі. Бұл — жас келінге “жағың түскенше жамандық көрме, осы абыройлы ананың жолын берсін” деген ырыммен жасалатын жоралғы. Сондай-ақ келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне жауып, бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне алып кіргізеді. Босағаны оң аяғымен аттай кіріп, тізе бүгіп үш рет сәлем берген келінге атасы бата береді.

Бұл жоралғылардан кейін келінді от басына төселген тулаққа отырғызады. Ол – “жаңа түскен жас келіннің мінезі иленген тулақтай (тері) жұмсақ, биязы болсын” деген ырым.

Келінге қандай табақ тартылады?

Ұлттық тағам
©Yvision

«Келін түсіру» салтанатына келген қонақтарға табақ тартылғанда, үлкендер жағы келінге арнап үлпершек, төс салып жібереді. Ол “ұл тап, төстей қайқайып жүріп қайын жұртыңа қызмет ет, майдай бат, судай сің” дегенді білдіреді. Келін сәлем етіп, тағамды қабылдап, өзі ауыз тиіп, жанындағыларға береді.

«Беташар» сыйы кімге және не үшін берілген?

Қыз ұзату
©Әлия Асхатқызы

«Беташар» жыры жаңа түскен жас келінді таныстыру, келіннің міндетін түсіндіру мақсатында үлкен жиын ортасында айтылады. Беташар айтушы келіннің келген жеріндегі қайын ата, қайын енеден бастап туыстарының үлкен-кішілерін жеке-жеке таныстырып, келінге олардың әрқайсысына иіліп сәлем еткізеді. Жаңа туыстары бұл сәлеміне, көрімдігіне сый береді. Ертеректе сый ретінде түйеден бастап ешкі-лаққа дейін төрт түлік мал аталған. Осылайша бүкіл ауыл-аймақ, ағайын-туыс болып, жас отауды ел қатарлы үй етуді көздеген.

«Есік ашар» дегеніміз не?

Келін, салт дәстүр
©degdar.kz

Келін түсіру тойы аяқталған соң, жас келінді туыстары үлкен үйдің есігін ашуға, қонаққа шақырады. Отбасын көрсетеді, бата береді. Оны қазақтар «есік ашар» деп атайды. Есік ашарға шақырылған келін құр қол бармайды, өз тойына келген жасаудан көйлек-көншек ала барады. Үлкендерге сый көрсетіп, ибалық танытады.

Келін шай кезінде «ілу салуды» кім алады?

келін

Бұл да — жас келін білуге тиісті ежелгі салтының бірі. Келін түскен үйіне түрлі көйлек-көншектерді іліп қояды. Оны көрші-қолаң, жақын туыстары келіп алып кетеді. Бұл салт қазақта туған-туыстың байланысын қоюлатуға қызмет еткен. Жас келін келген қонақтарына шай құйып, иіліп сәлем беріп, дастархандағы көп адамның шынысын аустырмай шай құяды. Осы арқылы оның мұқияттылығы сыналады.

Жас отауға кім «өңір салады»?

Түйемұрындық, келін түсіру
©jasqazaq.kz

Өз алдына отау болған қыздың туыстары қайталай құтты болсын айтып, шашу алып келеді. Құр келмейді, жас отауға арнап ұсақ үй-жабдықтарын қоса алып келеді. Бұны қазақ кәдесінде «отау көріктеу», «өңір салу» деп атайды. Өңір сала келген әйелдерді отау иесі асты-үстіне түсып күтеді, ақсарбас малын сойып, ризашылықпен қайтарды.

«Құрсақ той» не үшін жасалады?

Қазіргі уақытта «құрсақ тойды» әркім өзінше орындап жүр. Дегенмен, бұл салттың нақты мақсаты бар. Келіннің ауыр аяқ екенін біле қалған енесі қатты қуанады. «Қағанағы қарық, сағанағы сарық» болсын деп, жас келіннің жерігін бірден табуға кіріседі. Келіннің және құрсақтағы нәрестенің амандығын тілейді де, көрші-қолаңдарына, туыстарына «құрсақ той» өткізіп береді.

Тойға келген әйелдер өздерімен бірге түрлі дәм алып келеді. Мұндағы мақсат: әр дәмнің арасынан жас келіннің жерігін табу. Қонаққа келген әйелдер қолжаулықтарын үй босағасына іліп кетеді. Бұл — қол-аяғымыз жеңіл болсын, үйдегі бақыт бізбен еріп кетпесін деген ырым.

Қай уақытта төркіндеп бару керек?

Бесікке салу ана әже сәби

Ертеректе салт бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып қайтқан. Жыл өтпей төркіндеуді жаман ырымға балайды. Мұның өзіндік сыры мен мағынасы бар. Халқымызда төркініне жалғыз күйеу баланы ертіп баруды ерсі көрген. Қайта сәбиді көтеріп, төркіндесе, әдемі жарастық, жақсы жол болады деп есептеген. Сондай-ақ ұзатылған қыз жат жерге бауыр бассын, отбасына сүйспеншілігі артсын деген ниетпен жыл өтпей келгенін құп көрмеген. Ал үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнап ақсарыбас қой сойып, үлкен той жасап берген. Қайтарында жиенге қырық серкеш атаған.

Төркіні қызына сыңар мал бермейді, жағдайына қарай құлынды бие, қозылы қой, боталы түйе, лақты ешкі береді. Бұл — қызымыз сыңар қалмасын, ылғи да жұп жүріп, ұрпақты болсын деген ниетпен жасалған ырымның бірі.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.