Басты бетЖаңалықтарҚордай аймағындағы...

Қордай аймағындағы ауылға Назарбаевтың анасының есімі берілмек

Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің ресми сайтына осы аудандағы Қасық ауылдық округінің атауын «Әлжан ана» деп өзгерту туралы тұрғындар жиынының хаттамасы шықты. Онда «Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Жатқанбаева Әлжан Бұқарбаевнаның 1910 жылы Қасық ауылында молда отбасында туғаны» жазылған.

Хаттамада жиналыста сөйлеген адамдардың сөздері берілген. Мәселен Тұрысбаев деген тұрғын «Бүкіләлемдік «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі, еліміздің қазіргі жетістіктері, халықтар достығы президенттің ерен еңбегінің арқасы. Халқымызға ұлы тұлғаны сыйға тартқан ананың атын ауылымызға беру идеясын қолдаймын» деген.

Еділбаева деген тұрғын «Әлжан ананы білемін, ол кісінің есімін ауылымызға берсе, бақытты болар едім» деген. Қалбаев атты тұрғын «көпшіліктің ауыл атауын өзгерту идеясын қолдайтынын» айтқан.

Хаттамаға басқа да тұрғындардың қолдау сөздері тіркелген әрі жиналысқа келген 1306 адамның барлығы қолдап дауыс бергені, қалыс қалғандардың болмағаны жазылған. Хаттаманың соңында жиналыстың «Қасық ауылдық округіне кіретін Қасық ауылының атуын «Әлжан ана» деп өзгерту» туралы шешім қабылдағаны жазылған.

Осы құжаттан Қасық ауылында 776 үй бар екенін, 4370 адам тұратынын білуге болады. Жиналыс қыркүйек айының 9-ы күні өткен.

Облыстық мәслихат қызметкерінің айтуынша, ауыл атауын өзгерту туралы шешімді әділет департаментінде тіркеу жұмысы ғана қалған.

ДереккөзCentralasian.org