Фристайл – жастар арасындағы жаңа мәдениет

«Фристайл» сөзінің өзі ағылшын тілінен аударғанда «еркін стиль» дегенді білдіреді. Футбол фристайлын қазақша «доп тебу мәнері» деген дұрыс шығар. Көпшілік фристайлды футболмен, кейде цирк өнеріндегі трюктермен шатастырып жатады. Ал менің ойымша, фристайл көше өнеріне жақын. Оның түп-тамыры көшедегі еркін өнерде жатыр.

Мен Фристайлды спорттың бір түрі деп емес, жастар арасындағы жаңа мәдениет деп есептеймін

Мен қалай «Пиноккио» атандым?

Мені әкем 12 жасымда, доп тебуден мүлде хабарым жоқ кезде футболға берді. Ол уақытта Қарағанды қаласында тұратынмын. Басында доп тебу техникасын меңгере алмай біраз қиналдым. Бірде жаттықтырушы ағайым менің дәрменсіздігіме қатты ашуланып допты бар күшімен аспанға теуіп жіберді де, «қағып ал» деп бұйырды. Ол кезде 13 жаста едім. Допты қағып ала алмадым. Қатарластарымның алдында ұятқа қалғаныма налып, қатты ұялдым. Командадағы балалардың бәрі мені «Пиноккио» деп мазақтайтын болды. Ертегідегі бұл кейіпкер туралы бәрі білетін шығар. Мен өзімді қоғамда ешкімге керексіз, қабілетсіз адам сезіндім.

Осы оқиғадан кейін күндіз-түні допты қағып алудың түрлі тәсілдерін меңгере бастадым. Футболшы Роналдудың видеоларын көріп, өз бетімше үйрендім. Ол кезде ғаламтордың қатты дамымаған кезі. Іздеп жүріп, сұрап жүріп, мүмкіндік болған жағдайда футболшылардың түрлі доп тебу тәсілдерін қарадым. Бірте-бірте менің мақсатым қақпаға гол соғу емес, доппен өнер көрсету екенін түсіндім.

Фристайлшы

18 жасымда футболмен қош айтыстым

2008 жылы фристайлмен таныстым. Өзім үйренген доп тебу мәнерінің ермек емес, өнер екенін білдім. Осылайша, футболға деген, өмірге деген көзқарасым бірден өзгерді. 18 жасымда футболмен қош айтысып, фристайлға түбегейлі бет бұрдым.

Қарағандыда мектепті бітірген соң, Алматы қаласына келіп, колледжге оқуға түстім. Үлкен өмірге аяқ басқан соң, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуға, қалағаныма қол жеткізуге мүмкіндік ашылды.

2012 және 2013 жылдары фристайл спорты бойынша Қазақстан чемпионатын жеңіп алдым. 2014 жылы Азия чемпионаты Малайзияда өтті. Бұл чемпионатта ТОП-8-дің қатарынан көріндім. Кейінгі чемпионаттар Индонезия, Вьетнам елдерінде болды. Бұл байқауларда ТОП-32-ден түсіп көрген жоқпын.

Әскерде де доп тебуді доғармадым

2016 жылы 4 мамыр күні мені әскерге шақыртты. Әскерде жүргенде де доп тебуді доғармадым. Алғашында тек мерекелік шараларда өнер көрсетіп жүрдім. Кейін рұқсат сұрап алып, күніне 1,5-2 сағат жаттығып жүрдім.

Фристайлшы

Фристайл көше бұзақыларының ермегі емес

Қазақстандағы футбол фристайлын қазір әлемге танытып жүрген тұлғалар бар. Астана, Алматы, Орал сияқты басқа да қалаларда фристайлмен айналысатын өнерлі жастар көп. Біз үнемі байланыстамыз. Алайда, Қазақстанда фристайлға көп көңіл бөлінбейді. Мұны тек ермек, көше бұзақыларының ісі деп есептейді.

Қамбар Мұстафин – Skillers Crew фристайл мектебінің негізін салушы

Өз қызығушылықтарымызды дамытып, өзгелерге үйрету үшін павлодарлық досым Диас Ақынжанов екеуміз Алматы қаласында Skillers Crew фристайл мектебін аштық. Қазір мектебімізде 7 оқушы доп тебу өнерін үйренуде. Бір қызығы, олардың екеуі қыз бала.

Алғашқы сабақты тегін өткіземіз. Әрі қарай сабақ кестесін қойып, білгенімізді үйретеміз. Он екі реттік сабақ курсы он бес мың теңге көлемінде. Егер адамдардың доп тебу өнеріне деген қызығушылығы бар болса, біз жас талғамаймыз. Кез келген адамның доппен ойнауға құқығы да, қабілеті де бар деп ойлаймын. Алматы қаласы бойынша басқа фристайл мектебі жоқ.

