Кішкентай кезімде жиі жұдырықтасатынмын

Муай тай — өте қиын спорт түрі. Аталмыш спорт түрінің негізін 2000 жыл бұрын Тайланд елінің тумасы Муай Боран есімді азамат салған. «Муай» термині «еркін жарыс» деген мағынаны білдіреді. Өйткені муай тайда жұдырықпен, табанмен, сирақпен, шынтақ және тіземен соққы беруге болады. Сондықтан, муай тайды «сегіз қол-аяқ сайысы» деп те атайды. Мұндайға екінің бірі шыдамайды. Ал бұл спорт шыдамдылықты талап етеді. Сонымен қатар, муай тайда жарақат жиі аласың. Басқа спорт салалары секілді жеңіл емес, ауыр жарақаттар көп болады.

Алғашқы жаттықтырушым Мейрам Ғалиев есімді ағайым. Ал қазір сол кісінің ұлы Ислам Ғалиевте дайындалудамын.

Кішкентай кезімде балалармен жиі жұдырықтасып қалатынмын. Балалықпен көп тентектік жасап, ата-анамнан жиі сөгіс еститінмін. Осы жұдырықтасу мені спортқа алып келді. Жалпы, өзім қиындыққа қарсы күрескенді жақсы көремін. Сондықтан болар, муай тай жаныма жақын.

Еламан Саясатов Болашақ Чемпион

Жарыс жолындағы жетістіктерім…

Алғаш рет муай тайдан жарысқа 4 сыныпта оқып жүрген кезде шықтым. Ағам үйге келіп, Атырауда қалалық турнир өтетінін айтты. Мен де сол турнирге қатыстым. Сенесіз бе, жарыстан бірінші орын алдым. Шынымды айтсам, сол уақытта медаль алғаныма қуандым. Негізі алғашқыда медаль үшін қатысқанымды жасырмаймын (күлді).

Биыл Белоруссия мемлекетінде өткен әлем чемпионатында қарсыласым Швеция елінің мықты спортшысы болды. Жекпе-жекке шығар алдында барлығы маған оның қолынан сақ болуымды ескертті. Алайда, ол сөзге мән бермедім. Нәтижесінде, бірінші раундта нокдаунға құладым (күлді). Айтқандай-ақ, қолмен құлатты. Құлаған сәтімде ішімнен «мен шынымен құладым ба?» деп ойладым. Бірақ, есімді тез жидым. Екінші раундқа шыққанда барымды салып төбелестім. Сөйтіп, ол жарақат алып, мен жеңіске жеттім.

Біз үшін Тай елінің спортшылары мықты қарсылас. Өйткені, олар муай тай спортынан ешбір елден ұтылып көрмеген.

Биыл Польша елінде үлкен жарыс додасы өтті. Мені үлкен салмаққа жазып қойыпты. Алғашқы қарсыласым Польша елінен болды. Алланың қалауымен қарсыласымды 3:0 есебімен жеңдім. Екінші кездесуде ресейлік спортшымен шықтым. Көбі жеңетініме сенбесе де, мен оны да ұттым. Ал финалда испандық спортшымен кездестім. Техникасы да, өзі де мықты спортшы болғанын мойындаймын. Өйткені, ол маған дейін тайландтық нөмері бірінші спортшыны ұтты. Жекпе-жекке шығар алдында аяғымды қатты жарқаттап алып, оған қоса белімді ауыртып алдым. Сол себепті кездесу өте ауыр өтті. Шаршы алаңда әнұранымды айтып, жеңіске жетуді ғана ойладым. Ойым жүзеге асып, қиналсам да жеңіс тұғырынан көріндім.

Еламан Саясатов Болашақ Чемпион

Жиі қолданатын әдісім — тіземен тебу

Елімізде муай тайға жақсы жағдай жасалған. Қазақстан чемпионы болған спортшыға арнайы жалақы қояды. Бұл дегеніміз керемет мүмкіндік қой. Бірақ еңбектену керек. Себебі Қазақстан чемпионы болу оңай емес.

Муай тайдан өзге күресті жақсы көремін. Жиі қолданатын әдісім — тіземен тебу. Қарсыласымды осы әдіспен шаршатып, әрі қарай аяқ-қолмен шабуылға көшемін.

Жарыста жеңіс пен жеңіліс алма кезек жүреді. Мұның бәрін көңілге жақын алмай, тек тәжірибе деп қабылдау керек.

Арманым — «Түнгі студияда» қонақ болу

Спортшының бір күні әдетте таңғы жаттығудан басталады ғой (күліп). Түсте уақыт болса демалып аламын. Сосын қайтадан жаттығуға барамын. Бізге денені үнемі қозғалыста ұстау керек. Әйтпесе, бұлшық етіміз қатып қалады. Соның кесірінен жекпе-жекке шыққан кезде бір жерді оқыс жарақаттап алуымыз да мүмкін.

Еламан Саясатов Болашақ Чемпион

Негізі қай істе де қолдау болмаса қиын. Ал менің жетістіке жетуіме ата-анамның артқан сенімі әсер етті. Сол үшін де, ата-анама айтар алғысым шексіз. Осы кезге дейін алтын уақыттарын бөліп, мені түрлі жарыстарға дайындаған Мейрам Ғалиев, Ислам Ғалиев,  Бағытжан Мұхаметалиев, Нұрберен Әміржанов, Елхан Аманқұлов есімді ағайларыма рахмет айтамын. Сонымен қатар муай тай спортының Президенті Фархат Аманқұлов ағайға алғысымды білдіргім келеді.

Муай тайдан 3 дүркін әлем чемпионы болуды армандаймын. Осы спорт түрінен Қазақстанды әлемге танытқым келеді. Сосын… Бала кезгі арманым «Түнгі студияда» қонақ болу (күлді). Сондай-ақ, муай тайға жастардың қызығушылығын ояту мақсатында өмірбаяндық кино түсіргім келеді.

Жетістіктері:

  • Муай тайдан 7 дүркін Қазақстан чемпионы;
  • Жастар арасында Еуропа және Әлем  чемпионы (2013,2014);
  • Ересектер арасында Еуропа чемпионы (2014);
  • Ересектер арасында Әлем чемпионатының 2 дүркін күміс жүлдегері (2016,2017)
  • Ересектер арасында Ү жазғы Азия жағажай ойындарының күміс жүлдегері (2016);
  • Ересектер арасында Азия жекпе-жек түрлері ойынының күміс жүлдегері (2016)
  • Ересектер арасында Әлем ойындарының чемпионы (2017)

Сұхбаттасқан Айзада Жайыққызы

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.