ВИЧ — адамның иммунитет тапшылығының вирусы. Ол ағзаға түскенде иммунитеттің түрлі ауруларға қарсы тұру қызметін әлсіретеді.

 «Мен өзімнің ВИЧ-ке шалдыққанымды 26 жасымда білдім. Үш жасар қызымды балабақшаға беру үшін тексерілуден өтіп жүргенбіз. Клиниканың барлық жерлерінде «ВИЧ-ке тексеріл» деген қағаздар ілініп тұрды. Сол кезде қалада бұл ауруға шалдыққандар саны артып кеткені туралы жиі айтылатын еді. Тексеріліп көруді ойладым. Себебі күйеуім есірткі қолданатын. Екеуіміз ажырасып кетсек те, маған ол арқылы ВИЧ жұғуы мүмкін ғой деген ой келді»,- дейді Наталья Рудоквас.

ВИЧ-тің жұғу жолдары
Алматы қаласының СПИД-пен күрес және профилактика орталығының мәліметтері бойынша, ©Baribar.kz

Наталья ВИЧ-ке қан тапсырған соң, арада біраз күн өткенде оған СПИД орталықтан хабарласқан.

«Олар маған ВИЧ-статусты екенімді айтты. Өмірім көз алдымда өзгерді. Дәл кинодағыдай бәрі сұрғылт тартып, өмірімнің мәні жоғалды. Бар ойым «бітті, өлемін» болды. Екі сағат бойы «Неге мен?» деп жыладым. Қатты күйзеліске түстім. Статусым туралы отбасым мен СПИД орталықтан өзге ешкім білмеді. Бұл ауруды қабылдап, ары қарай да өмір сүруге болатынын, мен инфекциямен емес, инфекция менімен өмір сүретінін түсіну үшін 3-4 жыл кетті»,-дейді Наталья.

Сол кезде Наталья ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың өзара көмек тобы бар екенін естиді. Алты ай ойланып, барып көруге шешім қабылдайды.

«Басында дәл мен сияқты жақын арада өліп қалатын адамдармен несіне араласамын?» деген ой келді. Келдім. Жаңалық аштым! Өз инфекциям туралы, санаулы күндерім қалғанын айтып, шағымданып отырсам, басқа адамдар мұныма күледі. Жоқ, ВИЧ-пен де бақытты өмір сүріп, отбасын құрып, балалы болып жатқандар бар екен. Бұл – шындық. Осыдан кейін статусымды қабылдай бастадым. Бұл ауа арқылы жұқпайды, демек антиретровирусты терапия арқылы иммунитетімді көтеріп, өмір сүруге болады екен деген ойға қалдым».

ВИЧ қандай жағдайда жұқпайды
Алматы қаласының СПИД-пен күрес және профилактика орталығының мәліметтері бойынша, ©Baribar.kz

«Мен енді өзімнің қарапайым адамдардай өмір сүре алатынымды түсіндім. Тек жай ғана менің қанымда бір инфекция бар, оны терапия арқылы бір қалыпта ұстап тұруға болады»,- дейді Наталья.

Наталья Рудоквас қазір Шығыс Қазақстан облысындағы «Answer» қоғамдық қорының басшысы.

Өзінің ВИЧ-статусты екенін 19 жасында біліп, берілмей күрескендердің тағы бірі – Любовь Чебукова.

«Осыдан 13 жыл бұрын ВИЧ-ке шалдыққанымды білдім. Қатты қорықтым. Барлық арман-жоспарларымның күл талқаны шықты. Болашақ туралы ойламадым да. «Не үшін? Неге мен? Не жазып едім?» деген сұрақтар маза бермеді. Күн сайын оянғанда неге өлмегеніме таң қалатынмын. Жағдайымның жақсы болғаны, ешбір жерімнің ауырмағаны дұрыс емес сияқты көрінді. Бірақ маған жақындарымның қолдауы көмектесті. СПИД орталыққа тексерілуге үзбей барып тұрдым. Арада біраз күн өткенде ажалымды ерте күтіп жүргенімді түсіндім. Өмір онымен тоқтамайды екен. Тек жай ғана менің қанымда бір инфекция бар. Бар болғаны сол»,- дейді Любовь.

Осыны түсінген соң күйеуі екеуі балалы болуды жоспарлап, Любовь өмірге дені сау қыз әкеледі. Иә, ВИЧ-статусты әйелдің өмірге дені сау бала әкелуге мүмкіндігі бар. Алайда дәрігерлер көп жағдайда ондай әйелдерге түсік жасатуды ұсынады.