Санжар Бекенов есімді продюсер досым біздің өнерімізді видеоға түсіріп, монтаждап, керемет туындылар жасап берді. Осы арқылы өз имиджімізді қалыптастырып келеміз.

Фристайлшы

Кез келген футболшы фристайлшы бола алмайды

Қоғамда фристайлға жеңіл-желпі қарайтындар көп. Фристайлмен айналысу еріккеннің ермегі, барлық адам доп тебе алады деген пікір қалыптасқан. Футболға қызықпайтын ер азаматтар бірен-саран шығар. Олардың бәрі дерлік доп тебе алады. Футбол ойнап, демалып, тынығады. Бірақ, олардың ешқайсысы доп тебудің әдемі техникасын меңгеріп, мәнермен тебе алмайды. Доппен өнер көрсету, түрлі тәсілдерді орындау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Ол ұзақ дайындық пен тәжірибе арқылы келеді.

Кез келген адам футболшы бола алады, алайда кез келген футболшы фристайлшы бола алмайды

Бізге алаңның, жаттықтырушының, ереженің керегі жоқ

Футболшылар арнайы алаңдарда жаттығады. Бұл олардың міндеті. Күн сайын белгіленген мөлшерде жаттығу, белгілі бір уақытта тамақтану, дайындық жүргізу керек. Ал фристайл — еркін стиль. Жаттығу үшін бізге алаңның да, жаттықтырушының да, қатаң тәртіптің де керегі жоқ. Күн сайын өзіңнің қалауыңа қарай жаттығасың. Фристайл міндет немесе жұмыс емес, ол өнер туындысы, хобби.

Қазақстанда көшеде доп тебуді өнер деп емес, бұзақылық деп санайды

Бізді көп адамдар түсінбейді. Әсіресе, күзетшілер мен тәртіп сақшылары бізді қас жауларындай көреді. Қазақстанда көшеде доп тебуді өнер деп емес, бұзақылық деп санайды. Көпшілік адамдар біздің өнерімізді тамашалағысы келеді. Біздің де шоу көрсеткіміз келеді. Біздің өнерімізді суретке, видеоға түсіріп, алғыстарын айтып жатады. Арбат, Мега, Достық сияқты ойын-сауық орындарында, басқа да жастар көп жиналатын жерлерде өнер көрсетіп жатқанда, аталған күзетшілер мен тәртіп сақшылары бізге кедергі келтіреді. Әрине, біз келіспеушілік пен даудан қашамыз. Бірақ, бұл біздің өнерімізге жасалған әділетсіз қастандық деп түсінемін. «Мына жерде доп ойнауға болмайды» деген заң қайда жазылыпты? Еш жерде жоқ! Ал бізге артық қиындықтың қажеті жоқ болған соң бәрін бейбітшілікпен шешіп, мойынсұна саламыз.

Роналдуды үлгі тұтамын

Футбол әлемінде Криштиану Роналду мен Зинедин Зиданды үлгі тұтамын. Білесіз бе, оларға да қоғамның көзқарасы түзу болмаған. Бірақ олар өздерінің мықтылығын дәлелдеп, әлемге танымал тұлғаларға айналды. Сондықтан олардың өнері де, өмірі де үлгі аларлықтай деп ойлаймын.

Фристайлшы

Өмірімнің бәрі фристайлмен байланысты

Қазір көлік компаниясында қызмет етемін. Теміржол университетінің соңғы курсын сырттай оқып жатырмын. Себебі, былтыр әскерге кеткендіктен, оқудан академиялық демалыс алғанмын. Колледжді қызыл дипломмен бітіргенмін. Бірақ оның мен үшін маңызы жоқ. Өмірдің мәні креслода отырып, беделді болу емес, сүйікті ісіңмен айналысып бақытты болуда деп білемін.

Ата-аналарымыз өмірдің, білімнің, баланың құнын қызыл дипломмен өлшемесе екен…

Менің фишкам — фристайл

Мені достарым, әріптестерім өнерім үшін бағалайды. Көлік компаниясына мамандық бойынша жұмысқа орналасуыма да осы өнерім көмектесті. Әркімнің өзінің фишкасы болады. Менің фишкам – фристайл. Менің Қамбар деген есімімнің өзі фристайл деген ұғыммен егіз сияқты. Болашағымды фристайлсыз елестете алмаймын. «Ол саған нан тауып бермейді» деген өтірік сөз. Еңбекпен, махаббатпен тапқан наннан ғана ләззат алуға болады. Қалғанының бәрі бос сөз.

Сұхбаттасқан Дана МАРАТОВА, суреттер Айгүл ХОЖАНТАЕВА

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.