Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліпбиіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Осы орайда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жас Отан» Жастар қанаты Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Еркін пікір» дискуссиялық клубының кезекті отырысы өтті.
«Еркін пікір» дискуссиялық клубы — бұл барлық қатысушылардың өз пікірлерін ортаға салып, көзқарастарын білдіруге мүмкіндік жасайтын алаң. Еркін алаңға облыстағы тіл саласының мамандары, журналистер мен жастар ұйымдарының өкілдері, сонымен қатар «Елім менің» коалициясының мүшелері шақырылды.
Дискуссиялық клубтың басты қонағы — Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Болат Жексенғалиев болды
Сөз жоқ, Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – ел дамуының тұтас бір кезеңінде біз басшылыққа алатын ұстанымдар мен тұжырымдар жинақталған, ел ертеңіне, ұлт болашағына деген сенімді күшейте түсетін тарихи құжат. Латынға көшудің уақыты туды. Маңыздылығы, қажеттілігі жағынан, мүмкін тілдің бүгіні ғана емес, болашағы үшін де бірегей, басты мәселе – ұлттық әліпби туралы бағдарламада айтылған тиянақты ой қоғамда үлкен қызығушылық тудырды, өйткені әліпби тақырыбы ұлт зиялыларының көптен күткен әңгімесі еді, — деді Б.Жексенғалиев.
Қажығалиева Тұрсынай, «Елім менің» коалициясының мүшесі: Латын әліпбиіне көшу секілді маңызды мәселелердің халыққа түсінікті болуы, әрі жылдам таралуы жастарға тікелей байланысты. Мен де жаңа әліпбиді қолдаймын. Бүгінгі еркін алаңда көптеген ұсыныстар айтылды. Жаңа әліпбиді халыққа тез сіңіру жөніндегі тың ойларымызбен бөлістік. Осы алаңға келген жастардың көпшілігі бұл мәселені түсінген және оны қолдауға дайын екендігін білдірді, — деді.
Отырыс қорытындысы бойынша әлеуметтік желілердегі топ атаулары мен қолданушы атауларын латын әріптеріне ауыстыру, офлайн режимде қызмет ететін ыңғайлы конвертер ойлап табу, тіл мамандарының ұсынысымен жастар мен ересек топтарды оқытатын арнайы кешенді курстар жүргізу бастамасы көтерілді.