ВИЧ зерттеу
«ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың Орталық Азиядағы ассоциациясының» зерттеуінің қорытындысы бойынша, ©Baribar.kz

«Менің ВИЧ-статусты бір танысымның хикаясын блогымда жазғанмын. Ол жеке клиникадағы гинекологқа қаралмақ болады. Алғашқы қабылдауда-ақ өзінің диагнозы туралы ашық айтып берген, алайда қабылдау бағасы қымбат болғандықтан, гинекологтан ем ала алмаған. Арада жылдар өткенде танысым гаймориті асқынып, құлағын қарату үшін баяғы жеке клиникаға лорға жазылады. Алғашқы қабылдау өте тамаша өткен. Әрине, танысым бұл жолы диагнозы туралы тіс жармапты. Келесі күні келгенде дәрігердің алаңдаулы екенін байқайды. Ол танысымнан қандай да бір созылмалы аурумен ауыратын-ауырмайтындығын, ВИЧ-ке тексерілгендігі жөнінде, «Бұрын осы клиникада емделгенсіз бе?»- деп сұраған. Сол кезде танысым диагнозын ашып айтпағаны үшін өзін кінәлайды деп ойлап: «Осыдан үш жыл бұрын ВИЧ-пен ауыратын құрбым сіздердің клиникаларыңызға қаралу үшін менің мәліметтерімді қолданған еді. Себебі гинекологқа қаралып жүргенін жасыруы керек болды»,- деп өтірік хикая құрастырған. Дәрігер танысымның айтқанына сеніп қалыпты. Емделушісінің ВИЧ-статусты емес екеніне сеніп, алғашқыда оның диагнозы туралы порталдан көргенде қатты қорқып, барлық құралдарды стерилизациядан өткізгендерін айтқан. Қызық, сонда оған дейін құралдарды зарарсыздандырмаған ба деген сұрақ туындайды. Екіншіден, дәрігер өзінде «ВИЧ фобиясы» бар екенін айтыпты. Бұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Кейбір дәрігерлер саған мүсіркеп қарайды. Иә, менде инфекция бар, бірақ сау адамдар сияқты өмір сүріп жатырмын: таңертең жүгіремін, дұрыс тамақтанамын, жұмысым бар, емімді алып жүрмін, неге мені мүсіркеу керек?»

Любовь ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың ұйымына кіргеннен бастап, жаңа тағдырлармен танысады.

«Аяғы ауыр әйел дәрігердің түсік жасатуға кеңес бергенін айтты. Сол кезде анасы оны СПИД орталыққа кеңес алуға апарған. Алғашқы анализдерін тапсырды. Бұл анализ өте маңызды. Өз құлағымен естуге қорқып, менен нәтижесін біліп беруді өтінді. Білесіз бе, оның қызының дені сау екенін жеткізу сондай әсерлі сәттің бірі еді. Қазір ол қыз 5 жаста. Егер анасы дер кезінде қолдау көрсетпегенде, ол әйел түсік жасататын еді».

Любовь – ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың Қазақстандағы одағының жоба жетекшісі. Олар 2015 жылы көлемді зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде, қоғамда ВИЧ-статусты адамдарға деген үрейдің өте жоғары екені, әйелдердің балалы болу құқы тапталып жатқаны, кейбір жұптардың балалары да ауру болып туу мүмкін деген үреймен түсік жасататыны анықталды.

«ВИЧ-статусты адамдарға өте қиын. Олар денсаулық жағдайынан емес, қоғамда шеттетушілікке ұшырағандықтан қиналады. Мысалы, мен босанған соң, алғашқы күндері дәрігерлер балама жібермеді. Перзентханадан шығамын дегенде де «балаға сиропты дұрыс бере алмайсың» деп жатқызып қойды. Тіпті, жеке клиникада қаралып жүрген гинекологым да менің диагнозым туралы білгенде «Бітті, енді маған келмей-ақ қойыңыз. Сізге СПИД орталықта қаралу керек. Қазір мен оларға хабарласып, ескертіп қоямын», -деді де, өтірік хабарласып отырған сияқты түр жасады. Сол кезде мен оның бәрі стигма, дискриминация екенін білмеген екенмін. Яғни, ВИЧ-пен өмір сүретін адамдар қоғамның бұндай қарым-қатынасын қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Өздерінің диагноздары үшін ұялады да, «бізбен адамдардың осылай сөйлесуі дұрыс» деп ойлайды. Мысалы, бір әйелге күйеуі қол көтере беретін болған соң, кризистік орталыққа барса, ВИЧ диагнозына қарап, алмай қойған. Бұның барлығы бар жағдай. Адамның денсаулық статусы оның білім алуына, дәрігерге қаралуына, жұмыс істеуіне, өзге де қызметтерді алуына ешқашан кедергі болмауы керек»,- дейді Любовь.

