Спортпен 2015 жылдың 22 наурызынан бастап айналысып келемін. Дәл осы күні қаладан жаттықтырушылар келіп, «Шаңғы қоссайысы, тау шаңғысымен айналысқыларың келе ме?» — деп сұрады. Бұған дейін туған ағаммен бірге шаңғы теуіп, фристайлмен әуесқой спорт ретінде айналысқанмын.

Туып-өскен өлкем — Табаған. Бұл жердің табиғаты ерекше сұлу әрі шаңғы тепкенге қолайлы. Балалардың көбі мұнда осы спортпен айналысады. Мен де экстремал бала болған тәріздімін (күліп).

Ең алғаш трамплиннен секірген кезім есімде. Ең кішісінен, 20 метрліктен секірдім. Қорыққанымды жасырмаймын. Бірақ секіре-секіре үйреніп алады екенсің (күледі). Алғашында шаңғы жарысына 40 бала жазылды. Трамплиннен секіруге келгенде «осы жерден тоқтатайын» деп, үйіне қайтқандар да болды. Қазір менімен қатарлас 3 бала жаттығып жүр. Әрқайсымыздың ұялмай айтуға болатын жетістіктеріміз бар. Спорт шеберіне үміткермін. Биыл ҚР чемпионатында жүлделі екінші орынды иелендім.

Равиль Соцкий
©Baribar.kz

«Сабақ пен спортты үйлестіру оңай емес»

Республикалық спорт мектебінде жаттыға бастағанымда, мұндағы ағайлар мен апайлар спортқа икемім бар екенін айтып, жігерлендіріп қойды. Енді осы мектептің оқушысымын. Бірақ сабақ пен спортты қатар алып жүру оңай емес екен. Таңертең сағат 8-де Алматыдағы «Сұңқар» трамплиніне келеміз. Бұл уақытта имитация жасаймыз, жүгіреміз. Жаттығудан шыға сала, жатақханаға келіп, жуынып, киініп сабаққа келеміз. Бар күш-қуатыңды жаттығуға арнап тастаған соң, сабақтағы жаңа тақырыпты түсініп кету кімге де болсын оңайға соқпайды деп ойлаймын.

Күнде сабақтан шыққан соң сәл тынығып, қайтадан кешкі жаттығуға аттанамыз. Спорт мектебінен трамплинге дейін жаяу келгенді құп көремін. Осылайша күнделікті сағат тілі 17.00-ді көрсеткенде, Алматыға 60 метр биіктіктен қарап, шаңғымызбен төмен қарай құлдилап сырғанауды бастаймыз.

шаңғы, трамплин
©Baribar.kz

Әр секіргеннен кейін жаттықтырушыға барып, жасалған техникалық жетістіктер немесе қателіктер туралы сұрап отырамыз. Ол бәрін түсіндіріп береді. Қайтадан жоғарыға көтерілеміз. Бастапқыда бәрі қиын болатын. Ерте тұрудың өзі де оңайға соқпайтын. Уақыт өте бәріне үйреніп кеттім. Егер төккен теріңнен қандай да бір нәтиже шықса, кез келген қиын тапсырма жеңілдей бастайды.

Равиль Соцкий
©Baribar.kz

Шаңғышы болу үшін…

Мінез қажет. Жаттығу кезінде жақсы нәтиже көрсетіп жүргендер, жарыс уақытында өз-өзін жоғалтып алуы мүмкін. Менде мұндай қиындықтар болып көрмеді (жымиып). «Қалай өзіңе берік болуың керек?» деген сұрақтың жауабы тым қарапайым. Сен осы уақытқа дейін бар күшіңді, уақытыңды жұмсап, жаттықтың. Енді есесін қайтару керек емес пе? Жеңіске жетіп қуанбайсың ба? Сенің еріккеннен спортпен шұғылданып жүрмегеніңді қалайша басқаларға дәлелдемейсің?! Бастысы, өзіңе сену. Ол үшін шынайы еңбектену керек.

2022 жылы Бейжіңде өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына қатысамын деген үміттемін. Ол үшін маған 90 метрлік трамплиннен секіру керек, әрі құстай жылдам болуым қажет. Бұл менің қолымнан келеді деген сенімдемін.

Равиль Соцкий
©Baribar.kz

Осы уақытқа дейін спортты тастау туралы ойыма келмепті. Маған жылдамдық ұнайды. Ал ол шаңғы жарысында бар. Бұл спорттан болашағымды көремін. Өзімнен чемпионның болашағын байқаймын.

Әли Асқаров
Асқар Әли, 12 жаста. ©Baribar.kz

Үш жылдан бері Бесқайнарда шаңғымен айналыстым. Биылдан бастап Республикалық спорт мектебінің оқушысымын. Равильмен және ҚР чемпионы Мағжанмен бірге бір бөлмеде тұрамын. Равильдің маған жылдамдығы, өзін-өзі ұстауы ұнайды. Ол маған техникалық жағынан қалай жаттығу керек екенін үйретеді. Күнде бірге жаттығамыз, сабақты бірге орындаймыз. Бір-бірімізге бауыр сияқты жақын болып кеттік.

Әбен Қорлан, Равиль Соцкий
Әбен Қорлан, Равильдің жаттықтырушысы ©Baribar.kz

Шаңғы қоссайысына балаларды оқуға қабылдап, жарыстарға дайындаймын. Басты жанкүйерлерінің бірімін. Сол себепті дисциплинаны қатты талап етемін. Равиль, Мағжан, Әлиден жарқын болашақ күтемін. Олардың бұл спортқа қабілеті, икемі өзгеше. Равильге жеке тоқталсам, ол — қырсық бала. Айтқанынан қайтпайды. «Сен мұны дұрыс істеп жатқан жоқсың» деп айтсақ та, өзінікін жасайды. Қайсарлық Равильдің бойында бар, бұл — спортшыға қажет әрі ерекше қасиет. Ал Мағжан — жақында Ресейде өтетін әлем чемпионатына жолдама алған спортшымыз. Бірақ Равиль оны ҚР чемпионатында ұтып кеткен болатын. Бір-біріне мықты қарсылас.

Бір өкініштісі, егер қаржы жағынан қамтамасыз ете алмасақ, олардың әлем чемпионатына бара алмай қалуы әбден мүмкін. Осы уақытқа дейін ел ішіндегі жарыстарға Республикалық спорт колледжі, директорымыз Тшанов Амалбек Қозыбақұлы мырза қолдау көрсетіп келді. Алғысымызды білдіреміз. Бірақ мектеп спортшыларды түгелдей құрал-жабдықтармен қамтамасыз ете алмайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ресей спортшыларының әрқайсында бес шаңғы бар. Ал біз бір шаңғының өзін әрең табамыз. Қарапайым шаңғының сапасы кетпеу үшін жағатын майлардың (200 грамм) нарықтағы бағасы — 7000 теңге. Мұндай бағаны ата-аналардың қалтасы әрдайым көтере бермейді.

трамплин, шаңғы
©Baribar.kz

Балалар шынымен дарынды, тынбай жаттығады. Ұлттық құраманың қатарында да бар. Енді олар шетелдерге шығуы керек. Мағжан, Равиль, Әли — өз жастары бойынша Қазақстандағы бірінші нөмірлі спортшылар. Бірақ бұл спортшылар әлемдік деңгейдегі бәсекелестікті көруі керек. Сонда оларда өзгеше стимул пайда болады деген сенімдемін.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, фото авторы Айгүл Хожантаева

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.