Оның айтуынша, ВИЧ-ке шалдыққан адамдар қоғамның көзқарасынан қорыққандықтан, жұмысын, тұрғылықты жерін алмастыруға мәжбүр болады.

«Менің бір клиентім болды. Ресторанда бас аспаз болып қызмет етеді. Өзінің статусы туралы білгенде жұмысын тастап кетпек болды. Сол кезде оған ВИЧ-тің тамақтан жұқпайтынын айттым. ВИЧ инфекциясы тек сұйықтықта ғана өмір сүреді. Егер ол ауаға шықса, сол мезетте-ақ тіршілігін тоқтатады. Ол тек қанның немесе инфекциялы сұйықтықтың бірден ағзаға түсуі арқылы ғана жұғады. Негізі кез келген созылмалы аурумен ауыратын адамды қоғам дұрыс қабылдай алмайды. Көптеген адамдар «ауруын жұқтырады» деген стереотипті ұстанады. Соның себебінен денсаулығында кінәрат бар адам өзін ауырғаны үшін кінәлі сезінеді, қиналады. Бұл күйзеліске, суицидке алып келеді».

* «ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың Орталық Азиядағы ассоциациясының» зерттеуінің қорытындысы: Шамамен әрбір оныншы ВИЧ-статусты адам суицид туралы ойлаған.

«ВИЧ-ке шалдыққан адамның психологиясында бірқатар күрделі өзгерістер байқалады,- дейді психолог Әлия Болтаева. — Əрбір науқасқа шалдыққан адам өзінің диагнозы туралы ақпаратты естіген сəтте психологиялық дағдарысты бастан өткереді. Бұл дағдарыс кезеңінде ол өзінің өмірлік мақсаттары, құндылықтары, армандары мен жоспарлары туралы көзқарастарын саралап, қайта қарайтыны анықталған. Дағдарыс кезеңінің ұзақтығы адамның тұлғалық қасиеттеріне, мінез, темперамент, қабілет сынды индивидуалды-типологиялық ерекшеліктері мен құндылық бағдарлар жүйесінің өзгерістеріне тəуелді болады. Оның эмоционалдық жəне мотивациялық құрылымында да маңызды өзгерістер байқалады. Стресске тұрақтылық, мазасыздану деңгейі, субъективті қадағалау жүйесі сияқты эмоционалдық сфераның қасиеттеріне қарай адамның өз диагнозын қабылдауы, өмір сүру образын таңдауы, мақсаттарын өзгерту деңгейі қалыптасады. Бұндай кезде оларға қолдау көрсету керек. Туыстары, жанұясы, достары ол адаммен қарым-қатынас стратегиясын күрт өзгертуге тырыспағаны жөн. Ол адамға науқас ретінде қарап, аяу-мүсіркеу көрсетуі, шектен тыс қолдау жасау, керісінше оның санасында қарсылық немесе тұйықтық сезімін тудыруы мүмкін».

ВИЧ -статусты адамның орташа сипаттамасы
«ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың Орталық Азиядағы ассоциациясының» зерттеуінің қорытындысы бойынша, ©Baribar.kz

ВИЧ-ті қалай жеңуге болады?

«Өмір ВИЧ-пен бітіп қалмайды. Мен онымен өмір сүріп жатқаныма 13 жыл болды. Екінші баламды өмірге әкелуді жоспарлап жүрмін. ВИЧ толық емделмесе де, оны жеңуге болады. Мысалы, менің ішіп жүргені дәрілерім инфекцияның белсенділігін төмендетті. Енді менен ВИЧ жұқпайды. Бұл дәлелденген. Ғалымдар 1166 дискордантты жұпқа тәжірибе жасаған. (Дискордантты жұп дегеніміз – бір адамы ВИЧ-статусты, екіншісі сау жұп). ВИЧ-статусты адамы тұрақты түрде ем қабылдап жүрген және инфекция белсенділігі өте елеусіз жұптар жыныстық қатынасқа сақтанбай түссе де, ВИЧ жұқпаған. Демек, ВИЧ-ті тоқтатуға болады деген сөз. Ол үшін өзінің өміріне, қоғамға жауапты қарайтын барлық адам ВИЧ-ке тексерілуі керек. Осылайша, инфекциясы барларды анықтап, олардың да емделуіне жағдай жасасақ, бұл эпидемияны жеңе аламыз»,-дейді Любовь Чебукова.

* ВИЧ-ке тұрғылықты тіркелген жеріңіздегі поликлиникадан немесе СПИД-пен күрес және профилактика Орталығында тегін тексерілуге болады.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.